Спорт

Үздік үштікке оралды

19-20 желтоқсанда қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы Атырауға қонаққа барып, «Бейбарыс» командасымен екі ойын өткізді. Бірінші ойында жерлестеріміз алаң иелеріне 4:2 есебімен ұтылды. Екінші ойында 0:1 есебімен ұтты. Енді, қорытынды ойын 27 желтоқсан күні «Қарағанды аренада» өтеді.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бірінші ойында алаң иелері шабуылға лап беріп, аз уақыт ішінде есепті ашқан еді. Бұл шайба «Сарыарқа» тактикасын күйретті десек те болады. Қырандар есеңгіреп қалды. Бірақ, Александр Конновтың жойқын соққысының арқасында таразы басы теңескен. Қарсылас болса, қарымта шабуылда ұтымды ойнап, алға шықты. «Сарыарқа» сапындағы Кирилл Полохов есепті тағы да теңестірді. Осы шайбадан кейін екеуара жылдам шабуылдармен алмасты. Дегенмен, атыраулық команда прессингті де, қарқынды да күшейтіп, қатарынан екі шайба соқты. Ойын соңына қарай қарағандылықтар қақпашыны алып тас­тап, алтыншы шаубылшыны алаңға шығарған еді. Бірақ, бұдан ешқандай нәтиже шықпады.

Екінші ойын басқаша өрбіді. «Сарыарқа» бұл жолы барынша сақ ойнады. Бірінші ойындағыдай шабуылға көшкен жоқ. Дегенмен, ойынның басында бірінші матчтағыдай жылдам шайбаны жіберіп ала жаздады. Алаң иелері тактикалық шабуылдарын ұйымдастырды. «Сарыарқа» қақпашысы Данил Кадочников қақпасын қорғай алды. «Сарыарқа» тарапынан осы кеште мүлдем басқа сценарий дайындалды. Бірінші кезеңде жерлестеріміз екі ойыншыға артық ойнады. Екеуінде де шайба соқпады.

Екінші жиырма минутта да бір ойыншыға артық ойнаған еді қонақтар. Қонақтар алаң иелерінің бұл қателігін пайдалана алған жоқ. Кезең бойы «Сарыарқа» айтарлықтай ойын өрнегін көрсетті. Ал, «Бейбарыс» тек қарымта шабуылдармен шектелді. Үшінші кезеңде қос команда алаңға 0:0 есебімен шықты.

Үшінші кезең де «Сарыарқаның» дегенімен өтіп жатты. Мұз айдындағы нүктеде өткен қарбалас сәтте қарағандылықтар шайбаны тартып алып, жақын орналасқан қарсыластың қақпасына дәл бағыттай алды. Гол авторы – Евгений Королинский. Бұл шайбадан кейін атыраулықтар шабуылға бас қойды. Тіпті, «Сарыарқа» қорғаныс кезінде екі рет ереже бұзып, бір ойыншыға кем ойнады. Әлбетте, бір ойыншының жоқтығы қорғаныс шебінде біршама қиындықтар туғызды. Бірақ, есеп өзгерген жоқ. Сөйтіп, есеп 0:1 есебімен аяқталды. Осы жеңістен кейін Владимир Князевтің шәкірттері чемпионат кестесінің үздік үштігіне жайғас­ты.

– Бірінші ойында өз қателігімізден ұтылдық. Жігіттер біз қойған тапсырманы орындамады. Қарсыласымыз қапы қалмай, бізді жазалады. Гол соғу мүмкіндігі болғанымен, біз өз сәттерімізді жүзеге асырмадық. Бүгін олар қорғанысқа қысым жасады, – деді «Сарыарқа» хоккей клубының бас бапкері Владимир Князев.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button