Жаңалықтар

Зақаңның кәусар бұлағынан нәр алдық

 Ардақты ұстаз, Сіз туралы жазу үшін қатты қобалжыдым. «Шәкірттік лебізімді жеткізе алмай қаламын ба?» деп алаңдаулымын. Сізді асыра мақтау қажет емес, мақтау мен марапаттың айдынында жүзіп жүрсіз. Мен сияқты мыңдаған шәкірттің қаламын ұштап, қарымды еттіңіз. Өзіңіз түрен салған журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойында, мен де Қарағанды өңіріндегі алғашқы шәкіртіңіз ретінде қалам тербемей қала алмадым.

Суреттер: автордың жеке мұрағатынан

      Сонау 1993 жылдың шіліңгір шілдесінде арман болған Алматыға жолым түспей «Журналист боламын!» деген арманымның тауы шағылғанда, әкемнің тапсырмасымен ұстаз болуға бет бұрып, Қарағандыға жол тарттым. Ішім алай-дүлей, қыз-қыз қайнайды. Өксігімді ішке жиып, филология факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Әкем ауылға аттанып кетті. Екі күн араға салып талапкерлер жиналған Қарағанды университетіне тағы бардым. Арман қуған мен сияқты қаракөздер қаптап жүр. Құжат қабылдаушыларға да, қалаға да, ептеп үйрене бастадық. Бірде сол жерде үгіт-насихат жүргізіп жүрген қыздардан «Биыл университетіміздің филология факультетінен журналистика бөлімшесі ашылды. Аталған бөлімге болашақ журналистерді шақырамыз!» дегенін естігенде қатты қуандым. Жүрегім тулап кетті. Құжаттарымды дереу  журналистика бөліміне тапсырдым. Арманым орындалып, қалаған мамандығыма оқуға түсіп, студент атандым. Уақыт сырғып өтіп жатыр. Алғаш ашылған бөлімшенің қазақ бөліміне 10 студент қабылдандық.

Алғашқы дәрістерімізді де бастап кеттік. Сол кезде тау тұлғалы ұстазымыз Зарқын Сыздықұлы бізді әкеміздей қарапайымдылықпен қарсы алды.

– Бірден айтайын, сендер – болашақ журналиссіңдер. Ең алғашқы кезекте өткір болыңдар. Жалтақтық сендерге жараспайды, ойлана жазатын, ойлы жазатын, һәм ойландыра жазатын журналист болуларың керек, – деп қатаң айтты. Қасына үйіріп алып, бірден ақылы мен тәрбиесін қатар сіңіріп, шығармашылық шабыт берген ардақты ұстаз.

Атақты профессор болғанына қарамастан, қарапайымдылықтың үлкен үлгісі болды. Нағыз ұстаздың шынайы бейнесін сол кезде Зарқын Сыздықұлынан көрдік.  Ол кезде бөлімшеде  журналистиканың жілігін шағатын Ермек Балташұлы (газет дизайнын шебер сызатын), Қуандық Шамақай  (Әлем журналистикасын жетік меңгерген ұстаз) (марқұм), Мейрамхан Жәпек (Қазақ журналистикасының тарихын санамызға сіңірді) сынды білікті ұстаздар дәріс берді.

Төрт ұстаз, он студент бір үйдің  адамындаймыз. Лекцияларымыз сағатқа созылса да, ұзын сонар жазбаларға дәптерлеріміз толмайды. Барлығын нақты тәжірибемен түсіндіріп, құнды-құнды лекциялармен  сабақтарымыз өтіп жатты. Зақаңды әкеміздей көріп, кейін «Зақа әкей» деп атап кеттік. Үнемі уақыты болмай, әркез қат-қабат жұмыстармен жүретін ұстазымызды сабақ арасында көріп қалсақ та, бір ауыз сөзінің өзін бір сабақтың лекциясын тыңдағандай құнды деректер алып қалатынбыз.

Уақыт өте келе, бізге «Жазғыштарым, кейін жаза жатарсыңдар, жүріңдер, мен сендерге тірі журналистерді көрсетейін» – деп,  қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына алып барды. Облыстық редакцияның табалдырығын имене аттадық. «Арман болған тек үлкен журналистер ғана баратын жер» – деп ойлағанмын ғой өз басым. Редакцияны аралап, «тірі журналистерді» көргендегі менің журналистикаға деген ынтықтығымды еселене түсті.

Зақа ұстаз – тума журналист қой. Сол тірі журналистердің біразының (Мағауия Сембай, Серік Сексенұлы, Аман Жанғожин, Төрехан Майбас, Серікбай Алпысұлы, Сүйіндік Жанысбай) қарамағында тәжірибеден өтіп, шыңдала түстік. Алғашқы түлектер болғаннан соң біздің бөлімшенің құрылымы да, жұмыс жасау дағдысы да мүлдем бөлек еді. Филология факультетімен жағаласып жүріп білім алып, Қарағанды университетінің қай жатақханасында бос орын болса, бізді сол жерге орналастыра беретін. Кейде бос орын болмаса,  Гүлнар анамыз (Гуля шешей) үйіне шақырып алып, туған анамыз секілді бауырына басатын. Осының бәрінде Зарқын Сыздықұлы ұстаздық, әкелік қамқорлықпен, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өзінің сөзімен айтсақ, «табақтай» дипломды ұстатты. Менімен бірге ақын, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Руслан Нұрбай, Ұлттық кеңестің мүшесі, ұстаз Ләззат Қожахметова, қаламы қарымды журналистер Қарлығаш Жантуғанова, Қайныш Бұхарбаева, магистр Айгүл Төлепбекова үлкен өмірге жолдама алды.

Оқу бітіргеннен кейін Ләззат пен Қарлығаш, Айгүл  келешек журналистерге дәріс беру үшін кафедрада ұстаздық қызмет атқарды. Тізгінді кіл білікті ұстаздармен қатар ұстап, шәкірт тәрбиеледі. Руслан ақындығымен бірге, қаламын мұқалтпай журналистиканың жілігін шағып, майын ішіп жүр. «Бәріміз қалада болмайық, ауыл журналистикасын жаңғыртайық!» деген мақсатпен мен туған жерге туымды тігіп, ширек ғасыр бойы аудандық газетте қалам тербеп келемін. Бұл өмір жолымызды тізбектей жазуымның себебі Қарағанды журналистикасының алғашқы іргетасын қалаушылар, аймақтық журналистиканың негізін қалануына еңбек сіңірген жандарды атап өту, жас ұрпаққа үлгі ету. Оның ішінде,  журналистиканың атасы Зарқын Сыздықұлы жайлы және журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойында шәкірттік үнімді  баспасөз арқылы жеткізуді жөн көрдім. Зақаң – нағыз  кәусар бұлақ. Ардақты ұстаз туралы таңды-таңға ұрып  жазуға болады. Зақаң – оған лайық тұлға.

Журналистикадан жеке Зақаңның талантты қырлары көп, сол біздің студенттік жылдарымызда Қарағандыда теңдесі жоқ аудармашы болды. Орысша кітаптарды ала салып, әдеби тілмен ауызба-ауыз аудара беретін. Зарқын Сыздықұлы  осы жасына дейін нағыз елге елеулі, халыққа қалаулы, еңбегінің жемісі көзі тірісінде бағаланған аса құрметті тұлға. Зарқын Сыздықұлын әр қырынан шәкірттері ашып жаза жатар, менің  алғашқы қарағандылық шәкірті ретінде қысқаша жазған естелік әңгімем осы. Ұстазым – Мағжан туған Қызылжарда, мен – Әлекең туған Ақтоғайдамын. Алайда, әлі күнге менің редакторлығымды қадағалап, газетімді оқып, бағасын беріп отырады. Қалай ғана қадірлемейсің, құрметпен бас иемін Сізге, ұлағатты ұстаз!

Гүлнар МЕТАЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button