Қыз бас киімінің атаулары
Қазақ қызына үш жастан бастап, бой жеткенше үкілі тақия кигізген. Тұрмысқа шықпаған қыздар киетін бас киім үлгісі, әшекейі, теңге-моншағы, ою-өрнегі, кесте зері, матасы һәм оның түсі тек қыздарға арнап жасалғанын білдіреді.
Бас киімнің ерекше бір түрі, қыз жасауының ең қымбаты – сәукеле. Сәукелеге маржан, меруерт, алтын-күміс сынды алтын тастар, түрлі теңге, оқа тағылған. Таза жібек, кәмшат та қолданылған.
Тарихта құны жүз жылқыға, жүз түйеге тең сәукелелер болған. Қымбат бас киімді келіндер той біткенше ғана киеді.
Той өткен соң орнына бергекті желек кисе, оны шыт тарту дейді. Шыт тартумен – орамалмен басты бір орап, желке тұсынан байлап қояды. Орамалдың төрт бұрышы кестеленіп, ою-өрнек тігіледі, оның өрнекті тұсын маңдайына келтіріп, бүктеп тартады.
Қасаба – үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадап, маңдай тұсын түгелдей асыл тас, алтын, күміс әшекейлермен безендіріп, оң жақ самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ пен күміс қоңыраушалар байлап, ұзын салпыншақты етіп жасалған қыз тақиясының бір түрі. Этнографтардың айтуынша, «қасаба» сөзі «алтын зерлі» дегенді білдіреді. Құламасына шашақтар тағылады. Мұндағы шашақтың көп тағылуы «ұрпағы көбейсін» деген игі тілекті білдіреді. Қасабаны орамалдың үстінен де киген.
Әйелдер бас киімінің ішінде: кимешек, шылауыш, күндік, орамал, шаршы, шәлі, шыт, жібек шәлі, бөртпе шәлі, шалма шәлі, желек, сәкаку, шашқат, бергек, сылдыр-үзбе, бүркеншік, жаулық, қырпу көп аталады.
Күндік – егде әйелдің басына орай тартатын ақ жаулық. Бұл жаулық 3-5 метрлік ақ мақта матадан, жібектен тігілген. Мұны кезінде апа-әжелер көп киген. Мосқал тартқан әйелдер далаға және ұзақ жолға шыққанда күн өтпес үшін тағыпты.
Желек те әйелдердің бас киімі. Сәукеленің үстінен салынатын желек – бергек деп аталған. Бұрындары ұзатылатын қыздың сәукелесінің сыртынан шағи, дүрия немесе үлде жібектен шаршылатып басына салатын болған.
Келін түскен соң сәукеле алынып, орнына желек салынады. Желекті тұңғышын, не, екінші баласын туғанша таққан.
Этнограф Ж.Бабалықұлының ақын Қ.Бегмановқа берген Сұхбатынан.
Ortalyq.kz