Азаматтық процестік кодекске өзгерістер енгізілді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттілігін айтқан болатын. Тиісінше, тиімді сот жүйесін құру бағытында тыңғылықты реформалар жүзеге асырылуда. Мəселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру жəне сот жүйесін реформалау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сəйкес, отбасы дауларында балалардың мүдделеріне қатысты заңдардың жекелеген ережелері нақтыланып, кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзыретіне азаматтық істердің кейбір санаттары енгізілген. Заңнамаға енгізілген осындай өзгерістерді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Динара Мутубаева айтып берді.
– Аталған заңға сəйкес кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың (ювеналды сот) міндетіне жаңа санаттар енгізілген болатын. Азаматтық процестік кодекстің 27-бабы 3-бөлігіне кəмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, жақын туыстарының олардан бөлек тұратын баламен қарым-қатынас жасау тəртібін айқындау, заңның негізінсіз басқа адамдардың қолындағы баланы алып қою, ата-ана құқықтарын шектеу, бала асырап алуды жарамсыз деп тану, алименттердің мөлшерін өзгерту, кəмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент төлеуден, алименттер бойынша берешекті төлеуден босату, кəмелетке толмағандардың мұрагерлік құқықтарын қорғау туралы жаңа түзетулер енгізілді, – деді Динара Мутубаева.
Отбасылық дауды реттеудің ұтымды шешімі – медиация екені айқын.
Заңға сəйкес, егер жақын туыстары ата-аналарымен, не олардың біреуімен келісімге келе алмаса, араласу тəртібін айқындау туралы дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық органына, ал, оның шешімімен келіспеген жағдайда осы органның, баланың ата-аналары мен туыстарының қатысуымен медиация тəртібімен шешіледі немесе оны сот шешеді. Бұл «Соттардың балаларды тəрбиелеуге байланысты дауларды шешу кезінде заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2018 жылғы 29 қарашадағы № 15 нормативтік қаулысының 4-тармағына сəйкес енгізілген түзету.
Қарағанды облысының кəмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының айтуынша, өңірде келіп түскен талап-өтініштердегі 99 іс бойынша тараптар татуласқан. Ал, биылғы жартыжылдықтағы бітімгершілікпен шешілген даулардың жалпы үлесі – 85%.
Ауданаралық сот төрағасы Динара Мутубаева ювеналды соттардың соттылығына жататын даулар туралы өзгерістерді атады. Мəселен, ювеналды сот некеге қатысты заң негізінсіз ғана емес, сот шешімі негізінсіз, басқа адамдардан баланы алып қою туралы дауларды да қарайды.
– Бұған дейін алимент мөлшерін азайту туралы дауларды ювеналды соттар қарайтын. Алайда, Кодекстің 139- бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын жəне басқа да назар аударатын жағдайларды ескеріп, соттың алимент мөлшерін көбейтуі де, кемітуі де көзделеді. Сонымен қатар, кəмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын даулар бойынша барлық азаматтық істер АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігінде айқындалған, – деді Динара Маратқызы.
АПК-нің 30-бабының жетінші бөлігіне сəйкес республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жататын істер бойынша талап қоюларды қоспағанда, некені бұзу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша онымен кəмелетке толмаған балалары бірге тұрған кезде берілуі мүмкін.
Аталған өзгерістер 2023 жылдың 1 қыр күйегінен қолданысқа енгізіледі.
Бұдан басқа, Кодекстің 22-бабының 1-тармағы бойынша ерлі-зайыптылар некесін сот тəртібімен бұзу кезінде кəмелетке толмаған балаларының кіммен тұратындығы, еңбекке қабілетсіз мұқтаж жұбайын күтіп, бағуға қаражат төлеу тəртібі, ортақ мүлікті бөлу, ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тəртібін айқындау туралы келісімді соттың қарауына ұсына алады. Сот шешімінде ерлі-зайыптылардың некені бұзғаннан кейінгі тектері көрсетіледі. 2-тармақ некені бұзуға байланысты дауларды қарау кезінде ата-ананың баламен қарым-қатынас жасау тəртібін анықтау мəселесін шешу жөніндегі соттың міндетін көздейтін 5 тармақшамен толықтырылған. Бұл түзетулер 2023 жылғы 8 сəуірден қолданысқа енгізілген.
– Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында апелляциялық сатының істі бірінші сатыға қайтармай, мəні бойынша шешім қабылдауын қамтамасыз етуді тапсырды. Егер бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайларды дұрыс анықтамаса, онда апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыға қайтармай өзінің іс жүргізуіне қабылдауға жəне оны бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарауы тиіс. Бұл созбалаңға салуды азайтады, судьялардың қателіктерін кемітеді, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың бұзылған құқықтарын тез қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Түзетулер 2023 жылғы 1 шілдеден қолданысқа енгізіледі, – деді ол.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы бойынша даулардың дені бітімгерлік жолмен шешіледі. Психологтың балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған ұсыныстарын ескерген ата-аналар алдағы уақытта соттасудан бас тартады. Енгізілетін өзгерістерге сəйкес ювеналды соттардың соттылығының кеңеюіне байланысты медиатордың, отбасылық психолог, адвокат, əлеуметтанушы, нарколог, қорғаншылық жəне қамқоршылық органдары, дағдарыс орталығы өкілдерінің қызметтеріне сұраныс артатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Динара Мутубаева облыстық жəне оларға теңестірілген соттардың төрағаларына «Отбасылық сот» пилоттық жобасының тəжірибесін ескере отырып, олардың жұмысын ұйымдастыруды жəне осы кабинеттерді ювеналды соттарда ашу мəселесі туралы ұсыныс білдірді.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz