Қызылшадан екпе қорғайды
Аймақта қызылша жұқтырғандар саны 472 адамға жетті. Көбіне балалар арасында жиі кездесетін індетті аймақ дәрігерлері қосымша екпемен тоқтатуға тырысуда.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта облыста эпидемиологиялық жағдай асқынып тұр. Қызылшаның тіркелуі облыстың барлық аумақтарында байқалуда. Қазан мен қарашада қызылшамен сырқаттану өткен айлармен салыстырғанда екі есеге өсті. Күн сайын облыс тұрғындары арасында қызылшаның орташа есеппен алғанда 10 жағдайы тіркелуде.
– 19 қарашадағы жағдай бойынша қызылшаға күдікпен 472 жағдай тіркелді. Зертханалық түрде 327 жағдай расталды. Инфекцияға сезімтал 14 жасқа дейінгі балалар, оның жартысынан көбісі 1-4 жас аралығындағы балалар, – деді облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Жақтайқызы.
Қызылшамен сырқаттанушылық 86%-ы вакцинацияланбаған балалар арасында кездесуде. Аурудың асқынуын болдырмау мақсатында қосымша иммундау жүруде. Балалар аурушаңдығы негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен, сондай-ақ, вакцинация жайлы медициналық рұқсаттың болмауынан байқалуда.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қызылша асқынбаған жағдайда үйде емделуге болады. Дегенмен, оқшаулау жағдайларын қатаң сақтауы керек. Науқасты дәл қай жерде емдеу қажет екенін дәрігер ем тағайындау барысында шешеді.
Эпидемиологиялық себептерге байланысты жалпы қауіп белгілері бар бес жасқа дейінгі балаларға, қызылшаның ауыр және орташа ауырлық түрлерімен ауыратындарға, созылмалы аурулары бар науқастарға және жүкті әйелдерге қызылшаны ауруханада емдеу қажет. Қазіргі уақытта аурушаңдықтың көбеюін ескере отырып, қызылшамен ауыратын науқастар мамандандырылған бөлімшеге жатқызылуда.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, қызылша барлық жастағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіпті. Вакцинация аурудан, асқынулардан қорғайды әрі қосымша доза иммунитетті күшейтеді. Инфекция қаупін ескерген тұрғындарға уақытылы вакцина алу – маңызды.
Облыстың эпидемиологтары қызылшаның алдын алуда екпе алмаған жағдайда профилактикалық екпе алуды ұсынады. Сондай-ақ, әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар мен ата-аналары мәдени-бұқаралық іс-шаралардан тыс қалып, ойын-сауық орталықтарының ойын алаңдарына баруды шектегені жөн.
19 қарашада қызылшаға қарсы вакцинамен 8591 адам қамтылуы тиіс. Қазіргі таңда 4045 (47%) адам вакцина алды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz