Зарқын ТАЙШЫБАЙ: «Мемлекеттің әрбір табысында журналистің үлесі зор»
Төртінші билік өкілдері төрге озатын төл мерекеміз қарсаңында «Арқа журналистерінің атасы» атанған белгілі ғалым, публицист, Қазақстанның Құрметті профессоры Зарқын Сыздықұлы ТАЙШЫБАЙ ағамызға құттықтау үшін ғана хабарласып, зерделі жанның зерлі әңгімесіне қарық бола қалғанымыз… Жалпы, Зарқын ағаны Арқа жұртына тәптіштей таныстырып жатудың өзі артық. Қалам ұстаған қауымның да, көзі қарақты оқырманның да қадірлісіне айналған ағамен болған әңгімемізді қаз-қалпында назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
– Зарқын аға, ұлт баспасөзі тарихын зерттеуші ретінде сұхбатымызды қазақ баспасөзінің өткені мен бүгініне шолу жасаудан бастасақ…
– Иә, мен тарихшы ретінде әуелгі зерттеулерімді қазақ баспасөзінің тарихын зерделеуден бастадым ғой. Ол кезде ҚазМУ-де журналистика мамандығы бойынша екі-ақ кафедра болған. Біреуі – «Партиялық совет баспасөзінің теориясы мен практикасы», екіншісі – «Қазақ журналистикасының тарихы» деп аталған. Соңғысының меңгерушісі – профессор Қайыржан Нұрқожаұлы Бекхожин еді. Кезінде «Дала уәлаяты» газетінің тарихынан кандидаттық қорғап, «Қазақ баспасөзінің пайда болуы мен дамуы» деген монографиясы үшін доктор болған жалғыз профессор еді ғой. Сол кісінің назарына ілігіп, «Рақымжан Дүйсенбаев – журналист» деген тақырыпта диплом қорғадым. Кейіпкерім – Қарқаралы тумасы, қазақтан шыққан алғашқы журналистердің бірі. «Дала уәлаяты» газеті жабылғанша – 1902 жылға дейін қызмет еткен. Кейін «Алаш» партиясының тізіміне енген, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымын құрып, Сәкен сияқты жастарды Ресей монархиясына қарсы күреске тартқан, «Тіршілік» деген газет ашып, қазақтың көзін ашқан, өте білімді қаламгер болған. Рақаң туралы ҚазМУ-дің ғылыми журналында тұңғыш рет мақала жазып, 1971 жылы жарияладым. Мен ол кезде журналистика тарихы кафедрасының аспиранты едім, жетекшім – профессор Қайыржан Бекхожин.
Реті келіп тұрған соң айта кетейін, Қайрекең Баянауылдың тумасы, сүйіндік ішіндегі қожалардан болады. Отызыншы жылдары КИЖ (қазақ журналистер институты) деген үш жылдық мектеп болған, соны бітірген, Павлодар облыстық газетінің редакторы болған, ұлы сүргін кезінде 1937 жылы үш айдай түрмеде де отырып шыққан. Жуас, биязы, ақырын ғана сөйлейтін. Бірақ, қазақтығы, мұсылманшылығы берік болса керек, «сен арабша оқып-жазуды үйреніп алсаң, артық болмас еді», – деді бір сөз арасында. «Неге? Оның қажеті қанша?» деп мен де сұраған жоқпын. Сөйтіп, өз бетіммен хат танып, араб әліпбиімен жазылғандарды ежіктеп оқуға жарадым, өз бетіммен үйреніп. Диплом жұмысына тақырып таңдатқанда: «Рақымжан Дүйсенбаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп көрші. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби деңгейдегі журналист қой. Патша заманында қуғын көрген. Саяси қылмыскер ретінде 1905 жылы Архангельскіге жер аударылған. Өзің арабша оқи білесің. Ленинградта «Дала уәлаятының» тігінділері түгел сақталғанын Үшкөлтай Сүбіханбердина айтып келді», – деп, мені алғаш рет ғылым жолына, алаштану жолына салды. Өзі жасай алмай кеткен істі жалғастырса деп сенсе керек, марқұм…
Кешіріңіз, өзім туралы емес, ұстазым туралы көбірек айтып кеттім және жаңылып отырған жоқпын. Қазақ журналистерін даярлауда баға жетпес еңбегі бар Қайрекеңе елімізде лайықты құрмет көрсетілмегеніне өкінеміз. Үлкен ғалым, ірі жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай ағаң «біз – Қайыржан Бекхожиннің шәкірттеріміз», – деп, мені қосып айтып, есіне алып жүреді.
«ХІХ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басындағы қазақтың демократ-журналистері» деген тақырыпты ерте зерттедім. Бұл тақырып Алаш қайраткерлеріне соқпай кетпейді ғой. Кеңес заманында бұл жағы жабық. Сондықтан, партиядан ескерту алып, тақырыпты өзгертуге тура келген. «Абайтанудың революцияға дейінгі қайнар-көздері» деп диссертация қорғадық қой.
Жалпы, қазақ баспасөзінің тарихы осы Рақымжан Дүйсенбаев секілді тұлғалардан бастау алатынын айтқым келгені де…
– Кезінде өзіңіз қызмет істеген, биыл жарық көргеніне 90 жыл толып отырған «Орталық Қазақстан» газетін жеке мектеп деп қарастыра аламыз ба?
– Тоқсан жыл демекші, екі мәселенің басын ашып алайық. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтар патша заманында Ақмола облысына, 1917 жылдан кейін Сібір ревкомына қараған. 1919 жылы Сібір ревкомы атынан Омбыда «Кедей сөзі» газеті шыға бастайды. Бұл газетті қалыптағандар – Мағжан Жұмабай бастаған қазақ зиялылары. Яғни, ХХ ғасырдың басында қазіргі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының қазақтары көрген алғашқы қазақ газеті осы – «Кедей сөзі». Арқа дегеніңіз осы ғой. Оңтүстікке қарай ол кезде Түркістан автономиясы.
1921 жылы Ақмола губерниясы құрылғанда «Кедей сөзі» газеті 19 наурыздан бастап, «Бостандық туы» деген атпен шыға бастаған. Мағжан Жұмабай бастаған редакция құрамы, баспаханасымен бірге 1921 жылғы мамырдың 10 жұлдызында Қызылжарға көшіп келген. Содан 11 жыл бойы Ақмола губерниялық газеті саналады, 1932 жылдан 1936 жылдың кезіне дейін Қарағанды облыстық газеті «Бостандық туы» Қызылжар қаласында шығып тұрған. 1931 жылы Қарағанды көміршілері мен шахта салушылары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін «Қарағанды пролетариаты» деген атпен Қарағанды кенішінде газет шыға бастайды. 1934 жылы ол қалалық партия-совет газеті болып өсті. 1936 жылы Қарағанды облысы екіге бөлінді, облыстық «Бостандық туы» Қызылжарда қалады да, «Қарағанды пролетариаты» газетіне облыстық мәртебе беріледі. Сонда, қалалық «Қарағанды пролетариаты» есейіп, «өз төлінен өсіп» дегендей, 1938 жылы «Советтік Қарағанды», 1963 жылдан «Орталық Қазақстан» аталып, төлбасы ретінде, жасының 90 жыл деп саналуына, қарашаңырақ иесі ретінде толық негіз бар. Ал, «Кедей сөзі» жоғарыда аталған төрт облыстағы үлкенді-кішілі қазақ газеттерінің бәрінің атасы саналады. Қарашаңырақ иесі – «Солтүстік Қазақстан» газеті. Былтыр 100 жылдығы тойланды. Әрине, 1913 жылы Орынборда шыққан «Қазақ», 1917 жылы Ақмолада шыққан «Тіршілік» және 1918 жылы 31 шілдеде Қызылжарда шыға бастаған «Жас азаматты» қоспағанда. Олардың әрқайсының өз шаңырағы болған.
«Орталық Қазақстан» газетін жеке мектеп деп қарастыра аламыз ба?», – деп сұрадыңыз. Иә, дәл солай деп толық айта аламын. Себебі, Қарағанды көмір бассейні Кеңес Одағының аса ірі экономикалық орталығы ретінде, елдің қорғаныс қуатының тірегі, ғылым мен мәдениеттің маңызды орталығы саналды. Мемлекет Қарағанды өңірін дамытуға ерекше қарады. Халық саны тез өсті. Қазақстанның шын мәніндегі екінші астанасына келуге үздік мамандар, жетекші ғалымдар, шығармашылық қауым ынтық болды.
«Орталық Қазақстанның» мектебінен өткен қаламгерлер өнеркәсіпте, ғылымда қазақтың кәсіби тілін қалыптастырғанының өзі неге тұрады?! Қазіргі қазақ тілінің сөздіктерінде «кеншілер лексикасы» деген жеке тарау тек қана «Орталық Қазақстан» журналистерінің қаламынан туған. Мысалы, Қали Садықов деген журналист көмір өндірудің амалдары мен әдістерін қандай әдемі қазақшалаушы еді. Амантай Сағындықов қалыптаған металлургия терминдері тұтас сөздік болатын. Есімбек Бәйтенов, Қойшы Шаяхметов, Масғұт Халиоллин, Тоқан Әбуғалиев, Қыздарбек Әкімбеков әрқайсысы сол кезде бір-бір облыстық газеттің редакторы деңгейіндегі нағыз журналистер еді.
Аға журналистер тілге аса ұқыпты қарайтын, сәл селкем кетсең, кешірмейтін. Рамазан редакторымыз айтатын: «Ертең мұғалімдер бізге сілтеме жасайды, газет мақаласынан диктант жаздырады, аяғында сенің қолың тұрады», – дейтін.
Қағазбек Сәденов очерк пен суреттемені машинкаға айғайлап айтып, тіке бастыратын. Ауыл шаруашылығы өндірісінің нағыз ғалымы еді. Оның «Сарыарқаның сарала тұздық дастарханы» деп жыл қорытындысын сараптаған мақаласына қойған тақырыбы әлі есімде. Орынбай Аймағамбетов деген ағамыз ақын еді. Екі мақаланың бірін өлеңмен жазғысы келіп тұратын. Бүгінгі ардагеріңіз Аман Жанғожин «Қарағанды ғалымдары» деген айдарды көп жыл бойы үзбей жүргізді. Соның арқасында, ғалым-авторларымыздың қатары көбейді. Құқық, саясат, білім беру салаларының тізгінін барынша салмақты, биязы, асықпай жүріп-ақ, қыруар іс тындыратын Сүйіндік Жанысбай ағаларыңыз ұстады.
Халықтың газеті болу үшін оның мұң-мұқтажын жақсы біліп, сергек жазу керек. Тоқан ағамыз елден келген әрбір хаттың қалай қорытылғанына дейін, одан қандай нәтиже шыққанына дейін қадағалап, мазамызды алып отыратын. Сол хаттарды алып, іссапарға шығамыз. Шын мәнінде «Бір хаттың ізімен» зерттеу мақала жазамыз. Қазіргісін білмеймін, ол кезде редакцияға шағым-арызбен келетіндер көп болатын. Редакторға кіріп, маңызды мәселелер шешетін. Ал, қазіргі редакциялар авторлардың хаттарына жауап беруді міндет санамайды дегенді естиміз.
Әрине, заман – басқа, заң – басқа дегендей, кешегі күннің кейбір өнегелі жақтарын еске алып жатқаным ғой. Ересектер естелікке құмар болады, асып-төгіліп жатпаса да, ақыл айтқысы келіп тұрады ғой. Кей жастарға бұл ұнай бермейді. Біз де солай ойлайтынбыз.
– Өзіңіз туралы айтсаңыз… «Орталыққа» қашан келдіңіз? Кәсіби маманның тәжірибесі кейінгі жастар үшін артық болмайды. Айта беріңіз…
– Мен «Орталыққа» 31 жасымда бірден бөлім меңгерушісі болып аудандық газеттен келдім. Облыстық газеттің бөлім меңгерушісі деген – ол кезде үлкен мансап, оқу бітіріп келгеннен кейін кемі он жыл істеу керек. Жұмыс істеп жүргендер – өңшең ығай мен сығай. Қасына жақын бара алмайсың. Құрылыс және қала шаруашылығы орыс тілді орта ғой. Екі тілге жетік деп мені осы бөлімге арнап шақырған. Тез ширадым-ау деймін. Бұрын «Лениншіл жастың» тілшісі болған Амантай Сағындықов пен Ақселеу Сейдімбековтің «Теміртауда Нұрсұлтан Назарбаев деген мықты жігіт бар, сол көмектеседі» деген кеңесімен «Орталық Қазақстанды» тарату үстінде, комбинаттың партком секретары Назарбаевпен таныстым. Өзіммен шамалас, ақжарқын жігіт екен, бірден тіл табыстық. Цехтарды аралатып, қазақ жігіттерімен таныстырды. Туысым, инженер Тілеукен Смағұловты, Мадияр деген металшы, Қасым деген дәрігер… Сол байланысымыз жалғасып, Теміртауға келгенде алдымен Нұрсұлтан Назарбаевты тауып, құрылысты, зауытты бірге аралайтын болдық. Сол замандасымыздың Президент, Елбасы дәрежесіне көтерілгеніне куә болып отырмыз, оған да тәубе. Айтайын дегенім, журналистік қызмет – үлкен өмір мектебі, көпті көресің, танысасың, естисің. Соның бәрі – тәрбие.
Одан кейін мәдениет, әдебиет және өнер бөлімін басқардым. Бұған да обком арнап тағайындады. Бұл – ұшы-қиырсыз дүние. Ол кезде «Орталық Қазақстан» – аптасына алты рет шығатын «Социалистік Қазақстан», Алматы облыстық «Жетісу» газеттерімен деңгейлес. Сондықтан, біз де республика деңгейіне көтерілуге ұмтыламыз. Әлі есімде, Жамбыл қаласында тұратын Жақсылық Сәтібеков деген ақынға хат жазып, «Қара кемпір», «Қара шал» деген поэмаларын бастық. Қызылордаға профессор Әуелбек Қоңыратбаевқа хат жазып «Дәдем Қорқыт» деген үлкен мақаласын екі бөліп бердік. Алматыдағы Ғабиден Мұстафин қарттан соңғы жазғандарын сұратып, жазғандары жоқ екен, радио үшін айтып жаздырған естелігінің таспасын тарқатып бастырдық. Қасым Аманжолов, Сәттар Ерубаев, Жайық Бектұров, Серік Ақсұңқар бастаған ақынжазушыларымыз – өз алдына. Семейлік Тыныштықбек Әбдікәкімовті танымал ақын ретінде «Орталық Қазақстан» ашқан дегенге өзгелер таласа қоймас. Бізге шыққаннан кейін, келесі жылы «Қазақ әдебиеті» ашқан ақын айдарынан көрінгенін ұмытқанымыз жоқ. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көшін», Ақселеудің «Күмбір-күмбір күмбездерін» Мемсыйлыққа ұсынғанбыз…
– Жаһандану үдерісімен үндескен жаңа медианың аяқ алысы, бағытбағдары туралы пікіріңіз… Қазіргі қазақ журналисі қандай болса екен деп тілейсіз?
– Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі жаңалықтарды айналып өту мүмкін емес. Бұл – күннің шыққаны, айдың туғаны сияқты табиғи құбылыс. Яғни, бабаларымыз айтқандай, «Заманың түлкі болса…» соған бейімделе білу керек. Бірақ, қазақтың соры – «Асықпаған арбамен…» деген баяғы самарқаулық, «көппен көрген ұлы той». Дәлірек айтқанда, қазаққа әзірше қағаз газеттің орнын басатын, одан артық ойлап табылған құрал жоқ. Интернет бастаған «смарттар» – уақытша құбылыс, жартыкеш құрал, адамдардың өздерін өздері алдаусыратқан ойыншық тектес ақпарат тарату жолдары. Қағаздың қолға ұстап, өз көзіңмен көріп, басқаның қолына ұстатып, көрсетіп, сақтап қойып, ертең тағы қайта пысықтап отыратын, ой қорытып, сенімді адами қорытындыға жетелейтін, сыни сабақ беретін мүмкіндіктері әлі жетімсіз. Қожанасыр айтатын «тағамның иісіне ақшаның сылдырын» естіртіп, есеп айырысқандай дүниелер. Мүмкін, ескілік болып көрінер, қағаз газетті сақтап қалудың жолдарын іздеу керек, табу керек. Ауызекі айта салғаннан гөрі, ойланып-толғанып отырып қағазға түсіруге, қайта қарап пісіріп, толықтырып, түзетіп, шыңдалған сөз қандай, алаңдап тұрып, елеңдеп тұрып, айта салған әуезі қандай? Қалғанын өзіңіз де түсінесіз. Адам жаратылысының ерекшелігіне көз жүгіртсек, бәрі орнына келеді. Оқырманға керек газет жасасақ, оны ешкім лақтырып тастамайды…
Қазақтың бойында жетпей жатқан дүние әлі көп. Соларды іздеп, тауып, жеткізіп, адам болайық, қолдан келсе, «толық адам болуға ұмтылайық». Әйтпесе, орыс айтты деген «өзіңнің басыңнан өзің секіре алмайсың».
– Ұлт журналистикасының ертеңі бүгін даярланып жатқан мамандардың сапасына тікелей байланысты екені белгілі. Қазіргі Қазақстан жоғары оқу орындарындағы журналист мамандар даярлау ісіне көңіліңіз тола ма? Журналистика мамандығында оқитын студенттерге тілдің стильдік формасы, әдебиет теориясы, қазақ ауыз әдебиеті, әдебиеттану пәндерін оқыту қажет пе?
– Сұрағыңыздың төркінін сезгендеймін. Мамандардың кәсіби деңгейі, қазақша сауаты, дейсіз ғой. Көбірек оқытқан неге жаман болсын?! Баяғыда, ҚазМУ-де «Қазіргі қазақ тілі» деген сабақтың төңірегінде 10 жыл мектепте оқығандарымызды қайта ежіктедік. Сонда, таң қалушы елім, ешқандай айырмасы жоқ, сол орфорграфия, сол синтаксис, сол пунктуация…Журналистика дегенді үшінші курстан бастадық. Бұл, әрине, сол кездегі жалпы білім беретін мектептердің деңгейіне байланысты болса керек. Мен осыған қарсымын. Оқуға түскен жастарға қыркүйектің бірі күні «Журналистикаға кіріспе» пәнінен дәріс бастаймын. Бірден. Себебі, мамандық таңдап түскен баланы басқа еш нәрсеге алаңдатпай, журналистикамен ауыздандырып, дәмін татырып, санасына құя бастаймын.
Әрине, сауатты болғанға не жетсін?! Менің ойым мынау: Орта мектепте оннеше жыл, тіпті, балабақшадан бастап, тіл сындырғанда дұрыс оқыту керек. Бірінші курста-ақ сауатсыз шәкіртке кез боламыз. Мұғалімдер өкпелемесін, тіпті, кейбір балаларыңыз ешқандай мектеп көрмегендей. Сауатсыз жазады, сауатсыз сөйлейді. Тіпті бар ғой, та,- те, да, де қай жерде бірге, қай жерде бөлек жазатынын білмейді. Тире мен дефисті айыра алмайды. Қолдарында кәмелеттік аттестаты бар, бірақ, журналистер ғана емес, сауатсыз министрлер мен әкімдер, прокурорлар мен судьялар қайдан шығады, деп ойланған дұрыс.
Дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза алмағаннан не күтуге болады? Тағы да айтамын, «Қазағымның тілі құрып барады!» деп зар жылаймыз. Тілі емес, сауаты құрып барады. Сауатты сөйлеуге, жазуға үйренбеген, өз ойын жеткізе алмаған жастар, қызметке барғанда можантопай орысшасын сүйрете жүретіні сондықтан. Қазақстанның ел ретіндегі үлкен кеселі осы. Және оған бойымыз үйреніп кеткен.
Сізге, тоқсан жасаған абыз газеттің ақылды Бас редакторы ретінде тілегім бар. Ертеңнен бастап, «Сауатты сөйлейік, сауатты жазайық!» деген айдар ашып, ең болмаса, жарты жылдай науқан жүргізіңіз. Мұғалімдерді сөйлетіңіз. Дерек жинаңыз, сынаңыз. Үлкен бір сауапты іс осы болар еді. Мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің бағдарламасын талқыға салыңыздар. Жоғарғы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті деген пәндер бар ма? Бар болса, қалай оқытылады? Жоқ болса, неге жоқ?
– Журналист үшін талант маңызды ма, әлде, теориялық білім маңызды ма?
