ҚЫЗМЕТ САПАСЫ – ХАЛЫҚ ҮШІН

«13-қадам. ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

ҚР Президенті.

     Сәрсенбі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик ШПЕКБАЕВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Үш күнге созылған сапар шеңберінде аймақтағы әлеуметтік нысандарда, мемлекеттік мекемелерде болып, жұмыс барысына баға берді.

Алик Жатқамбайұлының жұмыс сапары Осакаров ауданынан басталды. Аудан орталығындағы емханаға, Халыққа қызмет көрсету орталығы, көші-қон полициясы қызметі, емтихандық-тіркеу бөлімі және мемлекеттік кірістер басқармасына барды.

Емханада төрағаның орынбасары мекеме көрсететін қызмет көлеміне назар аударды.

Аталған нысан жергілікті тұрғындарға 12 түрлі қызмет ұсынып отыр. Бұл қызметтерді жүзеге асыруда жаңашыл технологияларды қолдануға баса ден қойылған. Электронды үкімет, яғни, «e-gov» арқылы жұмыс жүргізілуде.

Бұл жүйе емханада үш жылдан бері қолға алынуда. Мұнда көрсетілетін қызметтер тізімі туралы ақпарат алып, соған сәйкес, ыңғайлы уақытта дәрігер көмегіне жүгінуге болады.

Халыққа қызмет көрсету орталығында адам қарасы баршылық екен. Біз келгенде мұнда мамандар тұрғындарға әртүрлі мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізіп жатты.

Орталықтағы жұмыстың аяқ алысына көз жеткізген Алик Жатқамбайұлы басшылыққа сын айтты. Яғни, қызметкерлерді тиісті жұмыс күні аяқталғаннан кейін бөгеуді доғаруды міндеттеді. Сондай-ақ, орталық мамандарының қызметтік талаптарға сай үлгіде киінбеуіне көңілі толмады.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында Алик Жатқамбай­ұлы операциялық зал жұмысын бағамдады.

Операциялық залда бес маман заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Тіркеу, салық есебі, көлік құралы салығын қабылдау, анықтамалар беру жұмыстары атқарылады. Келушілер саны күніне елу шақты адамға жуықтайды.

Басқарма жұмысына қаныққан төрағаның орынбасары қызмет барысын оңтайландыру бойынша бірқатар мәселелер тақырыбында сөз қозғады. Ғимарат ауданының тиімді пайдаланылмай отырғандығын сынады. Нақты айтқанда, басқарма басшысы дәретхана, жуынатын бөлмесі, қосымша шығу есігі бар демалыс бөлмесін жабдықтаған. Мұндай ескертулерді Алик Жатқамбайұлы сапар барысында барған Теміртау, Шахтинск қалаларының мемлекеттік кірістер басқармаларының басшыларына да айтты.

Жұмыс сапары Теміртау қаласында жалғасты. Мемлекеттік қызметтер сапасын сараптау мақсатында шаһардағы мекемелерге барған Алик Жатқамбайұлы қала активімен кездесті. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында өткен бұл жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы шаралар талқыланды.

– Қала активімен кездеспес бұрын бірқатар мемлекеттік мекемелердің жұмысына көз жеткізгенді жөн көрдік. Келешекте жойылуы тиіс кемшіліктер бар. Бірақ, жалпы алғанда, жұмыс жақсы ұйымдастырылған. Бүгінде Қазақстан қоғамы коррупциядан ада заманауи құқықтық мемлекет құруға күш салуда. Тұрғындардың шынайы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында электронды үкімет жүйесі енгізілді. Бүгінде қазақстандықтар бұл мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануда. Қазіргі таңда еліміздегі барлық мемлекеттік қызметтердің 47 пайызы электронды форматта жүзеге асырылады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Алдағы жақын жылдарда электрондық қызмет көрсетілу межесін 90 пайызға жеткізу жоспарлануда.  Қалған 10 пайызы сервистік ұйымдар, мемлекеттік корпорациялар арқылы атқарылады, – деді Алик Жатқамбайұлы.

Жиында сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қамауға алынған шенеуніктер туралы ақпарат берілді. Коррупциямен күрес амалдары туралы әңгіме өрбіткен төрағаның орынбасары алдын алу шараларының тиімділігі туралы айтты.

– Сыбайлас жемқорлықпен күресте алдын алу тәсілдерінің тиімділігі анық дәлелденген. Заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай бастамалар сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында қолға алынды. Бұл жұмыстар біздің азаматтарымыздың конституциялық құқығы мен кәсіпкерлеріміздің қызығушылықтарын қорғау үшін жасалуда, – деді жиын қорытындысында төрағаның орынбасары.

Бейсенбі күні Алик Шпекбаев Қарағанды қаласындағы тұрғын үй қатынастары бөлімінде болды.

Аталған бөлім қала тұрғындарын бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қызметтермен қамтып отыр. Атап айтқанда, бөлім мамандары баспанаға мұқтаж жандарды тіркеуге алып, тұрғын үймен қамтылуы жөнінде анықтама береді. Тұрғын үй қоры туралы есеп дайындайды.

Жыл сайын облыс орталығында 1,5 мың шамасында адам баспана кезегіне тұрады. 3 мыңнан астам адам баспанасының бар-жоғы жайлы анықтама алады. Бұлардың дені – әскери қызметшілер.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секторының меңгерушісі Әсет Алдабергенов тұрғын үй кезегі туралы ақпарат берді.

Сұранымдардың басым бөлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы келеді. Бүгінде Қарағанды қаласында 15817 тұрғын кезекте тұр, – деді сектор меңгерушісі.

