Руханият

«Қыз Жібек енді келгенше…»

Облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының 92-ші маусымы жабылды. Осыған орай, театр маусымды қорытындылап, БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Сонымен қатар, көрер­мендеріне Ғабит Мүсіреповтің әйгілі классикалық туындысы «Қыз Жібек» музыкалық драмасын ұсынды. Ал, өнер шаңырағының жанынан құрылған қуыршақ труппасы өзінің алғашқы маусым жабарын өткізді.

Суреттер театрдың баспасөз қызметінен

Атақты «Қыз Жібек» музыкалық драмасын тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды. Белгіленген уақыт жетпей жатып өнерсүйер қауым театр фойесін толтырып тастады.

Ал, екінші қабатта баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық «Saryarqa» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауре­аты Кеңес Жұмабеков, Сәкен театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан, «Тотальный театр» компаниясының негізін қалау­шы және көркемдік жетекшісі, «Total fest» театр фестивалінің директоры Антон Зайцев және театрдың баспасөз хатшысы, Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырханова қатысты.

Қуыршақ театрымен тізе қосып жұмыс істеген «Total fest» театр фестивалінің директоры Антон Зайцев қарағандылық ұжымның шығармашылық қабілетін жоғары бағалады. Оның айтуынша, мұнда сапалы әрі көркем туындыларды сахналау­ға барлық жағдай жасалған.

– Осы ұжымда бір ай жұмыс істедім. Сәкен театрын шын жүректен құттықтаймын! Себебі, біршама жетістікке жеткен екенсіздер. Актерлік құрамның өзі мені таң қалдырды. Жұмыс істеуге өте қолайлы. Әсіресе, актерлік құрамның басым бөлігі жастар екенін көргенімде, өнер шаңырағының болашағы жарқын екеніне көзім жетті. Жеткен жетістіктерге масаттанбай, одан әрі ізденетін таланттар зор құрметке лайық. Қуыршақ театрын ашып, соның репертуарын толтыру, актерлерді жасақтау, оларды дайындау – әсте оңай шаруа емес. Бұл – көп еңбекті талап етеді. Болашақты тәрбиелеу жолында қуыршақ театрының маңызы зор екенін атап өткім келеді. Көрерменнің әр санатын қамти алатын театрдан үміт күтуге болады, – деді Антон Зайцев.

Қуыршақ труппасының ашылғанына бір жылдан енді асты. Аз уақыт ішінде жаңадан құрылған ұжым «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісімен Омандағы халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне қатысып қайтты. Режиссері – Айдын Салбан. «Керік пенен мүйізтұмсық», «Ойыншықтар оянғанда» деген секілді түрлі қойылымдар балалар назарына ұсынылды. Қуыршақ труппасы алғашқы маусымын шығыс халықтары ертегісінің желісімен жазылған «Әли баба мен қырық қарақшы» қуыршақ қойылымымен аяқтады. Қоюшы режиссері – Антон Зайцев.

Қазақ театрының негізін қалаған Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына орай «Сын шын болсын» екінші республикалық театр фестивалі де Сәкен театрының қабырғасында дүркіреп өткен еді. Бұдан өзге де фестивальдерге қатысып, түрлі жүлделерді иеленді. Бұл маусым театр үшін олжалы болды.

Сәкен театры осы жетістіктермен тоқтап қалмақ емес. Алда ауқымды жоспарлар баршылық. Мәселен, театр басшылығы баспасөз мәслихаты барысында облыстық «Saryarqa» телеарнасымен ортақ меморандумға қол қойды. Меморандум аясында телеарна Сәкен театрының премьералық қойылымдарынан тікелей трансляция жасайды. Сонымен қатар, жалпы репертуардағы барлық танымдық, тағылымдық спектакльдерді телеарнаның қорына сақтайды.

– Қор – кез келген елдің мәдениеті мен тарихы үшін аса маңызды. Бұны елдің жады десек те болады. Облыстық «Saryarqa» телеарнасының қоры облыс­тық арналардың ішіндегі ең үлкен қор. Іргемізде тұрған театрдың сахнасындағы әр қойылым – ертеңгі тарих. Осындағы әр актер ертеңгі тұлға деп сенемін, – деді облыстық «Saryarqa» телеарнасының директоры Берік Дүйсетаев.

Сәкен театры музыкалық драма театры мәртебесіне жетуді көздеп отыр. Осы мақсатқа жету үшін ұжым «Қыз Жібек» музыкалық драмасын сахналады. Арқа жұрты Сәкен театрының актерлерін басқа қырынан көрді. Актерлер асқақтата ән салды. Төлеген мен Жібектің арасындағы лаулаған махаббатты әнмен жеткізді. Қос ғашықтың іңкәрлігі де, мынау опасыз жалғанға деген наласы да, Бекежандай озбыр өмір де салтанатын құрды. Ру мен рудың арасындағы тартыс та, бәрі де бәрі көрініс тапқан. Сахнадағы кейіпкерлердің барлығы дерлік тек көркем һәм махаббат тілінде сөйледі.

Өз заманының һәм дәуірінің кес­кін-келбетін көрсете алған туынды әлбетте ғасырдан-ғасырға жететін классикалық туынды болмақ. Классика ешқашан өлмек емес. Ал, «Қыз Жібек» әуелі ұлы даланың даналығын сіңірген халық жанының сөзі еді. Сәкен театрының сахнасына шыққан «Қыз Жібек» қарағандылық көрерменге өз биігінен көріне алды. Сырттағы жау­мен емес, өз ішінде алауыз болған рулардың аласапыранын да жеткізген. Қалың Жағалбайлының ішіндегі дау мен екі ғашықтың тағдыры қатар өрбиді. Ал, сол кезеңдегі Жағалбайлыға жетпей тұрған бірлік пен ынтымақ хақында Жібекті құлай сүйген, жаны мөлдір Төлеген айтады.

Жібек – қазақ қызының портреті. Жауласқан елді бір ауыз өлеңімен, наласымен тоқтата алатын дана, парасатты, сұлу, мінезі көркем. Ер жігіттің қол жетпес арманы. Төлеген – махаббаты мен сертіне адал, ержүрек, батыл, қазақ жігітінің озық үлгісіндей.

Қойылым барысында талантты режиссер Айдын Салбанның тың ізденіс, соны мәнер, мүлде жаңа сарынға деген ұмтылысына сүйсінумен болдық. Иә, «Қыз Жібек» Қазақстанның бірнеше театрында қаншама жылдан бері қойылып келеді, қойыла бермек те. Алайда, Айдынның Қыз Жібегі режиссердің тосын шешімдерімен толығып, психологиялық тұрғыда түрлене түскендігімен дараланып тұр.

Сәкен театрының сахнасында тұңғыш рет музыкалық сүйемелдеумен (мюзикл) қойылған «Қыз Жібек» көрермен көңілінен шыққанына көзіміз жетті. Арқаның ақ сарайында жуырда ғана жасақталған ұлт аспаптары және симфониялық оркестрдің (режиссері – Әбілқайыр Сағымбаев) сүйемелдеуімен орындалған басты рөлдер шынайы шыққандағы соншалық, көрермен әсері қараңғы залды сәулелендіріп, жанымызды шуаққа малындырып жіберді.

Төлегеннің рөлін Сұлтан Серікұлы мен Азамат Амантай алма-кезек сомдады. Ал, Қыз Жібекті Мақпал Маусымбек пен Әнелі Сағындықова ойнады. Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов сахнада Сырлыбайдың ғұмырын кешті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button