Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Қыз дауы

Ертеде бір байдың Ақбалық деген жалғыз қызы толықсып бой жеткен шағында, мырза-серілердің бірін де көзге ілмей, өз үйінің кедейліктен басқа міні жоқ қойшысы Қозыбаққа ғашық бопты. Қыздың әкесі момындау, бірақ ағалары «бесқасқа» атанған «сен тұр мен атайындар» екен. Ата-ана, жақын туыстары Ақбалықты жылатпай, өзінің сүйгеніне қосыпты.

Ақбалық төркінінен түк жасау алмай, қотан шетіне отау тіктіріпті. Бұған намыстанған ру басшылары Қаздауысты Қазыбекті шақыртады. Қазыбек қызды сынау үшін әдейі бір топ кісімен Ақбалықтыкіне кеп түсе қалады.

Қозыбақ қойын жусатып тастап, үйіне жаңа келген екен. Қазыбек би амандық үстінде Ақбалық сұлуды қағытып:

«Қарындас, мәнді сөзден мән шығады,

Бимәнді сөзден не шығады?

Жапалақ аққуды іліпті,

Одан не мән шығады?!», — дейді.

Ақбалық сұлу осы арада мүдірместен:

«Рас, мәнді сөзден мән шығады, мәнсіз сөзден не шығады? Жапалақтың аққуды ілгеніне таңырқайсыз, оның тағы да бір сарыала қаздан дәмесі бар», — депті. Қазыбек қыздың қойшыны шын ықыласымен сүйгеніне риза болып, намыс қуған ағайын-жұртына:

«Байлық мұрат емес,

Жоқтық ұят емес,

Теңін тапқанды тегін бер,

Қосағымен қоса ағарсын», — деп, тоқтам салып кетіпті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button