Байқау

Үздіктер қара үзді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Алаш қайраткерлері Ә.БӨКЕЙХАН, Ә.ЕРМЕКОВ және Ж.АҚБАЕВТЫҢ мерейтойына арналған «Алашорда мемлекеті және Тәуелсіз Қазақстан» атты байқаудың қорытындысы жарияланды.

Ел Тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси еңбегін бағалау және қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында ұйымдастырылған байқауға Қазақстаннан ғана емес, шетелдерден де қатысқан екен. Аталған шараға 90-ға жуық үміткер қатысып, олардың 24-і жүлдеге ие болды. Қазылар алқасының құрамында болған «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Рамазанова және Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми сараптамалық тобының мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың археология, этнология және тарих кафедрасының доценті Нұрсахан Бейсенбекова жеңімпаздарды марапаттап, ақшалай жүлдені табыс етті.

Жүлдегерлер үш номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаевтың өмірі мен еңбектерін зерттеуде «Үздік ғылыми жоба» номинациясы бойынша №30 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Олжас Нұртай І орынға ие болды. Ал, Ресей федерациясы, Астрахан облысы, Нариманов қаласының «Жолдастық» аудандық кеңесінің мүшесі, педагог Ақсұлу Икалиева және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Әсем Сарыбаева ІІ орын жеңімпазы атанды. Аталған номинация бойынша «Солтүстік Қазақстан облысы «Радзима» Беларусь мәдени орталығы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мария Татаренка, Қарағанды қаласы №9 гимназияның 10-сынып оқушысы Арина Ратникова, №30 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Әнуар Аханов пен Теміртау қаласы тарихи-өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Гүлім Сыздықова және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ІІ курс студенті Наргиз Байғазиева ІІІ орынға табан тіреді.

Сонымен қатар, «Үздік ғылыми жоба» номинациясы бойынша қатысқан философия ғылымдарының кандидаты Фарида Саттароваға арнайы жүлде берілді.

«Үздік бейнеролик» номинациясы бойынша «Saryarqa aqparat» медиахолдингі жаңалықтар және интернет бөлімінің Бас редакторы Аяжан Кеңесбек І орынға ие болды. Ал, Шахтинск қаласының «ZTB.KZ» онлайн басылымның редакторы Нұрсейіт Советов, облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Айгүл Омарова ІІ орын жеңімпазы атанса, ІІІ орын Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайының экскурсия жетекшісі Елена Пыстина, Қарағанды қаласы №73 орта мектептің 7-сынып оқушылары Александра Кривая мен Марина Утинаға, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Дильназ Серікова мен М.Жұмабаев атындағы гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, информатика ғылымдарының магистрі Сәтжан Омаров пен физика пәні мұғалімі Жанар Дошакова және Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің экскурсоводы Сағат Қалиасқаровқа берілді.

«Үздік публицистикалық мақала» номинациясы бойынша «Ұлытау» дебат клубының жетекшісі, «Астана дарыны» сыйлығының иегері Ержан Еңсебайдың мақаласы үздік деп танылды. Ал, ІІ орын әріптесіміз, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Әдебиет Жұманов және облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Әсел Жетпісбаеваға берілді. Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенті Райжан Сейткерей, Балқаш қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің мұғалімдері Гүлнар Тайкенова мен Эльмира Әйтімбетова және Солтүстік Қазақстан облыстық «Коперник» поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары Валентина Корнева ІІІ орын жеңімпазы атанды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button