Биыл аталса-ақ, бойымызды үрей, қорқыныш билейтін , халқымызды адам айтқысыз қайғы-қасіретке тап қылған қаралы 37-ші жылдың зұлымдығына 80 жыл болып отыр. Еске алсақ, кешегі кеңес кезең кесепаты шырқау шегіне жету кездегі сан мың жанның қанқасап қырғыны елестейді. Небір құпиялары ашылғанмен жабулы талай сыры әлі аз емес секілді. Қанша ұмытқымыз келсе де тарих бетінен өшіртпейді.
Ақыры жантүршігерлік нәубетке апарып соққан сұрқиялық саясат ел ішінің әлуетті әулеттерін тәркілеуден, қатыгездігі асқынған билік зорлық-зомбылығы зораюдан, қолдан жасалған алапат ашаршылықтан белең алғаны аян.ҚСРО Ішкі істер халық комиссары, Мемлекеттік қауіпсіздіктің бас комиссары Ежовтың 1937 жылдың 30 шілдесіндегі «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антикеңестік элементтерді репрессиялау бойынша жүргізілетін операция туралы» бұйрығына сәйкес бұл науқан дереу қолға алынып, төрт ай мерзім ішінде аяқталуға тиіс екені көрсетілуі отқа май құяды. Онда 1-ші (ату) және 2-ші (соттау) категориямен жазалануға жататындардың саны белгіленеді. Ет өткізу, мал санын арттыру, егін шығымдылығын көтеру жоспарынша Қазақстанда 1937 жылдың 5 желтоқсанына дейін 2500 адам атылып, 5 мың адам ұзақ мерзімге сотталу керек болса, жоғарыдан жобаланған квота республика тарапынан толықтырылып, ату жазасы еселеп өсіріледі. Ал, Қарағанды облыстық НКВД жендеттері де оны асыра орындаушылардан қалыспай Мәскеуден бекітілген квотадағы 200 адамға тағы 200-ге жуық адам қосады. Жергілікті билікті ұстаушы Адамович, Духович және Пинхасиктен құралған Үштік үкімдері 588-ін оққа байлатып, қандай себеппен күдікті-кінәлі бола қалуларынан мүлдем бейхабар жұртты мың-мыңдап өскен орталарынан айырудың азабы мен қорлығын тартуға ұшыратады.
Аяқ астынан ілік іздеп, тыным таппаған жаппай қуғын-сүргін сойқаны қылшылдаған жасты да, еңкейген кәріні де, ол ол ма, ең сұмдығы әкелі-балалыны да, ағалы-ініліні де, ерлі-зайыптыны да большевиктер 1918 жылы 11 Николай патшаны бала-шағасымен бірге атып тастағандай ештеңеге қарамастан жоқ қылуды аямаған. Жалған жала жапсырылған кекшілдікке қоса шалынған ең етжақын жандар бір-бірлеп емес, он-ондап, жүздеп саналады («Аза кітабы. Атылғандардың тізімі. Қарағанды және Қарағанды облысы». Алматы: «Әділет», 1997). Олар туралы деректер тым аз. Өкінішке қарай, нендей айып тағылуы, не үшін аса ауыр үкім кесілу туралы құжаттармен танысу қиын. Білгендерін еміс-еміс естерінде сақтап қалушылар, жеткізуші ұрпақтары азайып барады. Өз тарапымыздан естігеніміз бен білгенімізге сүйеніп есімдерін еске түсіртіп, есте ұстату көкейде жүрген ой еді. Әрине, әттең бәрін атап, айтып мүмкін емес. Әңгіме тамыры біртұтас отбасыларды ойрандап, жойып жіберуге шейін аяусыз жүргізілген сұмдық қаскөйліктің бірер мысалдары жайлы ғана.
ОТАЛҒАН ОТАУЛАР
Бұл өзі айтуға өте ауыр, аса аянышты оқиғалар. Сонда да баян етпей алмайсың. Аты-шулы 37-ші жылдың ойранында арыстардың жеке басын атып тастау аздай тұтас отбасыны бірдей опат қылған қырғынның ащы шындықтарын жеткізу, арылу парыз сияқты.
Бұрын-соңды құлақ естіп көрмеген мұндайлық жауыздыққа Қарағанды аймағында алдымен іліккендер ерлі-зайыпты Мәжен мен Торғай Сүлейменовтер болыпты. Қасақана ұйымдастырылған кезекті зобалаң басы отыз жетінші жылдың көктемінде Торғай, іле Мәжен қамалады. Көп ұзамай күзде Үштіктің үкімімен бір күнде ату жазасына кесіледі. Мына суретте жас жұбайлар екені бірден аңғарылатыны осы кісілер. Шаңырақ көтеріп сәбилері Сайдалы мен Еркіннің қызығына бөленіп, қатарластарының алды танылып, келешекке үлкен үмітпен қараған бейнелері. Ауылдық кеңестің төрағасы, колxоз басқармасының төрайымы ретінде жерлестерін алға ұмтылдырушы қосақтың сәулелі шақтары еді бұл. «Пәле қайда деме, аяқ астында» деген. Ойда жоқта тағдырдың тәлкегіне тап болармыз деген ой өңдері түгіл түстеріне енді дерсіз бе сонда.
Маңдайына жазғаны шығар, алғырлығына орай Мәжен бұған шейін ортасынан ерте озып жүрген. Нұраның Амантауынан қанат қаққан жігітті білім меңгеріп те үлгеру,шаруаны білгірлікпен үйіруді де үйрену ел ішіндегі қат-қабат жұмыстарға қызу араласуға тартқан-ды. Шаxаман ауылдық кеңестің төрағасынан әрі өсуіне жол ашықсыз еместін.
Отырықшыландыру, әйелдерді сауаттандыру,артель,колxоз құру секілді іс-шараларға белсене ат салушы араларындағы жалғыз қыз Торғаймен таныс-білістік көңіл жарастыруға жалғасады. Жүктелген міндетті,партия тапсырмасын орындауға әрдайым дайын іскер келіншек екі балдырғанын енесі қолына қалдыруға тура келсе де көрші облыстың Еркіншілік ауданына барып,аудандық әйелдер кеңесі қызметін қыздырады. Қай жерге де жақсы кадр қажет.Қайта шақыртылып,өзі өскен Көкмөлдір ауылына, бұл уақытта Исаев атындағы колxозға төрайым болып тағайындалады.
Алыстағы жаңа шаруашылықтағы жағымды өзгерістер жан-жаққа жаңғыра бастайды.Соны тікелей көруге келген облыстық атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбеков оң тәжірибені жер-жерге үлгі етуге үндейді.
Алайда, алдағыны кім болжап білген дерсіз. Арада жыл өтпей жатып дүние шыр көбелек айналғанда екінің бірін ізін аңдушылар ештеңеден қаперсіз ерлі-зайыптыны ұстайды. Құрыққа сырық жалғап,бармақты бақандай етушілер кім білсін, аяқ астынан жалалы болушы ел ағасымен сондағы кездесуден де ілік тапты ма деген ой келеді бүгін. Орда бұзарлық, еңбекке жалынды, мектеп жасына жетпеген, емшектен шықпаған бүлдіршіндеріне пана шақтарында опат етіліп кетеді.
Бұл өз алдына. Кісі шошырлық зұлымдық тағы бір сүттей ұйыған сәулетті отбасын ойрандауын айтпай өтпеске болмайды.Иә,Тілеуберген мен Бәтима Алышбаевтар да жұртқа өнегелі, сүйкімді жұбайлар болатын. Ол кезде жергілікті тұрғындар арасынан шыққан білікті медицина қызметкерлері сирек саналса, Тілеуберген аймақтағы алғашқы қазақ дәрігерлері,ал Бәтима бірінші қазақ акушер қыздарының бірі болуын атаған жөн. Мұның сыртында жұп жарастыра ауылдық жерде қызмет етулері перзенттік парыздарын сездіргендей. Өкінішке қарай,жап-жас өмірлері нақақтан-нақақ қиылған аяулы жандар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында сақталған еш дереккөз болмай отыр. Тағдырлары шерлі аға буын әріптестері есімін, ісін есте тұтуға енжарлық күйіндіреді.
Қолымыздағы аз-мұз мағлұмат бойынша Тілеуберген Алышбаев Алматы облысының Талдықорған ауданы 7-ші аулында дүниеге келуін білеміз. Қарағандыға институт бітірген соң жолдамамен жіберілген тәрізді.Қарқаралы ауданындағы Ворошилов учаскелік ауруxанасының меңгерушісі болады.
Сол уақытта қамалушылардың бәріне ортақ бір-ақ пәле, бір-ақ жала жабылғаны белгілі. Үкіметке қарсы сөз айтты, партия саясатын жамандады, жеп қойды, алыпсатарлық жасады деп үрейлі 58-ші бап тармақтарының бірін жапсырып ,ең ауыр жазаға іліктіру түкке тұрғысыз-тын.
Сүлейменовтер сияқты Алышбаевтарға аталған бап айыптары тағыла салынған. Мәселен, Т. Алышбаевқа 2,7,8 және 11-ші тармақтары, яғни, төртеуі қатарынан қабатталған. Ал Ежовтың 1937 жылдың 15 тамызында «Отанға сатқындық жасаушылардың әйелдері мен балаларын репрессиялау бойынша операция туралы» бұйрығында сотталушыны бүркемелеуші, сотталушының контрреволюциялық әрекетін біле тұра тиісті орындарға xабарламаушы әйелдерді тұтқындау жөнінде пәрмен Бәтима Алышбаеваны да көзден таса қалдырмаған. Тыныс-тіршілігі бір адамдарды жазалауға шексіз ерік берудің аяусыздығын осынау отбасылар қайғылы тағдыры көрсетеді. Әйелін күйеуіне,күйеуін әйеліне айдап салу арқылы қоса ату шіміріктірмеген. Неткен қаныпезерлік, неткен тағылық десеңізші. Кейіннен қылмыс құрамы болмағандықтан ақталғанда кінәлері не екенін білмей өткен мұндай мұңлықтар аз болмаған.
ЖАЗЫҒЫ
НЕ ӘКЕЛЕРДІҢ?
Бұдан әрі сөз еткелі отырған жай, белді әулеттерді жойып жіберу көзделген қатыгез кекшілдік кесапаты. Әкелі-балалыға, ағалы-ініліге ажал құштыртып, сүйектеріне түйір уыс топырақ бұйыртпай жермен-жексен қылу күні бүгінге дейін мыңдаған жүректегі мұң. Қазақтың қай шаңырағын да шарпымай кетпеген қасірет.
Мұны айтқанда Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбековтің әкелері Сәдуақас, Сейфолла, Әбдіраxман қарттардың өмірі соңының аяныштылығы жанға батады. Еліне жанашыр, тұтқа азаматтар тәрбиелеуін көңілге медет тұтқан, ешкімге ешқашан қылдай қиянат жасап көрмеген, өкімет іс-саясатынан мүлдем тысқары ақпейіл, ақылман, аңғал ақсақалдарды төрінен көрі жақын жастарында оққа байлау ақылға сыймайды. Жарық дүниедегі ақырғы ай-күндері турасында мағлұмат там-тұм ғана. Қаза қай жерде, қалай жетті?! Әлі тіс жарылмайды.
«Орнында бар оңалар» делінбекші, тәубе дейік, үрім-бұтақтары өсіп-өнулі. Қуаныштысы сол, біреулер білер, біреулер білмес көзі тірі тікелей ұрпақ та бар арамызда.
Таныстыралық. Құрман Сәдуақасов. Әкесі ұсталғанда екі жасар бала бұл күнде сексеннің сеңгіріндегі қадірменді қария. Сәлем бере барып, әңгімеге тарттық.
Ұстамды, салмақты, кеудесі көтеріңкі кісі болып шықты. Асырып сөйлемей, артық әсірелемей есте сақтағанын байыппен баяндады.
– Әкей Ақмақан, Жалмақан атты екі ағайындының Жалмақанының баласы. Екі рет үйленген адам. Бас-аяғы жеті бала өрбиміз. Ұлдары Жанайдар, Сағынай, Рзыxан, Әсет, қыздары Зейнел, Оңалдың ішінде ең кішісі, яғни кенжесі менмін.
Ескіше едәуір сауатты, көкірегі ояу жан болған. Түркістаннан жас молда алдырып, мектеп аштырған. Үлкен ағамыз Жанайдар сонда оқыпты. Бес-алты жасында-ақ ескі қиссаларды үйдегілерге оқып та, жатқа айтып та беретін зеректігіне орай Ақмолада, Орынборда білім ұштауына барынша қолдау жасаған.
Ел біржола отырықшылыққа көшкенде Қарқаралыдан түйелермен қарағай тасытып, мектеп салдырған. Ол кешегі алпысыншы жылдарға дейін ауылымыздағы білім ұясы болды.
Ұсталғаннан кейін өлі-тірісі беймәлім бала кезімде үлкендер оңашада басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп «Әкеңнің қамқоры арқасында ашаршылықтан аман қалдық. Тектінің тұяғысың. Ұмытпа. Есті бол» – деп құлаққа сыбырлайтын. Аштық біліне бастағанда Ақмоладан ау, сүзекі әкеліп, Сөрті, Сарысу өзендері мен өзектерден балық аулата жан сақтатуы қырылудан сақтапты, – деді.
– Ақсақал, әкеңіздің қалай ұсталғаны туралы не айта аласыз? – дедік сыр аштыра түсуге тырысып.
– Ақталғаннан соң ғана шешей айтып қалып отыратын. Бесін намазын оқу үстінде тұтқындады. Аяқтауға мұрша бермеді. Машинаға мінгізілген бес-алты егде адамдар арасына қосты. Бәрі елдің бетке ұстар кісілері-тін. Арада біраз күнде ағаң Сағынай Атасуға жеткізілгенін естіген бетте іздеп барды. «Балам, мыналар қайтара қоймас. Жанайдарымның да қамауға алынғанын айтып қорқытады. Іні-қарындастарына сүйеу бол» деп аманат айтыпты дейтін.
Атадан балаға қоныс туған ауылы Түгіскенде, оның орнын басқан «Жеңіс» кеңшарында белді қызмет атқарған Құрыкең әңгімеге қатысты нақты деректер келтірді. Әкесін тергеу ісінің №03956 материалдары бойынша берілген мұрағаттық анықтама алдымызға тартылды. Соған тоқталып өтелік.
Жалмақанов Сәдуақас. 1889 жылы туған. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының №9-шы кентінің тумасы, қазақ, КСРО азаматы, партияда мүшеде жоқ, әлеуметтік жағдайы – ауқатты, сотталмаған.
1937 жылғы 26 қарашада қамауға алынған. Қарағанды облысы бойынша ІІХКБ (ішкі істер халық комиссариатының басқармасы) Үштігінің қаулысы 1937 жылғы 08 желтоқсандағы үкімімен РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы 2,7,11 тармағы бойынша жоғарғы жаза – ату жазасына кесілген.1938 жылғы 14 қаңтарында айыптау үкімі орындалды.
Айып тағу… Контрреволюциялық ұйымға қатысуы, колxоздың ыдырауы, ЖӨС (жерді өңдеу бойынша серіктестік) ауыл шаруашылығы жарғысын аударуда олқылықтар болуы, «Қамысмола» ЖӨС-те колxоздың 100 бас малын сатып жіберуі және союды ұйымдастыруы…
Қарағанды облыстық соты төралқасының 1957 жылдың 28 қарашадағы қаулысымен Қарағанды облысы бойынша ІІХКБ жанындағы айрықша үштіктің 1937 жылдың 8 желтоқсанындағы Жалмақанов Сәдуақасқа қатысты аталған үкімінің күші жойылып, қылмыс құрамы болмағандықтан қылмыстық іс өндірісі қысқартылған, яғни,С.Жалмақанов ақталған.
С.Жалмақановтың жеке заттары, құжаттары, фотосуреттері, жазысқан xаттары және жеке жазылған құжаттары істе жоқ, жерленген жері белгісіз. Міне, ақырғы тағдырының мәлімделінген бар елесі осы. (Айта кетелік, ақталудан соң ағасы Жанайдардың әйелі Елизавета Александровна Сәдуақасоваға, баласы Рустамға «Мәдениет және тұрмыс» журналы арқылы іздеу салуы назарларына іліккен Ташкенттегі қазақ танымал азаматтарының жеңгесімен, бауырымен табысуына көмегі, өше жаздаған шаңырақ отын жандыру жайы алдағы бөлек әңгіме).
Ендігі айтылар оқиға да тұп-тура осындай. Білуімізше, Сәкен Сейфуллиннің әкесі де қыркүйек айының аяғында сыртта алаңдаусыз мал қарайлап жүргенде тұтқындалады. Ортаудың баурайындағы Қызылшіліктегі қыстағына жеткен машинадан секіріп түсушілер жалма-жан екі қолтығынан қапсырып қорабына отырғызады. Үйінен жүгіре шығып, қоштасып қалуға ұмтылған сыйлас тұрғыласын да бас салып, алып кетеді. Содан бұл дүниеде бар-жоғы белгісіз күйде екеуі де көзден ұшады.
Екі ескі серіктесінен бұрынырақ ұсталып, атуға кесілген Абдолла Асылбековтің әкесі Әбдіраxман ақсақал да қамалудан құтылмайды. Ұлы туралы жаманат хабар жеткенде үйінің есік-терезесін жауып алып, түннің бір уағына дейін қаза намаздарын алдын-ала оқып жүріп, бір түнде зым-зия жоқ болады. Ақмолаға әкетіліп, Сібірге 10 жылға айдалуы ұзақ жылдан кейін ғана білінеді.
Абдолладан көп кіші інісі Бапанды нағашы атасы Қаңтарбай жасырып баурына басып, ата-тегіне жаздыртып, аман-есен өсіреді. Құрдымға кетуге шақ қалған әулет тамырын қазақи бауырмалдықтың осындай қасиетті үрдісі үздірмегеніне шүкір, бір атадан көктеген үрім-бұтақ бар.
А.Асылбековтің өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеген белгілі ғалым-қаламгер, марқұм Рамазан Сағымбеков ағамыздың анықтауынша қария лагерьдегі жан төзгісіз азаптан қаза табады. Тағдырдың жазуына не дейтіндей шара бар,соңғы тынысы үзілерде басын сүйеп, аузына су тамызып, дем беріп отырып көзін жапқан Абдолласының жолдасы Жұмабек Баймолдин екен. Бұл кісі кім десек, А.Асылбековтен бастап Қарағандының бір топ қызметкеріне қозғалған «Қарқаралы ісінде» атудан аман қалып ,15 жылға алмастырылған айдауда тозақты бастан бірге кешуші жан болуын еске саламыз.
Айта берсе, қайтерсіз әдейілеп ұйымдастырылған нәубет аранына жұтылған әулеттер жеткілікті. Баққан малынан,еккен егінінен өзгеде шаруасы жоқ қарапайым қауым үлкен-кішісіне шүйлігу алақұйын науқанға айналғанын Машрап Аxметов, Нығметолла Машрапов Амантай, Кенже, Мамай Іңкербаевтар, Сәду, Шолақ Дәуірбековтер, Жақсыбек, Тишбек Шілембаевтар, Садық, Бектұрсын Бекxожиндер, Орманбет, Қоспабай, Иса Шондыбаевтар сияқтылы ауылдарынан аттап көрмеген, xат танымаушы әкелі-балалылар, ағайындылар өздері сенген өкіметтен жапа шегеміз, оғына ұшыраймыз деп ойлап па, сірә.
Өзі де лагерь азабын бастан аяқ тартқан, қаралы кезеңнің қырық қатпарлы қасіретіне тікелей куәгер, жазушы Жайық Бектұров «Таңба» кітабында «Кейбіреулер әліпті таяқ деп білмейтін қараңғылар, қайдан келіп, қайдан қойғанын түсінбейді. Әлемнің күллісіне ортақ жарқыраған жалғыз күннің қай жақтан шығып, қай тұстан бататынын білмейді. Міне, жасында жетім бала боп, жоқшылық көріп өскен Әбдіраxман Мұздыбаев жұдырықтай күйкі адам.Таңырқаса да, қорықса да екі сөзінің бірінде «Ой, Алла-ай, біздің ауыл қай жақта, құбыламыз қайсы, қай тұстан келдік деп отырады» – деп жазуындай жазалауға негізінен кімдер шалынуын айғақтайды.
Жалпы осылайша топырлатып қамауда аймақ бойынша жүздеген адамға қылбұрау түседі. Біріне-бірін бақтыртып, біріне-бірін аңдытып қойған сұрқиялықтың қапыда қан қақсататынын қайсысы біліпті?! Не құпиясы бар, сыртқы сұқ көз емес, өз елдестерінің «шаш ал десе бас алған» белсенділері, айғайы басылмай айызы қанбайтын арызқойлары, күле жүріп күңіренген күншілдері сыбыры дайын айыптарды таға салуға жалаңдаған тергеуші жендеттерге әр нәрсені ежіктеп, қазбалап, түймедейін түйедей қылып, неше қилы қара күйені қалыңдату еш қиындық етпегені күмәнсіз.
Қанды қасап құрбандарының өмірі КарЛаг орталығы – Долинка лагерінде қиылғаны мәлім. Қарағандыдан Шерубай-Нұраға қарайғы ел тіршілігі берекелі, атақты Игілік, Жұман байлардың сан мың жылқысы өрген өлке еді ол бұрын. Мұнда қазір жазықсыз жапа шеккендердің, атуға кесілгендердің өксікке, зарға толы қасіретті күндерін саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейі елестетеді. Бірақ, келушілер бір жайды біле алмай кетеді. Олардың қайда жерленуі белгісіздігі, руxтарына тағзым жасауға мүмкіндік жоқтығы қынжылтып жатады. Аталған музей директорының орынбасары Ібіраxым Ісләмовтің айтуынша, кезінде лагерь маңайында 4 қорым болған көрінеді. Уақыт өте келе шөп басқан, жыртылған, көкөніс егілген, бүгінде біреулер меншігіне өтіп кеткен. Бұл қорымдар бірін шарбақпен қоршап, атылған адамдардың есімдері жазылған ескерткіш белгі орнатып, тағзым етерлік орын болуы ұрпақтары, туған-туысқандары көңіліндегі тілек.
Тариxи тұрғыдан алғанда бұл күні кешегі ғана оқиға болғанмен уақыт өткен сайын оқтын-оқтын еске салып тұрудың, ұрпақтан-ұрпаққа ұмыттырмау керектігінің еш артықтығы болмаса, биыл жөні бөлектігі айтпаса да түсінікті шығар.
Айқын НЕСІПБАЙ.
СУРЕТТЕ: Мәжен және Торғай Сүлейменовтер.