Жаңалықтар

Заң білген артық етпейді

Сәрсенбі күні Қарағандыдағы «Космонавт» қонақ үйінің мәжіліс залында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.


Шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар кеңесінің Құқықтық мәселелер бойынша ұлттық үйлестірушісі Гүлмира Қуанжанова қатысты.
– Бүгін Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия алғаш рет Қарағанды өңірінде адам құқықтарын қорғау мен сақтауға байланысты оқыту семинар-тренингтерін өткізіп отыр. Бұрындары мұндай шараны өзге ұйымдар жүргізіп, ол облыс орталықтары мен ірі қалаларды ғана қамтыған болса, біз алыс аудандардағы тұрғындарға ат басын бұруды жоспарлап отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – облыс тұрғындарына, оның ішінде, мемлекеттік қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдеріне елімізде адам құқықтарын қорғаудың қандай тетіктері бар екенін және оны қалай жүзеге асыру керектігін түсіндіру. Ұлттық және халықаралық механизмдерді таныстыру. Сонымен бірге, халықтың өз құқықтарын білуге деген сауаттылығын арттыру. Бұдан бөлек, азаматтарымыз құқықтар мен бостандықтарды біліп қана қоймай, қоғам мен мемлекет алдындағы міндеттерін білу қажет екенін еске салу. Себебі, құқық пен міндет қатар жүретінін ұмытпауымыз қажет. Ең бастысы – отандастарымыз өзінің құқықтары мен міндеттерін білетін болса, мемлекетіміз дамыған отыз елдің қатарына анағұрлым тез қосылатынына сенімдімін, – деді Тастемір Әбішев.
Өз сөзінде комиссия хатшысы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық механизмдеріне қатысты да ой өрбітті. Мәселен, ел заматтары мен Қазақстан аумағында уақытша тұрып жатқан шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, оралмандар, еңбек мигранттары Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары, нәсілдік кемсітудің алдын алу, азаптауға қарсы және әйелдер құқығын қорғау сынды төрт комитетіне арыз-шағым жаза алады.
– Өткен он жылдықпен салыстырғанда тұрғындарымыз әлдеқайда көзі ашық деп топшылауға болады. Дегенмен, Еңбек жөңіндегі заңнамаларымыз сынды көптеген заңнамалардың уақыт талабымен жаңартылып отыруына байланысты, бірқатар түсінбеушілік те туындап жататыны белгілі. Себебі, еліміздің кәмелеттік жасқа толған кез келген азаматы қызметке, белгілі бір жұмыс орнына орналасуға талпынады. Сондықтан, отандастарымыз өз еңбек құқығын қорғай білуі үшін түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізілуі тиіс. Осы күні еліміздің жұмыс берушілері арасында қызметкерлерін жынысына қарай кемсіту мәселесі жиі қозғалады деп айтпас едім. Жүкті әйелдердің қызметіне де барынша мұқият қарауға тырысады. Өкінішке орай, келісу комиссиясының қызметіне қатысты көп мәселе көтеріледі. Яғни, еңбек құқығын қорғау, еңбек дау-дамайларын қарастыру процестерінде түсінбеушіліктер орын алады. Себебі, еліміздегі жаңа Еңбек қатынастары жөніндегі Заңға сәйкес, келісу комиссиясын құру кезінде бірқатар қиындықтар туындайды. Өйткені, ол комиссияны құру, құрылған комиссия жұмысын үйлестіру мәселелерін көп азаматтар біле бермейді. Сондықтан, осы тұрғыда біз бүгін барынша көбірек айтуға тырысамыз. Яғни, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелесіне барынша назар аударатын боламыз, – деді ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Светлана Жаркенова.
Комиссия сарапшысының айтуынша, алдағы уақытта жұмыс тобы Өскемен, Семей сынды қалаларға сапар жасамақ. Ал, облыс орталығында ұйымдастырылған бұл шараға қатысушылар қатарында мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, құқық мәселесіне қатысты біліктілігін арттыру қажеттілігі туындаған мамандар, кәсіпкерлер, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері болды.
– Ұйымдастырылған шараның маңызы өте зор. Себебі, Қазақстан Республикасы Констуциясында бекітілгендей, еліміз – демократиялық, құқықтық, зайырлы әлеуметтік мемлекет. Оның басты құндылығы – адам, оның өмірі мен бостандығы. Сондықтан, бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар кеңесі бірлесе отырып, адам құқығы саласына қатысты маңызды семинар ұйымдастыруда. Бұл шара – қай-қайсымызға болмасын пайдалы. Өйткені, біз бүгін адамның құқығы, міндеті, сонымен қатар, ақпаратқа қол жеткізу құқығы мәселелері төңірегінде сөз қозғайтын боламыз, – деді ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, «MEDIALIFE» қоғамдық қорының президенті Ольга Волкова.
Қазіргі күнгі өзекті мәселе – азаматтар құқығын сот арқылы ғана емес, сол сот органдарынан тыс қорғаудың қандай механизмдері бар екенін түйсіну. Сонымен қатар, еңбек дау-дамайларының алдын алу да аса маңызды.
Осы күні жаһан жұртшылығы адам құқығы мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл ретте, мемлекетіміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылуға деген талпынысы да осы құқықтың сақталуына сүбелі үлес қоспақ. Себебі, адам құқығы аяқасты болған елді дамыды деп айтуға ауыз бармайды. Сондай-ақ, мұндай шараның Арқа төрінде ұйымдастырылуы талай маманның қажетіне жарап, біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдайды деген сенімдеміз.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button