Юсүпбек Шұғайұлы: Қазақы дәстүр дінге кереғар емес
Мейірім мен рақымды, кешірім мен кеңдікті ту ететін асыл дініміздің дәстүрге қырын қарамайтыны әлімсақтан белгілі. Дәстүр де дінді жатсынып көрмепті. Дегенмен, ел іші болған соң ала-құла пікір туындайтыны да рас. Дін атын жамылып, жұртшылықтың арасында түсінбестік тудыратын жайттар да кездеседі. Мұндай келеңсіздіктерді тек құзырлы дінбасылары ғана сейілте алады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялаған-ды. Осы орайда Қарағанды облысы Әнет баба атындағы орталық мешіттің ұстазы, «Шариғат және бәтуа» бөлімінің басшысы Юсүпбек Шұғайұлымен сұхбат құрған едік…
– Биыл «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияланған-ды. Бұл орайда бірқатар шаралар жоспарланғаны мәлім. Әңгіменің әлқиссасын содан бастасақ…
– Қазіргі таңда дін мен дәстүрдің аражігін ажырату қиындап бара жатыр. Әрине, еліміздің діни өкілдері бір жағадан бас шығарып, түрлі қазақи һәм ислам тұрғысынан әрекет жасаудамыз. Оның ішінде, «Дін мен дәстүр» кітабының I-II-III томдарын жамағаттар арасында насихаттамақпыз. Ал, баса назарда – ол осы ислам мен дәстүр жылы аясында, діни өкілдер бастамасымен қазақтың ұлттық ойындарын жаңғырту шараларын ұйымдастыру. Спорт, оның ішінде, ұлттық спорт, тән мен жанның саулығы әрі дәстүрден де алшақ емес. Мысалы, асық ойнау, аударыспақ, қол күресі, кір тасын көтеру, көкпар ойындары. Сондықтан, дәстүр мен діннің алтын көпірінің бірі – ұлттық спорт екенін елге жеткізу мақсат.
Жуырда ғана Қазақстан имамдары арасында ауқымды форум өтті. Онда 2024 жылға жоспар құрылып, межесі белгіленді. Сонда осы аталған спорт түрлері қазақылыққа, яғни, ата-баба дәстүріне жақын спорт екені айтылып, жиі өткізу тапсырылды. Сонымен қатар, мешіт жамағатынан басқа, қазір көп жастар некесін мешітке келіп қидыруды әдетке айналдырған. Бұл – өте орынды. Міне, отау құрмаққа мешітке келген жастарға ақылын, отбасы құндылығын насихаттау мақсатында «Әжелер мектебін» қалыптастыру жоспарда бар. Бұл мектепке облысымыздың алыс-жақын мекендеріндегі, қаламыздың ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әулет әжесі атанып отырған қарапайым қазақ әжелерін құп көрдік. Олар жас жұбайлармен басқосу өткізіп, өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отау құрудың алғышарттарын айтса дейміз. Оның үстіне қазір жастардың қосылуынан ажырасуы жылдам. Ажырасулардың алдын алу мақсатында отбасының жауапкершілігін жете түсіндіруді көздеп, осындай шешімді құп көрдік.
Сонымен бірге, айлардың асылы қасиетті Рамазан айы келе жатыр. Сол уақытта қазақтың «Жарапазан» айту дәстүрін жоғары деңгейде байырғы әуенге салып айтуды қолға алдық. Жарапазаншылар кешкісін кәдімгідей ауызашар уақытында жамағат арасында домбыра, қобыз, сазсырнай сүйемелімен «Жарапазан» айтады. Әзірге жоспарымыз осы.
– Бүгінгі таңда дін жөніндегі пікірлер кейде қайшылыққа тап болып жататыны жасырын емес. Осындайда дәстүр мен діннің арасына сына қақтырмас үшін қандай қадамдар қажет?
