Қызылшаның екпінін екпе басады
Облыста қызылшаның асқынуы байқалуда. Өткен аймен салыстырғанда, қазан айында сырқаттанушылар саны екі есе артқан. Мамандар қызылшаның жұқпалылығы ауа тамшылары арқылы берілетіндіктен, екпе алмағандар үшін 100% қауіпті инфекция екенін айтуда. Вирус ауа арқылы ұзақ қашықтыққа оңай таралады.
Қызылшамен сырқаттану бұған дейін ақпан айында тіркелген. Қазіргі таңда облыстың барлық аумақтарында байқалып, қарашада қызылша жұқтырудың орташа есеппен 10 жағдайы орын алған. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарының ақпаратына сүйенсек, 8 қарашадағы жағдай бойынша қызылша жұқтырған 350 жағдай тіркелді. Оның 268-і зертханада расталды. Инфекцияға сезімталдық 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалуда. Қызылшамен сырқаттанудың 85%-ы екпе алмаған балаларда жиі кездесуде.
Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы егулер 12 айлық (вакцинация) және 6 жастағы (ревакцинация) балаларға жүргізіледі. Биыл аймақта қызылшаға қарсы 1 жастағы 12 028 бала, 6 жастағы 11 871 бала егілді.
– Оқу жылынан бастап мектеп оқушылары, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында қызылша жұқтыру жиі кездесуде. Ондай жағдай инфекцияның сырттан келуіне және вакцинацияланбаған балалар санының көбеюіне байланысты. Сондықтан, мектепке дейінгі балалар ұйымдарында ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне сараптама жүргізіледі. Қазіргі таңда жоспарлы вакцинациямен қамтудың шекті деңгейі сақталмаған 42 мектепке дейінгі ұйымдар анықталды. Сараптама нәтижелері бойынша тәрбие нысандарының басшыларына жоспарлы екпелермен қамту туралы жазбаша ұсыныс жіберіледі. Топтарда екпе алмаған балалардың үлесі 10%-дан аспауы тиіс. Мерзімінде вакцинацияланбаған адамдарды анықтау бойынша шаралар жалғасуда. Қосымша иммундау балалардың тіркелген жері бойынша амбулаториялық-емханалық ұйымдарда тегін жүргізіледі, – деді облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жақия Жәшібекова.
Мамандардың айтуынша, аурудың алдын алуға мүмкіндік беретін сенімді шара – ауырған жағдайда асқынулардан қорғайтын екпе. Қызылшаны дереу емдемеудің салдары – отит, пневмония және жүйке жүйесі жағынан – энцефалит, менингит, паненцефалит секілді ауыр асқынуларға әкеліп соғады.
Айта кеткен жөн, қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундауда Үндістанда өндірілген аралас вакцина қолданылады. Әлемнің 70-тен астам елінде, соның ішінде Еуропада қолданылатын вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. 2015-2019 жылдары қызылша ауруының өршуін оқшаулау үшін аталған вакцина қолданылып, иммундаудан кейін асқынулар тіркелмеген.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, 2021 жылы дүние жүзінде екпе алмаған балалар арасында қызылшадан 128 мың өлім жағдайы тіркелді. Биыл әлемнің 104 елінде (Түркия, Австрия, Сербия, Ұлыбритания, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан) қызылшаны жұқтыруда 205 мыңнан астам жағдай орын алған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі қызылша эпидемиясының қаупі туралы 2022 жылы ескерткен.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz