Заманынан озып туған
Нарманбет мұрасы толықтай зерттеліп, сараланды, ғылыми нәтижелер алға тартылып, тиісті қорытынды-тұжырымдар жасалды деп айтуға әлі ерте. Тіпті, ақынның 1939 жылы ғалым Е.Ысмайыловтың шығармаларын жинақтап, кітап етіп шығарғаннан соң араға жарты ғасыр уақыт өткеннен соң ғана А.Туғанбаев, Н.Дулатбеков, Т.Жұртбай сынды ұлтжанды азаматтардың ыждаһаттылығымен қайта қолға алынуы көп жайтты аңғартса керек. Міне, сондықтан да Нарманбет Орманбетұлының әдеби мұрасын зерттеп, ғылыми айналымға қосу, жаңаша көзқарас, тың пікір тұрғысынан бүкіл шығармаларына баға беріп, тиісті қорытынды-тұжырымдар жасау, ақын мұраларының танымдық, тағылымдық қырларымен қатар, көркемдік-эстетикалық өре-деңгейін айқындау, тұтастай алғанда, ірі ақынның бізге жеткен бүкіл көркем дүниелерін кешенді түрде зерттеу уақыт талабы ғана емес, егемен еліміздің алдыға қойған міндеті деп қабылдағанымыз жөн.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы аса ірі ақын, философ-ойшыл Нарманбет Орманбетұлының әдеби шығармашылығын сөз еткен Т.Ахметұлы, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, А.Нұрқатов, Ы.Дүйсенбаев, А.Туғанбаев, Қ.Мұхаметханов, Т.Жұртбайдың, Р.Сағынбекұлының, т.б. зерттеушілердің еңбектері Нарманбеттану іліміне қосылған ірі үлес деуіміз керек. Бірақ, олардың тұсындағы замана талабы, уақыт тынысы, салтанат құрып тұрған идеология Нарманбеттей ірі тұлға туралы түбегейлі де кешенді, шыңғырған шындыққа негізделген саралы ой айтуға мүмкіндік бермегенін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Өйткені әдебиет пен өнер бойынша 1930-1940 және 1950 жылдар басында қабылданған партиялық қаулы-қарарлар 1989 жылы ғана күшін жойған болатын. Аталған партиялық қаулы-қарарлардың күшін жоюы қазақ әдебиетінің тарихын ақиқат тұрғысынан жан-жақты зерттеуге жол ашты. Солардың қатарында ақын Нарманбет мұрасы да араға ұзақ жылдар салып туған халқымен қайта қауышты.
Нарманбет ақынның қалам ұстаған уақыты ХІХ соңы болғанымен, өндірте жазып, шығармашылық толысып, поэзиясының үлкен көркемдік бағыт алған мезгілі ХХ ғасырдың басы болып есептеледі. Сол уақыттағы, яғни, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар ақындар қатарында Н.Орманбетұлының шығармашылығы айрықша аталуы заңды.
Н.Орманбетұлы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысында (Қарағанды өңірінің Тоқырауын өзенінің бойындағы Саға жерінде) өмірге келді. Оның туған жылына қатысты деректер бірізді емес. Мысалы, Е.Ысмайылов жарыққа шығарған «Нарманбеттің өлеңдері» атты кітаптың алғысөзінде ғалым ақын 1860 жылы туған деп көрсетеді. Ал 1998 жылы Нарманбет ақынның шығармаларын толықтырып құрастырушы Қазақстан Республикасы оқу ісінің озық қызметкері, жоғары дәрежелі мұғалім А.Туғанбаев «Ақынды көрген, одан сөз үйренген қариялардың айтуына қарағанда Нарманбет 59 жасында 1918 жылы дүние салған. Бейітінің басына қойылған құлпытаста 1895 жылы туып, 1918 жылы өлді деп жазылған. Құлпытасты ақынмен көп жылдары қатар жүрген үзеңгілес жолдасы, Ә.Бөкейхановтың туған інісі Смақан қария қойған. Сондықтан, біз осы деректерге сүйеніп, ақынды 1859 жылы туды деп көрсеттік» деп жазады. А.Туғанбаев атап көрсеткеніндей, Смақан қария қойған құлпытастағы көрсетілген ақынның туған жылы оның өмірге келген уақытын айқындаудағы бірден-бір дұрыс дерек болып табылады. Оны Қарағанды өңірінен шыққан айтулы қоғам, әдебиет қайраткерлерінің өмірін тыңғылықты зерттеуші, өлкетанушы Ю.Попов деректері де растайды.
