Әдебиет

Ысырап (әңгіме)

Кеше үйдің маңында бірдеңе – бірдеңе істегенсіп жүр едім, қымбат шет елдік машина мінген жас жігіт келіп,қолыма тілдей қағаз ұстатып кетті. Сыртқы қабатын ашсам, ішінде жұқа қағазбен әспеттеп құндақталған тағы бір қатты қағаз бар екен, онысын да ақырындап ашсам, шақыру қағазында шікірейіп Шоқпыт отыр.

Марқұмның әшейінде күлдіреп тұратын көзінің алды жадағай, өрт тиген шөмеледей бұрқырап тұратын шашы басылып қалған. Жақын танитын адам болмаса, анау – мынау адам, костюм киіп галстук таққан Шоқпытты мына суреттен тани алмас. Сыртқы қаптамасы белінен әшекейлеп байланған, өрнегі өзінен шыққан жұқа қағазбен қосымша сәндеп оралған әлгі қағаздың бетіне бөртіңкіреп шыққан «Асқа шақыру»деген жазуының өзі ас ұсынып тұрғандай, жұтынып жіберіппін. Кезінде осы Шоқпыт екеуіміз жұмысқа бара жатып та, жұмыстан келе жатып та бас сұқпай өтпейтін сыраханасы бар үлкен дүкен болушы еді, сол ғимарат қазір ортан қолдай мейрамхана. Тек ауқаттылар ғана той жасайтын сол мейрамханада алдымыздығы жұма күнге шақырған екен. Қайтыс болғанына он жыл болыпты. Осы күні асқа да тойға барғандай тілек-естелік айтуға дайындалып бару керек. Сөз бере қалса не айтам деп күні бойы Шоқпыт ойымнан шықпай қойды. «Бірде екеуміз сыраханада отырып қалсақ керек, сақшылар уаздарына салып алып милицияға әкеп жауып тастапты.Кезекші Шоқпыттың танысы екен, ныспысы есімде жоқ, тегі – Балапанов . Шоқпыт марқұм әлгіге маза бермеді. Ауық-ауық оятарға қойған сағатша бар дауысымен «Балпанчик» деп айғайлаумен болды. Шоқпыттың тегі – Жатағанов болатын. Таңертең біз жатқан камераның темір есігі бізді жібергісі келмегендей ерініп ашылды. Кірген кешегі кезекші екен Шоқпытты аяғымен теуіп оятып:

– Жатағанчик, он бес сөтке,қалғандарың зытыңдар,- деп еді. Содан ел Шоқпытты «Жтағанчик» атап кеткентін».

Жұмаға дейін ойланып жүрдім, арасында күліп аламын. Шоқаң туралы елге айтатын оңды естеліксіз жұма күні шыттай болып асқа бардым. Адамның атымен аталатын мейрамхананың іші дегеніңіз кинодағы байлардың сарайындай. Жерінене төселген қызылды – жасылды кілемдерін аяқ киіммен басып жүрудің өзі ыңғайсыздау сияқты. Төбесі де, қабырғасы да алтын жалатқандай жалт – жұлт. Кіре берістің өзіне таңдай қағып келе жатсам, ас беретін залды көрсеңіз есіңізден танып қалатын шығарсыз. Қатар түзеп айдында сырғыған қаздардай қаз – қатар қойылған столдар молшылыққа малынып, шуаққа бөленген залдың дәулетін асырып тұр. Дастархан тым маңғаз. Маймылдың миы, құстың сүті, балықтың екі – үш түрлі уылдырығы тәттілердің сан түрін ертіп тропикалық орманда адасып жүргендей. «Мынаның қай жеріне орын тауп етті қояр екен» деп ойлайсың. Столға зорға сиып тұрған газды – газсыз сулар мен, бөтелкедегі «Кола», графиндегі шырындардың жанына бір екі шиша болса кез – келген құданың есінен тандырып күтетін мәзір. 
Шоқпыттың баяғыда ауылда велосипедпен тері жинап жүретін ұлы болушы еді, сол ұлының қайын жұрты «мықты» деп еститінмін ұзынқұлақтан. Солар сүйрелеп бұны әкім қылыпты деп ел соғып жүретін. Қарнына қазы байлана бастаған отыздар шамасындағы Шоқпыттың ұлы әкесінің қайтқанына он жыл толғанына байланысты дәм сдақасын беріп жатқанын айтып,кезекті моллаға берді. Моллекең бұндай садақаның сауабына аз-кем тоқталды да дұғасын қайырды. Асқа келгендер бірді-екілі жеңі созылған свитер кигендер болмаса, көбі ине –жіптен жаңа шыққан кастюм-галстуктағылар. Ішкендері алдында, ішпегені артында шылғи кекірсе май кілкігендер. Естелік айтуға шықандары Шоқпыттың ерте өлгеніне өкініп, әкім ұлына тілек тілеп, әйеліне алғыс айтып жатты . Біреу күңірентіп қобыз тартты, енді біреуі мұңды, діни ән салды. Мықтылардың ғана тойын басқаратын бір асаба болушы еді, басына тақия киіп алған, қабағын түйіп алып, Шоқпытты көрмей қалғанына елден ерекше сол өкініп жүр. Асты асабаның жүргізгенін бірінші көруім.
«Шоқаңның досы» деп, маған да сөз берді. Елдің бәрі қайталап жатқан кезекші сөздерді мен де қайталап келіп, орныма отырып жатып, жан-жағыма қарадым. Біртүрлі ыңғайсыздау екен, қызарып кеткенім өзіме сезіліп тұрды.
Астың артын ала кезінде депутаттарша ауық-ауық «каникулға» барып тұратын Шоқпыттың әйелі шығып сөйледі де, еркек атаулыға шапан, әйел атаулыға камзол таратты. Ел ырза. Тумысында үйіне қонақ шақырып көрмеген Шоқпыт мынаны көріп аспанда аузы ашылып бізге қарап отырған шығар деген ой келіп, төбеге қараппын. Дастарханға ас қайырылып, бас имам да әдеттегіден әуезді де ұзағырақ дұғасын оқыды. «Қабыл болсын». «Шоқпытың аруағы бір аунап түскен шығар», «Сауабынан жазсын» десіп, дүкеннен қайтқандай қос – қос пакеттермен шығып жатқандармен лесе мен де алғысымды айтып, тысқа шықтым.
…Есік алдына шыққанда үстелдің үстінде шақшам қалып қойғаны есіме түсіп іле-шала қайта жаңағы жерге көтерілсем, біздің жақта тұратын, бала-шағасы көп жесір келіншектің афициант боп жүрген тете екі қызы біздің үстелден жаңағы көк пакеттерден қалған бірдеңелерді қатар тұрып, талғажу етіп жатыр екен. Мені көріп қызарақтап қалды. Мен де біреуді ұрлығның үстінде ұстапт алғандай сасқалақтап, шақшамды ала салып «қабыл болсын» деп шыға жөнелдім.

Болатбек Тоқмырза,
Қарқаралы қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button