– Бұл жөнінде бұрын да бір пікір білдірген едім. Соны қайталайын. Алдымен, журналист деген кәдімгі тәрбиелі, саналы, тәртіпті, сауатты, талапкер адам болуы керек. Қалғаны тәрбиемен келеді, тәжірибемен келеді. Ал, кемшілігі болса, осы жақтарының жетіспеуінен. Жас кезімізде жаңағы сіз қойған сұрақ туралы біз де ойланатынбыз.
– Өзіңізді «Арқа журналистерінің атасы» атап кеткенбіз. Біздің буын Сіздің салиқалы әңгіме, салмақты сұхбатыңызға зәру. Туған жерден жырақ жүрсіз. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасының негізін өзіңіз қаладыңыз. Елге оралу ойыңызда жоқ па?
– Көзіңізге көрініп отырған соң айтасыз ғой. Бізден де шебер, мықты, кемеңгер журналистер баршылық. Солардың өнеріне өзім де қызығамын. Ал, енді елге оралу жайына келетін болсақ, өз елімде, Қазақстанда жүргеніме шүкіршілік етемін. Абай атамның «…кетігін тап та бар, қалан!» деген аманатын орындап, Солтүстік Қазақстанға барғаныма өкінбеймін. Тұрғындарының басым көбі орыстілді облыста қазақ журналистикасын ашу арқылы қазақ тілді зиялы орта қалыптастыру жөнінде халқымның адал ұлдарының бірі – ректор Ғалымқайыр Мүтәновтің шақыруымен Қызылжар барғанымызға да жиырма жылдан асыпты. Университетте журналистикадан басқа да барлық мамандықтардың қазақ бөлімдерін ашуға үлесім бар-ау деймін. Қазір М. Қозыбаев атындағы университетте барлық шаруа толық мәнінде қазақша атқарылады. Өңірдің, қаланың қазақша тарихын жасау жөнінде үзбей еңбектенудемін. Биылдан бастап, мақсатты мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасы бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын бастап кеттік. Мен – бұл бағдарламаның бас ғылыми қызметкерімін. Амандық болса, үш жылда бітіруіміз керек…
– Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері атақтарыңыз бар. Былтыр Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі-академик болып сайландыңыз. Мұның барлығы – тек қана атақ емес, зор жауапкершілік. Алдағы елге береріңіз туралы бірер сөз…
– Жаңа айттым-ау деймін, қазақ тарихымен, оның ішінде баспасөз тарихымен ерте айналысқанмын. «Абайтанудың революцияға дейінгі қайнар көздері» деген тақырып та негізінен тарихқа құрылған. Одан басқа, Орталық Қазақстандағы әншілік дәстүр, халық музыкасының тарихына арналған «Алтын бесік – ән орда» деген ғылыми-көпшілік кітабым, Ж.Артықбаев, Н.Дулатбековпен бірге жазған «Қазақтардың мемлекет-құқық тарихы»туралы оқу құралы, Н.Дулатбековпен қосылып жазған «Жақып Ақбаев. Күрескерлік өмірбаяны» монографиямыз, Мәди Бәпиұлына арналған еңбектер Қарағанды университетінде жүргенде жазылды. Ал, Қызылжар кезеңінде Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы республикалық конкурста жеңіп, қатарынан екі рет, алты жыл бойы жүз баспа табақтан аса бес кітап шығардым. «Мағжан Жұмабайдың өмірі мен қызметінің шежіресі» 40 баспа табақ, «Сыр сандығым – Қызылжар», «Атамекен атаулары», «Мағжанның Қызылжары» деген монографиялар, бірнеше оқу құралдарын бердім. Осы негіздегі зерттеу жұмыстарым жалғаса береді.
– Білуімше, 21 жылда 26 кітап шығарған екенсіз. «Абайтанудың кейбір мәселелері» монографиясын, «Абылай хан тарихы» деп тағы екі том құжаттар жинағын дайындапсыз. Құдай бойыңызға қуат берсін! Өзіңізді аға тұтып, ұстаз санап өткен талантты бауырыңыздың бірі Мағауия Сембайдың қазақ журналистикасындағы орны туралы не айтасыз.
– Мағауия марқұм дарын иесі, жасынанақ өз қатарластарынан оқшау көрінгенін білемін. Дұрыс бағыт алап, журналистік жақсы білім алды. Одан кейін дәм жазып, жақсы мектепке, «Орталық Қазақстанға» кірді. Ескертіп қояйын, ол кезде «Орталық» тәртібі қатал, тіпті, кірпияз, сыншыл-міншіл, тәкәппар ұжым болатын. Өңшең қумүйіз, жаңа да айтып кеттім ғой, компартияның қазанында қайнап, пісуі келіскен және атап айтуым керек, шетінен дарынды, бәсекелес, жүз пайызы универсиет бітірген, бөгде әңгімеде жұмысы жоқ, қара жұмыскерлер, кәсібіне адал журналистер болатын. Ең жасы Шайхан, Ақселеу үшеуміз, ҚазПИ бітірген Өтеннің өзі 20 жылдық тәжірибесі бар, жазушы еді. Солардың ортасына келген жас маман, кешегі студент еркелігінен бірден арылып, жауапты міндеттерді мойнына алатын.
Осындай ұжымда жақсы журналист, тәртіпті қызметкер болмауға хақың жоқ. Мен де, Шайхан мен Қанат марқұмдар, кейде жастарға жақ болып, қарттардың қазымырлығына наразы болатынбыз. Онымыз дұрыс емес екен. Жас маман ретіндегі үш жылын атқарып, бізден кеткен соң, басқа жерлерде ортаң қолдай журналист болғандар аз емес. Бас редактордың басқалардан мойыны бес сүйем биік болмаса, шығармашылық ұйымды айғаймен ұстай алмайтыны тағы бар. Мағауияға сондай редакторлар кездесті. Әлбетте, табиғи дарын адалдықтан нәр алып, кісілікпен қуаттанып қана жемісті болатынын өмір көрсетті. Осындай қасиеттер оны редактор ретінде бақытты етті. «Редактор бақыты» дегенді кездейсоқ айтып отырған жоқпын. Бақыт бұйырмаған редакторларды да білеміз. Мағауияны жайсыз жағдайдан алып шығып, университетке оқытушы етіп шақырғаныма разымын. Бұл да оған үлкен мектеп болды. Соның арқасында облыстық газетті 22 жыл басқарды. Республикада ширек ғасырға жуық бас редактор болып, газеттің атақ-абыройын иығымен көтерген редакторлар көп емес.
Мен әлемдегі журналистерді бір атаның баласындай көремін және солай болса екендеп тілеймін. Өз еліне адал, аққа жақ, жетімге пана, әділетсіздік атаулыға қарсы. Африкада бір журналист қаскөйдің оғына ұшса, Америкада бір журналист жаланың жазықсыз құрбаны болса, қайғырамын. Қазақ мемлекетінің әрбір табысында журналистің үлесі бар, ал, қоғамдағы кемшіліктердің әрқайсысына, оны көрмеген, жұртқа көрсетпеген, дабыл қақпаған журналист жазықты. Шәкірттеріме айтарым – осы. Карл Маркс жарықтық айтты деген: «Журналист – мемлекеттік санаттағы қызметкер» деген сөзге жақпын.
Никита Хрущев патшаның аласапыраны кезінде орысшасы «Центральный Казахстан», қазақшасы «Орталық Қазақстан» деп сәтті аталуы тарихи әділет орнайтынын болжағандай. Тәуелсіздік таңының жаршысындай болған, алғашқы санынан-ақ «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» екенін паш еткен «Орталығыңыздың» тоқсан жылдығы құтты болсын! Ұлы даланың дауылпазындай азаттық аспанында шарықтап, қандай қиындыққа да қасқая қарсы тұратын қайсар қазақтың жігерін жанып, жаңа биіктерге бастай беріңіздер. Адал ниетті ақжүрек оқырмандарыңыздың қатары сиремей, туған жерге ие болатын ермінез ұрпағымызды өсіріп, мұңсыз-қамсыз өркендей берсін деймін. Басымыз бір, бауырымыз бүтін болсын, туған-туысқандарым!
– Бүкпесіз әңгіме, салмақты сұхбатыңыз үшін мың алғыс! Мереке құтты болсын!
Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.