– Әр нәрсенің қайнар көзі таза, әрі тұнық болғаны абзал. Бұлақ екеш бұлақтың да көзі таза болса, суы да мөлдір. Сол секілді ислам діні, яғни, Ханафи мәсһабындағы дін біздің қазаққа сонау Қараханит дәуірінен тән. Ал, ата-бабалар дінді дәстүрмен ұштастыра ұстанған.
Ежелден ислам діні қазақы дәстүрге қарсы не кереғар келмеген. Кейінгі уақытта ұстаз көп те, шынайы шәкірт кем. Бүгін де дін ұстанған көптің жартысы әлеуметтік желінің шала сабағын алып, немесе бесіктен белі шықпай жатып, Таяу Шығысқа оқуға барып, сол жақтан қазаққа мүлде жат дінді ұстанып келеді. Енді ойлаңыз. Ол жақтың діні бізбен бір болса да, дәстүрі – бөлек. Ал, біздің жастар дінді өзге елдің дәстүрімен қатар танып, оны дін деп ұғынады. Онымен қоймай, елге әкеліп насихаттап та жүр. Бұның алдын алудың тек бір жолы – діни сауат ашуға ниет қылған жастарды ең алдымен, ата-баба дәстүріндегі дінімізде оқыту. Елімізде қазіргі таңда медреселер біршама баршылық. Жалғыз «Нұр мүбәрәк» университетінің өзі анағұрлым озық. Содан кейін барып, білімін жетілдіруге шетелге шығуға ниет етсе, баруына рұқсат. Санасында қазақы дәстүрлі діннің әліппесі бар жастың ойы да уланбайды, санасына да селкеу түспесі хақ!
– Мұсылман адам адаспас үшін нендей ұстаным ұстануы тиіс?
– Жалпы, пенде қоғамға құлақ асқыш, адасқыш келеді. «Пендешілік» деген сөз тегін айтылмаса керек. Қазір әлеуметтік желі арқылы шетелде отырып алып, өзге елдің санасын улайтын әсіредіншіл, дінбұзғыштар көбейді. Олар исламды джихадпен ұштастырып, дінді бұрмалап танытуға ұмтылуда. Ол мүмкін мүлде ислам дінін ұстанушы емес басқа ағымның өкілі болуы кәдік. Көп адамдар діни білімнің жоқтығынан солардың жетегінде кетеді.
Осы орайда елге үндеу ретінде айтарымыз, кез келген діни сұрақ, діни ірілі-ұсақ мәселе туындаса, жауапты желіден емес, жергілікті мешіттен іздеген дұрыс. Бұл сұрақтарға жауап беретін арнайы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының «Шариғат және бәтуа» бөлімі бар. Сондай-ақ, арнайы muftyat.kz сайтымыз да 24/7 сағат жұмыс істейді. Сайтқа діни тұрғыда мазалаған кез келген сауалды жолдасаңыз, жауап беруге әзірміз. Бұл ұйымның тікелей жұмысы – адасудың алдын алу. Еліміздің азаматтарына толыққанды әрі нақты ақпарат беру.
– Бұқараның діни сауатын арттыруда қайтпек керек?
– Кешегі Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіптің, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің еңбектерін көптеп оқытып, таныстыру керекпіз. Бізде қазір дін десе, араб ұстаздарының аударылмаған оқулықтарын алып жүгіреді. Солардан дәйек келтіріп, солардан пікір аламыз. Ол дұрыс емес.
Біздің діннің дәйегі біздің ата-бабамыздың мұрасында жатыр. Жоғарыда аталған 2024 жылғы жоспардың ішінде тағы бір жауапты тұсы бар. Ол – қазақстандық діни сауат ашатын ұстаздарды тексеруден өткізу. Бұл тексерудің мақсаты – ол ұстаз туралы жеке мәлімет жинау және жиналған мәліметтер бойынша оның діни білім беруге құқығын анықтау. Бұған қоса, қазіргі таңда тек кітап арқылы ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да білім жетілдіріп, діни сауатты жақсартуға күш біріктіру қажеттілігі туындауда. Бұл тұрғыда ҚМДБ өкілдері біршама жұмыстарды бастап кетті.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Жан АМАНТАЙ.