Медицина

Қызылша бәсеңдер емес

12 қаңтардағы мәлімет бойынша аймақта қызылшамен ауырғандар саны 187.  Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, аймақта қызылшаға қарсы вакцина жеткілікті мөлшерде. Оның әрбір дозасы баланың ағзасын күшейтеді.

Сурет: smartnews.kz сайтынан

Вакцина тұрғылықты жер бойынша емханалардың барлық егу кабинеттерінде тегін. Қызылшаға қарсы жоспарлы профилактикалық егулерді, сондай-ақ жаппай иммундауды арнайы оқудан өткен медицина қызметкерлері жүргізеді. Екпелерді жүргізуде ДДҰ сертификаттаған және елімізде тіркелген аралас вакцина қолданылады. Қазіргі таңда қызылша мектепке дейінгі мекемелер арасында балаларда жиі кездесуде.

– Қызылша ауа арқылы жұғатын қауіпті жұқпалы ауру болғандықтан, екі аптаға дейін созылады. Егер қызылшаға қарсы екпе алса, ол жеңіл түрде өтеді. Сондықтан, ата-аналар балаларына аса сақ болып, денсаулығына немқұрайлы қарамауын ескертеміз, – дейді «Ботагөз» бөбекжайының медбикесі Наталья Салимова.

Қызылша жұқпалылығы жоғары инфекция. Ауа тамшылары арқылы таралып екпе алмағандарға  қауіп төндіреді. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы егулер 12 айлық (вакцинация) және 6 жастағы (ревакцинация) балаларға жүргізіледі. 

Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының айтуынша, барлық вакциналар міндетті түрде препарат тіркелгенге дейін де, оны қолдану басталғаннан кейін де қауіпсіздік үшін арнайы зерттеуден өтеді. Вакцинаның құрамына кіретін барлық заттар туралы мәліметтер олардың нұсқаулығында бар. Оның құрамы жайлы ақпарат кез келген қызығушылық танытқан адамға қолжетімді. Әкелінетін вакциналар (әрбір серия, партия) қауіпсіздік пен сапа бағалауынан өтеді. Бұл тиімді және қауіпсіз вакциналарды пайдалануға рұқсат беруді қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, вакцина өндірушісі өндіруші зауыттың сапа сертификатымен бірге, сол елдің уәкілетті органы аккредиттеген өндіруші елдің зертханасы берген серияның сапа сертификатының көшірмесін ұсынады. Осылайша өндіруші зауыт сапалы және тексерілген вакцинаны жеткізеді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button