Бас тақырыпМәселе

Заңсыз полигон көбейіп тұр

Жергілікті биліктің бас ауыртар проблемаларының бірі – заңсыз қоқыс полигондары. Қарағанды облысы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, былтыр 742 полигон жойылған. Бас ауыртар проблема деп отырғанымыз, бұл – жыл сайынғы жұмыс. Арқада көктем лебі тұр, қар көбесі сөгілген соң жер-жерде, бұрыш-бұрышта үйілген қоқыс тағы да көзге шыққан сүйелдей болары анық. Сана өзгермей, бейберекет шашылған қоқыстан құтылмасымызды да білеміз. Дегенмен, қоқысты қайта өңдеуге қарқын қоссақ, қала да, дала да тазарар ма еді…

Қазіргі таңда облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге күш салынуда. Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрбек Серіковтің сөзіне қарасақ, былтыр тұрмыстық қалдықтың 55 пайызы өңделген.

– 2022 жылы облыс бойынша түзілген қатты тұрмыстық қалдықтың көлемі – 328,2 мың тонна. Қайта өңделген қалдық – 179,2 мың тоннаны немесе 55 пайызды құрады. Жоспар бойынша 54 пайыз еді, – дейді басқарма басшысы.

Алдағы бес жылда көрсеткішті арттыру көзделуде. Яғни, 54 пайыздан 57 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл межеге қол жеткізу үшін 2025 жылға дейін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық бюджет есебінен жаңа алты полигон салу жоспарда тұр. Ал, қазіргі уақытта облыста 168 полигон бар. Экология департаментінің ақпаратына сүйенсек, 131 полигон заңдастырылмаған. Департамент жергілікті атқарушы билікпен бірге аталған алаңдарды жою жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Былтыр 742 полигон жойылды.

Бүгінде Қарағанды қаласынан шыққан қоқыс екі полигонға жеткізіледі. Бұл полигондар «Горкомтранс» ЖШС мен «Recycling Company» ЖШС-не тиесілі. Сондай-ақ, аталған серіктестіктер қоқысты қайта өңдеу шараларын да міндетіне алған

«Горкомтранс» компаниясының Майқұдықта қоқысты сұрыптайтын және өңдейтін зауыты бар. Эксплуатация бөлімінің басшысы Марина Потешкинаның айтуынша, «Горкомтранс» күніне 300 тоннаға дейін қоқысты сұрыптайды.

– Кәсіпорында 245 адам еңбек етеді. Күніне қаладан 340-360 тонна шамасында қоқыс шығарылады. Полигонға жеткізілмес бұрын Майқұдықтағы зауытта жиналады, сұрыпталады. Сұрыптаудан кейін полигонға апарылады. Арнайы картаға сәйкес жинақталады, – дейді Марина Николаевна.

Зауытта қоқыстың 10 түрі таңдалады. Оның ішінде, екі түрі – пластик бөтелкелер мен полиэтилен пакеттер компанияның кәсіпорындарында қайта өңдеуден өтеді. Ал, қалған сегіз қалдық түрі басқа өңдеушілерге таратылады.

Қазір Қарағандыда оннан астам ірілі-ұсақты қайта өңдеу цехтары бар. Әрине, бұл кәсіпорындардың полигонға шығатын тұрмыстық қалдықтың көлемін азайтуға септігі тиіп отыр.

Елімізде қоқысты қайта өңдеу көрсеткіші 23 пайыздан асты. Дегенмен, әлемдік меженің ауылы алыста. Америкалық Йель университетінің экологиялық саясат орталығының тұжыруынша, Қазақстан арнайы рейтингіде 179 елдің ішінде 175-інші орында тұр.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button