Аймақ

Заң – бәрінен үстем

Азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы міндеттер мен перспективалар ел Конституциясы күні қарсаңында өткен дөңгелек үстелдің тақырыбына айналды. Оған қатысқан депутаттар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, адам құқықтары және бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, қоғам белсенділері осы бағыттағы жұмыс барысын талқылады, ұсыныс, пікірлерін ортаға салды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқосу модераторы облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов кездесу тақырыбы қашан да өзекті екенін атап өтті.

– Адам құқықтары – азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негізгі құндылықтары. Ата Заң қабылданғаннан бері қолданысқа қаншама заң енгізілді. Бәріне тоқталмай, соңғы жылдары қабылданғандардың ішінде маңызды құжат деп Президентіміз қол қойған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығын айтуға болады. Заң негізінде бекітілген Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспары аясында әйелдерге қатысты кемсітуді жою, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету, бірлесу бостандығы құқығы, мүгедектігі бар адамдарға қатысты адам құқықтары, адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары, адам сау­дасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ, мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтары бағыттары көзделеді. Конституцияға маңызды мәселелерге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілгенін білеміз. Оның ішінде, азаматтардың құқығын қорғау механизмдерін жетілдіру, басқару құзыретін бөлу, Парламенттің мәртебесін арттыруға суперпрезиденттік модельден халықтың қатысуын көздейтін президенттік республика моделіне көшу сынды мәселелер бар, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов қоғам белсенділерін Конституцияны қолдана білуге, әрі насихаттауға шақырды.

– Әлемдегі өзгерістер бізді алаңдатпай қоймайды. Азаматтарымыздың құқықтық сауатты болуы үшін оны насихаттауымыз керек. Әркім өз құқығын білсе, жеңілмейді. Мәселен, Қазақстанның әр азаматының медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемін алуға, тегін орта білімге құқығы бар. Бұл жерде орта білім алу міндеттеледі. Кейбір ел азаматтарында мұндай құқық жоқ, – деп атап өтті Құдайберген Бексұлтанұлы.

Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия төрағасының орынбасары Айжан Қиясова әйелдердің өзін-өзі дамытуы мәселесіне тоқталды.

– Цифрландыру заманы болса да, ақпаратқа тапшылық бар, – деді Айжан Казимирқызы. – Ақпараттық көмек қарапайым түрде, түсінікті жеткізілуі тиіс. Себебі, қаладағы әйел мен ауылда тұратын әйел адамның ақпарат алуы деңгейі бірдей емес. Әйелдердің өзін-өзі дамыту туралы түрлі тренинг, семинарлар өтіп жатады. Алайда, оған бәрі қатыса алмайды. Бизнес құрылымдары әйелдерге осы бағытта қолдау көрсетсе екен деймін.

Ол әйелдердің экономикалық тәуелсіз, саяси белсенді болуы үшін бірқатар ұсыныстарын да айтты. Мәселен, аймақ әйелдері шығаратын өнімдерге жергілікті сауда белгісі сертификатын алу бойынша құжаттарды рәсімдеуді жеңілдету, әйел кәсіпкерлерге төменгі пайызбен қарыз беру мәселесін қарастыру, мақсатты қолдау тетіктерін жандандыру сияқты ойларын ортаға салды.

– Әйелдерді әлеуметтік қорғау шараларын жалғастыру керек. Әсіресе, отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдердің ментальді және физикалық денсау­лығын бақылау және нығайту маңызды, – деді Айжан Қиясова.

Өз кезегінде Ербол Шымкентбайұлы айтылған әр ұсынысты қолдап, оларды тиісті жұмыс комиссиялары қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, ол біздің облыс­тың ел бойынша гендерлік теңдік мәселесінде алдыңғы қатарда екенін де тілге тиек етіп өтті.
Шараға қатысқан «Қарағанды облысының азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар қауымдастығының жетекшісі Дмитрий Полтаренко қазақстандықтардың саяси мәдениеті мен құқықтық жауапкершілігі туралы сөз қозғады.

– Құқықтық сауаттылық қо­ғам­ның әр саласындағы кез келген мәселені реттеуші болуы тиіс. Дегенмен, «менің құқым бар» деушілер міндеттемелері де бар екенін есте ұстауы тиіс. Демократия мен сөз бостандығы «не істесе де рұқсат» дегенді білдірмейді. Конституция – әр қазақстандықтың бостандығының негізі. Бірақ, заң мен оның сақталуы – қоғамдық келісімнің негізі. Өз құқықтарымыз бен бос­тандықтарымызды қорғай отырып, олардың өзгенің құқығы мен бостандығына кесірін тигізбеуін есте ұстаған жөн. Құқық пен міндет тепе-теңдігін ұстану қиын. Алайда, ол сақталмаса, кез келген мінсіз деген заң да жұмыс істемейді, – деді Дмитрий  Полтаренко.

«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Ләззат Қожахметованың пікірінше, ауыл тұрғындары үшін құқықтық, цифрлық қолжетімділік әлі де төмен.

– Ауыл адамдары электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қызметті қалай алуға болатынын білмейді. Ол үшін олар аудан орталығына немесе қалаға барып, уақытын, қаражатын жұмсайды. Ауылдық әкімдікте электрондық үкімет порталы қызметтері үшін бір компьютер арнап қойса, жақсы болар еді, – деді ол.

Сонымен қатар, Қарағанды облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ирина Кисилева бірінші қыркүйектен бастап «Зорлықтан ада аймақ» акциясының басталатынын жеткізді.

– Бүгінде әр ұйымда бала құқықтары өкілдері, балалар мен жасөспірімдер ұйымдары, уәкілдік жанындағы жастар кеңесі жұмыс істейді. Еріктілер альянсы құрылды. Олар кез келген мәселені талдап, зерделеп, көмек көрсетуге дайын тұрады. Олардың ішінде, психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер, педагогтер, тіпті, үй шаруашылығындағы әйелдер де бар. Бала құқықтарына қатысты мәселе көп. Оның барлығы мемлекеттің қатысуынсыз шешім таппайды. Дегенмен, бұл жерде ата-аналар жауапкершілігі де зор. Ата-аналардың құқықтық және педагогикалық мәдениеті төмен. Әлі де атқаратын жұмыс жетерлік, – деді ол.

Басқосуда «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалы жетекшісі Индира Тоқмурзина ұрпақ тәрбиесі жайлы ойларымен бөлісті.

– Биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұрпағы тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бұл саладағы кемшіліктер бар екені белгілі. Десек те, ата-­аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отыр­масақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар, – деді ол.

Бұдан өзге де бірқатар ой-пікір, ұсыныстар айтылды. Барлығын мұқият тыңдаған Ербол Әліқұлов ұсыныстардың ескерілетініне сенім білдірді. Мерекеге орай бірқатар қоғам белсенділерін азаматтық ұстанымы және өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button