Жаңалықтар

Өз ісінің майталманы

Әскери қызметті жетік меңгерген білікті мамандардың айтуы бойынша, әскер саласындағы сапер мамандарының минаны залалсыздандыру жұмыстарында айтарлықтай күрделілік байқалмайтыны анықталған. Дей тұрғанмен, саперлердің басты міндеті – өзгелердің жолын ашып, табан астындағы жарылғыш заттардан қорғау. Әскери саланың осы бір жауапты қызметінде майор Еркінбек Байбукашев көп жылдан бері тынбай қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда даланы минадан залалсыздандырудың білікті маманы Еркінбек Қапазұлы «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің инженерлік қызметіне көп жылдан бері басшылық етіп келеді.

Сурет автордан

«Саперлердің қателесуге қақысы жоқ» деп те жатады. Тіпті, сапердің батыр тұлғасына айналып кетуінің өзін жоққа шығара алмайды екенбіз. Керек десеңіз: «….іске кіріскен сәтте бойыңда қорқыныш сезімі болса, бұл мамандықпен қош айтысқаны жөн» деп жатады. Алайда, осы айтылғанның ешбіріне қарамастан, майор Еркінбек Байбукашев асқан жауапкершілік танытып, үзбей қызмет етіп келеді.

Еркінбек Қапазұлы 1979 жылы Талдықорған облысында қарапайым отбасында дүниеге келген. Есейіп ер жетіп, мектепті табысты аяқтаған бозбала шақтағы Еркінбек «әскери маман» болу мақсатында 1997 жылы қазіргі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түседі. 2000 жылы осы әскери оқу орнын инженерлік қару-жарақтар көліктерін жөндеу және іске қосу мамандығымен тәмамдаған лейтенант шеніндегі әскери жас маман Қапшағай қаласындағы 58012 әскери бөліміне инженерлік-саперлік взводының командирі болып тағайындалады.  Қызмет тәжірибесін жетілдірген әскери маман 2004 жылы Сарыөзек жеріндегі 89427 әскери бөліміне рота командирі болып тағайындалады. Саперлік қызметте өзін жақсы қырынан көрсете білген әскери шенді маман ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясына қатысуына орай, 2006 жылы Ирак жеріндегі минадан залалсыздандыру жұмыстарын жүзеге асыру үшін қазақстандық бітімгершілік тобының арнайы инженерлік-саперлік батальонының құрамында белсене қатысады.

Біздің елден алыс Ирак еліндегі қызметтен аман-есен елге оралған әскери маман Еркін Қапазұлы Қапшағай қаласындағы әскери бөлімдердегі минадан залалсыздандыру қызметтеріндегі жауапты қызметтерді атқарады. 2011 жылы Приозерск гарнизонындағы 06708 әскери бөліміне инженерлік қызметінің бастығы лауазымына тағайындалады.

Өз ісінің білгірі саналатын Еркінбек Қапазұлының жетекшілік етуімен жеке құрам минадан ашық алаңды тазарту жұмыстарына бір кісідей атсалысып келеді. Арнайы жасақ еліміздегі жарылыс зардаптары орын алған Қарағанды облысының Тоқырау жерін минадан тазартуда көп еңбек етті. Сонымен қатар, Түркістан облысы Арыс қаласының маңындағы орын алған оқиға кезінде бейбіт тұрғындар тұратын елді мекендерге жақын жерлердегі жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерден тазарту жұмыстарына қатысып, асқан жауапкершілік  танытты. Күні бүгінге дейін, Қарағанды облысында орналасқан «Сарышаған» полигонын минадан залалсыздандыру мен оқ-дәрілерден тазарту жұмыстары асқан жауапкершілікпен атқарылып келеді.

Инженерлік-саперлік қызмет саласын толық меңгерген Еркінбек Қапазұлы өз сөзінде

– Өте аса қауіпті де, жауапты қызметте көп жылдан бері қызмет етіп келемін. Басты мақсат – алға қойған тапсырмаға асқан жауапкершілік таныту. Бізде «сапер маманы бір-ақ рет қателеседі» деген сөз бар. Сапер маманы үшін тапсырма алу бір бөлек, ал оны орындау – өте батыл қимыл жасауды қажет етеді, – дейді.

Қазіргі таңда майор Еркінбек Байбукашев отбасындағы жұбайы Мәдинамен бірге екі ұл және үш қыз тәрбиелеп отыр. Жұбайы Мәдина жеке кәсіпкерлік қызметінде Приозерск қаласының тұрғындарын ыстық нанмен қамтамасыз етіп жүр.

Думан ЖҰМАШҰЛЫ,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button