Өз ісінің мамандары
Бүгінде Қарқаралы ауданында Бейбіт ЖҰМАНБАЕВ басқарып отырған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысы ауқымды. Бөлімде 92 адам қызмет жасаса, оның 12-сі мемлекеттік қызметкер, 68-і әлеуметтік қызметкер және 12-сі штаттан тыс еңбеккер. Халықты жұмыспен қамту орталығындағы 6 қызметкер де әлеуметтік сала маманы.
Айта кетейік, жалпы, аудан бойынша, 1738 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылатын басымдықтар ішіндегі маңыздысы – халықты жұмыспен қамту. Айтулы мәселе ауданда оң шешімін тауып, жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызға дейін төмендеген. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы қаншама адам уақытша және тұрақты жұмыспен қамтылған. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, адамдардың өмір сүру сапасы, кембағал жандар мен қауқарсыз қарияларды қамқорлықтан тысқары қалдырған емес. Осындай міндеттерді атқарып отырған бөлімде бүгінде үш бөлімше және төрт сектор бар. Атап айтқанда, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі», «18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек адамдарға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі», «Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі», «Еңбек нарығының мониторингін жүргізу және талдау секторы», «Әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау және төлеу секторы», «Ардагерлер және мүгедектермен жұмысты ұйымдастыру секторы», «Құжаттамалық және қаржы шаруашылық қамтамасыз ету секторы». Бөлімде 16 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған үкімет тарапынан қабылданатын ауқымды бағдарламалар да осы бөлім арқылы жүзеге асырылып келеді. Біріне жұмыс тауып берсе, бірін оқытып, несиелендіріп, кәсібін ашуына мүмкіндік туғызады. Сондай бағдарламалар қатарында, «Мүмкіндігі шектеулі жандарға инфрақұрылым нысандарына қолжетімді ортаны қалыптастыру», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бар.
Аталған бөлім қиын жылдарда халықты әлеуметтік қорғау саласында айтулы жұмыстарды іске асырды. Сол кездерде бөлімде басшылықта болған Роза Сәдуақасова, Ойрат Жүкібаев аудан халқының әл ауқатының артуына еңбек сіңірді. Сондай жанның бірі – Бәтима Маратқызы. Бар саналы ғұмырын, жастық шағы мен күш қайратын әлеуметтік салаға арнаған жан бүгінде құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Зейнеткерлікке шыққанымен қанша жылдар қарияларға қамқорлық танытып, көмек қолын созып келе жатыр. Қамқорлығындағы жандардың отбасы бір мүшесі болып кеткен әлеуметтік қызметкер қиыншылығын бөлісіп, қайғысын түсініп, адамгершілік пен адалдық танытып келеді.
Оның айтуынша, алғаш 1979 жылы сол кездегі аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Мақыш Жұманбаев медтіркеуші қылып қызметке қабылдайды. Бас есепші Хасен Ахманов, есеп жүргізушілер Клара Габдуллина, Айман Мұқашева, Мария Мұқашева, Рымтай Мұқтарова, Шолпан Даниярова, Мария Сыздықова сынды азаматтармен алғаш еңбек жолын бастап кетеді. Барлық іс-қағаздарын қолмен жасап, облысқа қажетті құжаттарды пошта арқылы жөнелтетін кездері де болады. Нарықтық кезеңге аяқ басқан 1997 жылдардың қиын уақыттарын бірге қайыспай көтерген бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Шакира Бөкеева, Амангелді Хамитов, Бақыт Искакова, Өндіріс Хамитовтармен тізе түйістіре еңбек етеді. Зейнетақы мен балалардың жәрдемақылары төленбеген уақыттарда халыққа азық-түлік таратып, әрекет етті. Жаппай қысқарту орын алған 1999 жылы Бәтима Маратқызы да қысқартуға түседі. Ол қиындықты да еңсереді. Кеңседе отырып қызмет жасаған жиырма жылы мен қамқорлыққа зәру жандарға демеу болған 18 жылдағы еңбегі елеусіз қалмады. Аудан әкімінің грамотасы және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік сала үздігі номинациясын иеленіп, Құрмет грамотасымен марапатталды. Жүрегі кең, көңілі таза Бәтима апай өзімен қызмет жасаған, көзден кеткен әріптестері Ғалия Масабаева, Гүлсім Жиенбекова, Елдос Абзаловтардың жарқын бейнелерін көңілінен шығарған емес. Қызмет бабында сол кезеңдердің қиыншылықтарын бастан өткерсе де, бүгініне «тәубе» деп, қамқорлығындағы жандарға үнемі қол ұшын беріп келе жатқан, мейірімді жан әріптестері мен қамқорлықтағы қарттары алдында қашанда абыройлы.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.