Туған халқының рухани мұрасынан нәр алып өскен Нарманбеттің ақындық тұлғасының қалыптасуына от ауызды, орақ тілді шешендігімен дүйім елге әйгілі болған әкесі Орманбеттің де ықпалы зор болды. Әке тәлім-тәрбиесіндегі болашақ ақын әуелі ауыл молдасынан сауатын ашады. «Болашақ ақын сегіз жасынан бастап сол кездегі дәстүр бойынша алғашқыда Түркиядан көшіп келіп, Орманбет ауылына тұрақтаған, аузынан дұға төгіліп, көріпкелдікпен ем жасайтын айтулы тұлға ғұлама Қари деген молдадан ескіше, кейін ел аралап бала оқытып жүрген татар Шаяхметұлы Хасен деген жігіттен жаңаша сабақ алады. Екі үлкен молданың алдын көріп, мұсылманша жақсы сауат алуы шығыс классикасымен ерте танысып, одан нәр алуына, әдеби тілде жазылған қолжазба-көшірмелермен таныс болуына мүмкіндік жасайды».
1872-1918 жылдары Қарқаралыдағы екі кластық орыс мектебінде білім алады. 1939 жылы басылып шыққан «Нарманбет өлеңдері» атты кітаптың кіріспесінде ғалым Е.Ысмайылов жазғандай: «Нарманбет 10 жасынан бастап Қарқаралы қаласындағы екі класты орыс мектебіне түсіп оқиды, жас күнінен-ақ орысша оқи, жаза, сөйлей білетін білім алады, қалада оқып жүргенде, ел басқару ісіне байланысты орыстың оқыған адамдарымен жақындығы араласып, қарым-қатынасы күшті болады. Бертін келген кезде бірер жыл болыс болғанда дуанға, жоғарғы ұлықтарға жазылатын хаттарды, қатынастарды өзі орысша жазып отырған, хатшылық, переводшік қызметтерін өзі атқарған».
Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай сынды азулы ақындар мұрасынан сусындап өскен Нарманбеттің шығармашылық ізденісіне Абай поэзиясы айрықша әсер етеді. Ұлы ақын шығармаларын ынта қойып оқыған ол Абайдың ақындық дәстүрін тікелей бойына сіңіріп, ұлы сөз зергерінің әдеби мектебінің тағылымын алады.
Ол өзінің ұстазы Абай хәкімдей халықты оқу-білімге үндеді, патша өкіметінің отаршылдық саясатын, сол жүйеге малданған қазақ жандайшаптарының озбырлығын нысанаға алып әшкерелейді. Есейіп ел билігіне араласқан Нарманбет 1880 жылдардың аяқ шенінен бастап, сол кезде қазақ даласына кеңінен тараған Абайдың озық ойлы поэзиясымен танысады. Міне, осы кезден бастап, Абай өлеңдері ақынның қоғамға деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді.
Сондықтан да, ақындық ізденісіндегі алғашқы белес саналатын 1886-1895 жылдар аралығында жазылған «Замана», «Патшаның тағы бір политикасы» өлеңдері Нарманбеттің азаматтық тұлғасының тұтас болмыс-бітімі туған халқының қайғы-қасіретімен, тағдырымен біте қайнаса қалыптасу үстінде екенін көрсетеді.
Ал «Патшаның тағы бір политикасы» өлеңінде Ресей империясының орыстандыру, шоқындыру саясатын батыл да ашық әшкерлейді.
Оның болыстық қызметі халықтың береке-бірлігін сақтау, ел ішіндегі отаршылдықтан өрістей бастаған озбырлық пен парақорлықты ауыздықтау және әлеуметтің ғылым-білім жолымен дамуына ұйытқы болу сынды маңызды істермен сабақтас. Әсіресе, ел басқару жұмысында жүргенде ел ішіне дендей бастаған ұрлық, өтірік, парақорлыққа қатаң тыйым салып, балаларды оқыту, мектеп ашу ісіне айрықша көңіл бөледі.
Қоғамдық өмірге белсене араласқан Н.Орманбетұлы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтық үн көтерілген 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесіндегі атақты Қарқаралы петициясына қатысушылардың бірі болды. «Патша өкіметі бұл акцияны барып тұрған саяси күрес деп тауып, жергілікті басқару органдарынан бақылауды күшейтуді талап етеді. Дала генерал-губернаторы хұзырхатты ұйымдастырған адамдарды анықтап, олардың үстінен іс қозғау жөнінде Қарқаралы уезінің бастығына нұсқау береді. Уез бастығы Оссовский өзінің тексеру жұмыстарының барысында хұзырхатты дайындағандардың басшылары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев екендерін дәлелдеп, қазақ тілінен орыс тіліне аударған Т.Нұрекенов болғанын да анықтап, олардың үстінен іс қозғап, арттарынан аңдушылар қойды». Бұл жерде атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылар Алаштың көсемдері, соның ішінде А.Байтұрсынов десек, халқымыздың қоғам және әдебиет қайраткері Қарқаралыда бастапқыда сыныптық орыс-қазақ, кейін қалалық училищенің оқытушысы болғаны мәлім. Міне, Нарманбет ақын «Мектеп бастығына» өлеңінде А.Байтұрсыновтың ұлтты ағарту мен оятудағы қызметін ерекше бағалап, халқымыздың отарлық қысымдағы мүшкіл халін жеткізеді.
М.Әуезов «Ахаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші, жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылдардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған» деп жазғанындай сол оянған ұлттық санаға серпін берушілердің қатарында Нарманбет те болды.
Н.Орманбетұлының қазақ халқының әлеуметтік өміріндегі аталған саяси маңызы зор іс-шараға қатысқаны жөнінде Қазақ Ғылым академиясы сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде мынадай құнды дерек бар: «…Осы кезде қазақ даласында қызу түрде ұлт қозғалысы басталды. Ұлтшыл оқығандардың басы қосылып, Қарқаралы уезінде бұл қозғалыс айқын және кең орын алды. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесінде ұлтшылдардың мың адам қол қойған талап-тілектеріне қызу араласты. Ол (Нарманбет) соған арнап бірнеше өлең жазды. «Мектеп бастығына» деген өлеңінде ақын өзінің таптасы А.Байтұрсынұлының алдына ұлтшылдық пікірін жайып салды. Қарқаралы қозғалысының ұйытқысы болған Ахмет, Жақыптар жер аударылғанда шығарған өлеңі «Қазақты жүруші еді қойдай бағып». Сонымен қатар Жақып Ақбайұлы екеуі «Алаш Орданың» сайлауын өткізуге бара жатып бір үйде шығарған өлеңі «Құрылтайға бара алмай құр қалмайық» деген және 1905 жылы «Жақыпқа» атты өлеңдері бар». Мұрағат құжатында кешегі таптық таным, идеологиялық көзқарас жатқанымен Алаш арыстары өмірінен құнды деректер табамыз. Мәселен, ақын 1905 жылы жазылған «Жақыпқа» деген өлеңінде: «Жатпадық су түбінде сәден болып, Шықпадық бір күндерде дария толып. Сұңқардай биік шыңды мекен қылмай, Сықылды болдық қарға ұшып-қонып. Біз болдық өнерімізді тауысқандай, Мерт болдық айға шауып арыстандай. Байғазыдай тауда жатып, тас жастанбай, Шықылдап көзге түстік сауысқандай» деп кең даланы ен жайлаған бейқам елдің мүшкіл халін айтып, берекесіз тіршіліктің мәнсіздігіне налиды. Тығырыққа тап болған халықты жарық болашаққа бастайтын ұлт зиялыларына, соның ішінде Ж.Ақбаевқа сенім артады.
Ақын 1906 жылы Семей қаласында өткен Мемлекеттік Думаға депутаттыққа кандидат ұсыну жөніндегі жиынға қатысса, 1907 жылы Семей облысының қазақтарынан Мемлекеттік Думаға сайланатын осы өңірдің сайлау жиналысының Қарқаралы уезі болыстығынан сайлаушысы да болып бекітіледі. Осындай әлеуметтік өмірге араласа жүріп, ақын патшаның отаршылдық саясаты қазақ халқын жерінен айыру, елдігін жою екенін терең ұғына бастайды. Ол «Сарыарқаға қарасақ», «Қазақ елі біз тұрмыз», «Шал қайғысы», «Ауыл қайғысы», «Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер» өзге де саяси-әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерінде өз көрінісін тапты. Сондықтан да оның поэзиясының негізгі арқауы – патшалық отаршыл саясат озбырлығы, жер қайғысы, әлеуметтік теңсіздік, халық бостандығы болып келеді.
Міне, осы тұрғыдан алғанда ақын өз дәуірінің елдікпен сабақтас күрделі мәселелеріне сергек қарай отырып, әлеуметтік істерде де барынша беделді болды. Мәселен, ел игілігі үшін, халқының рухани кемелденуі үшін ақ адал еңбегімен тапқан қаржысын аямаған атақты қазақ меценаты Есенқұл Маманов 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Ашық хат, азаматтарға» мақаласында қазақ романдарына бәйге жариялағанын және сол шығармалардың әділ бағасын берушілер қатарында Нарманбет Орманбетұлын да атайды.
Есенқұл Мамановтың әлеумет мұңын жырлап, халық мүддесін көздеген Нарманбет ақынға деген ерекше ілтипаты десек, сонымен қатар Қазан төңкерісіне дейінгі ұлт баспасөзін ыждаһатты зерттеуші Ү.Субханбердина атап өткеніндей, Н.Орманбетұлы «Қазақ» газетіне хабар жазған, тілшілік міндет атқарған.
Соның ішінде Нарманбеттің «Қазақ» газетінің шығарушыларына жазған хаты да аса құнды мұра деуге болады.
Н.Орманбетұлының өміріндегі осындай маңызды оқиғаларды айта отырып, оның тұлғасын даралайтын ендігі бір атап өтер қасиет қазақ жерінің қазба байлығына байланысты барлау жұмыстарын жүргізу ісіне белсене араласуы. Ақын Солтүстік Балқаш өңірі тау байлығының терең білгірі ретінде аталған жерлердегі пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат алу туралы Ресей патшалығының құзырлы орындарына, соның ішінде Томск Тау-кен басқармасына ресми өтініш береді. Бұған қатысты «Семипалатинские областыне ведомости» газетінің 1903 жылғы 5 шілдедегі санында тың деректер беріліп, Томск Тау-кен басқармасы Нарманбеттің атап көрсеткен жерлерін барлауға рұқсат беретіні хабарланған. Осындай тың да соңғы деректер келтірген Ю.Попов осы мәселе геолог мамандар тарапынан жан-жақты зерттелуі керек деген пікір айтады. Шындығында, бұл мәселе терең қарастырылса, Н.Орманбетұлының осы істегі өзіндік қызметі айқындала түспек.
Азат БАБАШОВ,
филология ғылымдарының кандидаты.