Медицина

Қызылшаға қарсы иммундау басталады

Аймақта қызылша ақпан айында тіркеліп, ол кезде 3 адам ауырды. Маусымда – 13, шілдеде – 41, одан кейінгі айларда 50-ден астам жағдай тіркелді. Өткен айда бұл көрсеткіш 106-ға жетті. 1 қарашадағы дерекке сүйенсек, облыстағы 266 жағдайдың 229-ы зертханалық әдіспен расталды. Ал, Қазақстанда қызылша күдігімен 25 344 жағдай есепке алынса, оның 11 057-сі расталып отыр.

Асқынған ауру қауіпті

Қызылша бойынша эпидемиология­лық ахуал бізде ғана емес, әлемде күрделі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұның себебін коронавирус пандемиясы кезінде көптеген елдерде қызылшаға қарсы тиісті вакцинацияның толық жасалмағандығымен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, елде халықтың белсенді қозғалысы мен екпеден бас тарту инфекцияның тез таралуына әкеліп соққан.

Қарағанды облысының санитариялық­-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова ауырғандардың көбісі 14 жасқа дейінгі балалар екенін айтады. Оның 56%-ы – 1-4 жастағы балалар.

– Қызылша – дене қызуының көтерілуімен, жоғарғы тыныс жолдарының, ауыз қуысының, көздің шырышты қабықтарының қабынуымен және денеде бөртпелердің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы вирустық ауру. Көпшілік қызылшаға қарсы екпе алмай-ақ, жас кезінде бір ауырса жеткілікті деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Өкінішке қарай, кейбір жас аналар балаларын вакцинациялаудан бас тартады, дәрігерлердің ұсыныстарын тыңдамайды және салдары туралы ойланбастан интернеттегі ақпаратқа сенеді. Ол асқынса, пневмония, энцефалит, панэнцефалит сияқты басқа аурулар пайда болуы мүмкін, – дейді Гүлжан Жақтайқызы.

 

Басты назар

Маман қызылшаның инкубациялық кезеңі орта есеппен екі аптаға созылатынын айтады. Бірақ 7-28 күн аралығында болуы мүмкін екенін де ескертіп, ата-­аналар назар аударатын басты белгілеріне тоқталды.

– Инфекция жұқтырған адамда ол ешқандай айқын белгілерсіз жүреді. Ол аурудың инкубациялық кезеңнің соңғы 4 күнінде басқаларға жұқтыруы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері, әдетте, инфекциядан кейін 8-12 күннен кейін пайда болады. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мұрыннан су ағу, жөтел және көздің шырышты қабығының қабынуы байқалады. Бұл кезде ұрттың шырышты қабатында ақ дақтар пайда болады (Филатов-Коплик дақтары). 13-14-ші күндері құлақтың артында бөртпелер пайда болып, бүкіл бет пен мойынға таралады. Бөртпе алдымен денеде, содан кейін қол мен аяқта шығады. Бөртпе кезеңінде дене температурасы 39 градусқа дейін көтеріледі. Интоксикация артады, мұрыннан су ағу, жөтел, жарыққа қарай алмау сияқты белгілер күшейеді, ұйқы нашарлайды. 3-4 күн ішінде бөртпе пайда болған ретпен жоғалады, – дейді маман.

 

Емі – екпе

Қызылшаның тек симптоматикалық белгілері ғана емделеді. Бұл үшін ауруды жеңілдететін дәрі-дәрмектер тағайындалады. Бактериялық инфекция (отит немесе пневмония) болса, науқасқа бактерияға қарсы препараттар тағайындалады. Оның басқаша емі жоқ. Сондықтан, мамандар қызылшадан қорғаудың негізгі әдісі ретінде екпені айтады.

Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы егулер 1 жастағы (вакцинация) және 6 жастағы (ревакцинация) балаларға жүргізіледі.

Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы егу (шұғыл профилактика) бұрын ауырмаған, егілмеген және қызылшаға қарсы профилактикалық егулер туралы ақпараты жоқ немесе бір рет егілген 30 жасқа дейінгі індет ошақтарында байланыста болған адамдарға жасалады. Ол науқаспен байланыста болғаннан кейін 72 сағаттан кешіктірмей салынуы тиіс.

