Байқау

Үздік әдістеме – біліктілер байқауы

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының ұйымдастыруымен латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле ережелерін үйретудің үздік әдістемесін анықтау мақсатында Ахмет БАЙТҰРСЫНОВ атындағы «Үздік әдістеме» атты облыстық байқауы өткізілді.

– «Үздік әдістеме» облыстық байқауы шығармашыл және өзіндік идеясы бар, әдістемелік шеберлігі зор, кәсіби әлеуеті жоғары оқытушыларды таныту, ынталандыру, латын негізді қазақ тілінің емле ережелерін меңгертудің жаңашыл әдіс-тәсілдерін, озық үлгідегі педагогикалық тәжірибелерді анықтау мақсатында өткізіліп отыр, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жанындағы Ресурстық тіл орталығының директоры Мөлдір Смағұлова.

Байқаудың іріктеу кезеңінде комиссия мүшелері 16 үміткерден келіп түскен жұмыстарды тексеріп, олардың арасынан 7 үміткер келесі кезеңге өтті. Қорытынды кезеңіне Қарағанды, Балқаш, Саран, Жезқазған қалаларынан және Осакаров ауданынан келген оқытушылар мен мұғалімдер қатысты. Олар озық үлгідегі педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, жаңа әдіс-тәсілдермен ашық сабақ өткізді. Комиссия мүшелері әр мұғалімнің сабағын мұқият қадағалады.

Облыстық байқауда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті, ф.ғ.д., Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық жұмыс тобының мүшесі Мархаба Тұрсынова, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ профессоры, ф.ғ.к., Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі Бақыт Айтбаева, сонымен қатар, №6 ЖОББ мектептің директоры Мұратбек Сүлейменов, «Qaz Лингва» орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова және 2020 жылғы «Үздік әдістеме» облыстық байқауының жеңімпазы Береке Жарылғапова қазылық етті.

Байқау соңында шығармашылық қабілеті мен әдістемелік әлеуетінің жоғарылығын көрсеткен оқытушылар мен мұғалімдер марапатталды. І орын әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Тойымбековаға берілді. Ал, Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Бақыт Нукич ІІ орынға ие болды. ІІІ орын Осакаров ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері, №1 тірек мектебінің мұғалімі Райхан Балтабаеваға бұйырды.

Балқаш қаласы Тілдерді дамыту орталығының әдіскері Алина Азияға, Жезқазған қаласы «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ақгүл Ошағановаға және Қарағанды қаласы М.Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орден Сұрағанға Алғыс хат табысталды.

Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, ғалым Мархаба Тұрсынова жетілдірілген әліпбиді заң жүзінде енгізу үшін алдымен көпшілік әліпбимен таныс болуы қажет дейді.

– Латын әліпбиі ереже түрінде толыққанды бекітілмесе де, біздің тарапымыздан насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетілдірілген әліпбидің ұлттық комиссияда мақұлданғанына да бір жылдай уақыт болды. Бірақ, әлі заң жүзінде бекітілмеді. Бұл нені көрсетеді? Ең алдымен, халық осы әліпбимен танысып, білуі, меңгеруі қажет. Әліпбимен қоса оның емле ережесі де бекітілуі керек. Сол себепті, осындай байқаулар ұйымдастырылып отырады. Мұғалімдердің оқушыларға латын әліпбиін қалай меңгертуге болатынын өзіндік әдіс-тәсілдерімен көрсетіп, ашық сабақ түрінде беруі – латын графикасын меңгерту жөніндегі насихаттың бір түріне жатады деп есептеймін, – деді Мархаба Ахметқалиқызы.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button