Kazakh Tourism «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша үздік туристік бес ауылдың тізімін жариялады. Нәтижесінде, Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылы туристер үшін ең үздік ауылдардың қатарына енді.
Kazakh Tourism мәліметінше, облыс әкімдіктеріне байқауға өңірден үш ауылды ұсынуға мүмкіндік берілген. Қатысушыларды іріктеу кезінде табиғи және мәдени ресурстарға, елдімекендердегі дәстүрлі қызмет түрлерінің сақталуына ерекше көңіл бөлінді. Байқау қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы анықталған.
Деректерге сүйенсек, бүгінгі Шабанбай би ауылы 1928 жылы Тоқырауын ауданы, Шылым ауылы болған. 1930 жылы, Қоңырат ауданы, Амангелді селолық советі болып өзгерген, яғни Амангелді селолық кеңесі болып аталса, 1963 жылы құрылымы өзгеріп, Ақтоғай селолық округі, Қаратал совхозы болып өзгертіледі. Мұнан соң, 1994 жылы 5 қаңтардағы халықтың жалпы жиналысының №1 хаттамасы негізінде Қаратал совхозы Шабанбай би селолық округі болып қайта өзгертіледі. Осы жылдан бастап, Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылдық округі, Шабанбай би ауылы.
– 2009 жылы жеті қонақ үйі тіркелген. Олардың бірі – 2014 жылы салынған «Сұлутас» қонақ үйі. Жетекшісі – Раушан Дүйсенбекова. Ауылға айына 15-20 турист келеді. Ал, қысқы уақытта 2-3 адамнан ғана келеді. Жылына 200-220 турист қабылданады. Шетелдіктер ғана емес, қазақстандықтар да келіп, қонақ үйлерге тоқтайды. Бұл маңның табиғаты өте сұлу. Тарихи орындар да баршылық. Дауыс беру жабық түрде өткен. Сондықтан, қандай критерийлерге сүйенгенін дөп басып айта алмаймыз, – деді Шабанбай би ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы Мейрамгүл Қапашова.
Сонымен қатар, байқау қорытындысы бойынша Лепсі (Жетісу облысы, Алакөл ауданы), Нағи Ілиясов (Қызылорда облысы, Сырдария ауданы), Хан Ордасы (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы), Поперечное (Шығыс Қазақстан облысы, Риддер ауданы) үздік деп танылған. Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) өткізетін UN Tourism Best Tourism Village халықаралық байқауында елімізді таныстырмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»