– Қызылшаға мерзімдік сипат тән, – дейді Гүлжан Байгутанова. – Яғни, белгілі бір уақыт аралығында ауру белең алып тұрады. Қызылша үшін бұл – 4-6 жыл. 2018-2019 жылдары да қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделенген еді. Қызылшаға қатысты бүгінгі ахуал былтыр болжанған. Соған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцина алмаған адамдарды анықтау және иммундау шаралары жөнінде жұмыстар жүргізді. 1 қарашадағы дерек бойынша облыстағы екпе алуы керек 8 591 адамның (43,3%) 3 721-сі қайталама иммундаудан өтті.

Алайда, спикер екпеден бастартушылардың қатары жыл санап артып келе жатқанын да тілге тиек етті. Бұл инфекция­ның тез таралуының бір себебіне айналды. Ел бойынша ауырғандардың – 60%-ы, облыста – 40%-ы екпеден бас­тартқандар.

– Күн сайын жүргізілетін эпидемиологиялық мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, ауру ошақтарында науқаспен байланыста болған 4 225 адам анықталды. Оның 454-іне екпе алу керек болса, екпені 172 адам алып, 282-сі бастартты. Айтып отырған ауру ошақтары Ә.Бөкейхан атындағы және Бұқар жырау аудандарында тіркелді. Бастартушылардың айтатыны – діни және жеке себептер, – дейді Гүлжан Байгутанова.

Мониторинг деректеріне сәйкес 42 бала­бақшада жоспарлы вакцинациямен қамтудың шекті деңгейі сақталмаған. Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін шекті деңгей 90%-дан кем болмауы тиіс екен.

– Жоспарлы вакцинациямен қамтудың шекті деңгейі сақталмаған мектепке дейінгі ұйымдарда қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларды қабылдамау керек. Сонымен қатар, ЖРВИ белгілері бар балалар да қабылданбауы тиіс. Медициналық себептермен екпе ала алмайтын балалар бар. Сондықтан, айтылған талап орындалуы тиіс. Балалар арасында аурудың таралуының алдын алу және ауыр жағдайларды болдырмау үшін екпе алуға кеңес береміз. Ал, түрлі себептермен екпе алмағандар болса, халық көп шоғырланған жерге бармаған жөн, – дейді Гүлжан Жақтайқызы.

Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары екпе алмаған 62 баланың балабақшадан шеттелгенін айтты. Оның 38-і екпе алды.

– Қызылша ұжымдық мекемелерде жиі анықталуда. Мәселен, 13 балабақшада 22 бала, 11 мектепте 23 оқушы, екі колледж бен бір жоғары оқу орнында 3 адам ауыр­ғаны анықталды. Бүгінгі таңда иммундау бойынша көрсеткіш тиісті деңгейге жеткен жоқ. 1 жастағы 16 123 баланың 12 028-і, яғни, 74,6%-ы және 6 жастағы 16 692 баланың 11 871-і немесе 71,1%-ы ғана екпе алды, – деді Гүлжан Байгутанова.

 

Қосымша иммундау басталады

Эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты елдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, 6 қарашадан бастап, 6-11 ай аралығындағы сәбилерді, 5 желтоқсаннан бастап, 2-5 жас аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізіледі. Мұның ішінде, жоспарлы вакцинациядан өтпеген медициналық қызметкерлер де бар.

– Иммундау үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Ол – Үндістанда шығарылған және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған вакцинасы. Біздің елімізде бұл вакцина 2003 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақыт ішінде иммундаудан кейінгі асқынулар тіркелмеген. Қосымша иммундау емханаларда тегін жүргізіледі. Қолға алынған шараның негізгі мақсаты – қызылша мен оның асқынуларының одан әрі таралуын болдырмау. Вакцина иммунитетті күшейтеді. Сондықтан, құрметті ата-аналар, профилактикалық екпе алудан қашпаңыз­дар, – деді спикер.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button