Жаңалықтар

Заң бұзғанға жаза қатаң

Көліктегі полиция департаменті Қарағанды сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастамасымен Қарағанды вокзалында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Оған Қарағанды қалалық салық комитеті мен қала əкімдігінің өкілдері қатысты. Арнайы топ өкілдері вокзал маңындағы үлкенді-кішілі сауда орындары мен асхана желілері, мейрамханаларға кіріп, спиртті ішімдік сатпау туралы заңның қалай жүзеге асып жатқаны жəне сауда орындарының лицензиясын тексерді.

Суреттерді түсірген автор

Қазіргі уақытта вокзал маңында 10- ға жуық павильон бар. Оның қатарында кафе, дүкен жəне монша да кіреді. Ал, оның үшеуі – əкімшілікке тиесілі. Арнайы құрылған топ барлық сауда орындарына кіріп, Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200, 204 жəне 463 бабтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Яғни, заңнамаға сəйкес алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарды бұзу, белгiленбеген орындарда тиiстi тiркеусiз немесе рұқсатсыз кəсіпкерлікпен айналысу жəне 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін сату мəселесі қозғалды.

– Жолаушылардың ішімдік ішіп вогонға мінуіне тыйым салынады. Ішімдік ішкен жолаушы вагонда қылмыс жасамауына кім кепіл? Осындай мəселенің алдын алу мақсатында осы шараны аймақ бойынша ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, ақша табу мақсатында ішімдікті заңнамалық тұрғыда шектеу қойылған уақыттан кейін сатып, пайда көретіндер де болады. Тексеру барысында заңбұзушылық анықталған жағдайда айыппұл салынады. Əрі мүлікті конфескациялау жұмыстары жүргізіледі, – деді Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бағлан Жарылқасынұлы.

Жыл басынан бері ішімдік ішіп, пойызға мінген 25 адам түсірілген. Пойыз бригадирлерінің актісімен, полиция қызметкерлерінің қатысуымен тиісті шаралар қолданылды. Пойыз жолының бойында орналасқан ірі сауда орындарының бірі – «Алтын таға» кафесі. Мұнда тек кафе емес, моншасы да бар.

– Кафе болған соң күндіз тұтынушыларымызға тыйым сала алмаймыз. Бірақ, олар мас күйінде келсе, кіргізбеуге қақымыз бар. Мұнда тек əйелдер жұмыс істейді. Жайсыз жағдайлар орын алмау үшін барынша мас күйіндегі адамды кіргізбеуге тырысамыз. Ал, кешкілік уақытта спирттік сусындарды сатпаймыз. Ұрланып сатып, заң бұзғымыз келмейді. Өз басым қызметкерлерімнен заң аясында жұмыс істеуін талап етемін. Егер, қызметкерлерім түнгі уақытта ішімдік сатса, айыппұлын өздері төлейді. Ал, айыппұл мөлшерінің қаншалықты қымбат екенін жақсы біледі. Сондықтан, əрқайсымыздың ұйқымыз тыныш болуы үшін заң аясында жұмыс істейміз, – деді кафе қожайыны Антонина Бикбаева.

Қазыбек би аудандық кірістер департаментінің бас маманы Рустем Каримов та заң бұзған дүкен қожайындарына аса үлкен көлемде айыппұл салынатынын баса айтты.

– Егер сауда орталықтарының сатушылары лицензиясыз спирттік ішімдіктер сататын болса, жеке тұлғаларға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, жеке кəсіпкер мен шағын кəсіп иелері 25 немес 50 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Тіпті, 100 АЕКға дейін айыппұл көзделген. Сонымен қатар, тауарлардың құжаты болмаса – заңбұзушылық. Айыппұл салынады. Спиртті сусындарды кешкі сағат 21:00- ден таңертеңгі 12:00-ге дейін сатылмау қажет. Заң бұзғандардың жазасы – осы, – деді Рустем Каримов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button