Бөлім тарапынан «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасын енгізу шаралары қарқынмен орындалуда. Бұл бағдарлама арқылы үй кезегінде тұрғандар баспана алуға құқылы. Бағдарлама үш бағытта жүзеге асырылуда. Яғни, тұрғындар Қазақстан ипотекалық компаниясы, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ арқылы үйге қол жеткізеді.

Бөлім жұмысымен танысқан Алик Жатқамбайұлына қала әкімі Нұрлан Әубәкіров келесі жылы тұрғындарға қызмет көрсету орталығына арналған жаңа ғимарат тұрғызу жоспарын жеткізді.

– Құрылысқа 50 млн. теңге салынды. Мұндағы жобада тіркеу орны, күту залы, балалар бұрышы, тағы басқа артықшылықтар қарастырылған. Ғимарат алдағы жылдың тамызында пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді шаһар басшысы.

Өз кезегінде Алик Жатқамбай­ұлы Агенттіктің облыстағы Департаменті басшылығы мен қала әкімдігіне жаңа орталық жобасын жасақтауды бірге ойласа атқаруды тапсырды.

– Күту залын келушілерге ыңғайлы, жайлы боларлық деңгейде құру қажет. Бұдан бөлек, түскі үзіліс кезінде қызмет көрсету жүйесі тоқтап қалмауы үшін жұмыс кестесін түзу мәселесіне мұқият қараған жөн. Түскі уақытта келетін тұрғындар үшін уақыт үнемдеу керек. Тағы бір айтар мәселе, электронды үкімет сайтында жұмыс істеуге үйрететін бөлім ашылуы тиіс, – деді төрағаның орынбасары.

Сондай-ақ, Алик Жатқамбайұлы мемлекеттік мекемелердегі полиция бекеттеріне қатысты пікірін білдірді.

– Бұл жерде полиция бекетінің қажеттілігі қаншалықты? – деді мекеме кіреберісінде орналасқан бекетті көрсеткен төраға орынбасары, – Полицейлер бізді жан-жағымыздан қоршауда. Мемлекеттік мекемелердегі полицейлер санын азайту қажет. Осы мәселе төңірегінде ойланыңыздар. Дегенмен, жұмыстардың аяқ алысы жаман емес. Бірақ, бұдан да жоғары деңгейге көтеруге болады.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров Алик Шпекбаевтың ұсыныстары қарастырылып, оны шешу жолдары іздестірілетіндігіне сендірді.

Сапар барысында Агенттік төрағасының орынбасары қаладағы әлеуметтік төлемдер жөніндегі ведомствоаралық есеп айырысу орталығына, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Достық үйіне», №3 қалалық емханаға, Қарағанды ҚІІБ Михайлов ПБ көші-қон полициясы қызметіне, Қазыбек би аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына арнайы ат басын бұрды.

Қарағанды экономикалық университетіне барып, осында өткен «Рухани жаңғыру – жастар жемқорлыққа қарсы» тақырыбындағы отырысқа қатысты.

Жиынға облыстағы белсенді студент жастар, жас мемлекеттік қызметшілер, жастар саясаты саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, жастар бастамашылдығы орталықтарының басшылары, жастар ұйымдарының көшбасшылары жиналды.

Университет базасында ашылған студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысы таныстырылды. Елімізде алғаш рет тұсауы кесіліп отырған орталық жұмысына Алик Жатқамбайұлы жоғары баға берді.

Қарағанды қаласынан кейін Саран, Шахтинск қалалары мен Абай ауданында болды. Саран қалалық әкімдігіне қарасты Ақтас кентінің әкімдігінің жұмысына көңіл бөлді. Абай ауданындағы Дубовка ауылдық округінің әкімдігіне барды.

Кеше Алик Шпекбаев облыс әкімі Ерлан Қошановпен бірге Қарағанды қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Мұқанов көшесінде орналасқан орталық көлік құралдары иелеріне қызмет көрсетуге маманданған. Бүгінде бұл мекемеде жаңашыл технологияларды енгізу жұмыстары екпінмен жолға қойылған. Мәселен, көліктің мемлекеттік номерін жоғалтқан жүргізушілер бір сағат ішінде жаңа номер ала алады.

Номердің дубликатын Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полициясы басқармасынан алуға болады. Тек, бір айтары, жаңа үлгідегі номерлерге ғана дубликат беріледі. Ал, номер 2013 жылдан бері беріле бастаған үлгіге сәйкес келмесе, жүргізуші мамандандырылған орталыққа барып, жаңа техникалық төлқұжат пен номер алуға құқылы.

Ол үшін көлік иесі көлікті жеткізіп, жеке куәлігін, дипломатиялық корпуспен жұмыс бойынша ұйымның жолдамасын (шетел азаматтары үшін), мемлекеттік баж салығы төленгендігі туралы анықтаманы және ескі техникалық төлқұжатты орталық маманына тапсыруы қажет.

Мемлекеттік баж салығы бүгінде 567,52 теңгені құрап отыр. Жаңа номер үшін 6353,2 теңге төлеуі тиіс ал, техникалық төлқұжатқа 2836,25 теңге төленеді. Яғни, жүргізуші үш төлем жасайды. Бұдан кейін криминалистер көлікті тексеріп, агрегаттық номерлерді салыстырады. Сөйтіп, тапсырыс жасалған уақыттан бір сағаттан кейін жаңа номер дайын болады.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызмет түрлерімен танысқан Алик Жатқамбайұлы жұмысты жандандыра түсу мақсатында ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Агенттік төрағасы орынбасары Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы емтихандық-тіркеу бөлімшесіне де барды. Ал, төраға орынбасарының жұмыс сапарына облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес комиссиясының отырысымен нүкте қойылды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.