Қарқаралыда жыл сайын осы уақытта басталатын дәстүрлі «Қыс мерекесі» өтті. Бұқаралық спорт мерекесі биыл қатарынан оныншы рет ұйымдастырылып отыр.
Әсем табиғат аясында өткізілген шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Әділжан Арғынов құттықтау лебізін білдіріп, шараның мән-мазмұнына тоқталды.
Салтанатқа жиылған көпшілікке ақын Руслан Нұрбай жырдан шашу шашса, әнші Әлімжан Мәкенов бастаған өнерпаздар ән әуелетті.
Шараның бір ерекшелігі: сайысқа қатысушылардың жасына үлкен-кіші деп шектеу қойылмайды. Халықтың спортпен жаппай шұғылдануына мұның да септігі бар. Қарқаралы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ербол Иксанов жиылған қауымды жарыстардың өткізілу тәртібімен таныстырды. «Қыс мерекесіне» аудан орталығындағы мекеме қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, оқушылар, қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, алыптар айқасы, арқан тарту, сырғанақ тебу, шаңғымен жүгіру сияқты көңілді сайыстарда бәсекеге түсті.
Аудан басшысы Қарқаралының биылғы 200 жылдық мерейтойын лайықты атап өту жайын ортаға салып, соған орай әзірленген логотипі бар ауыспалы туды осы шараның келесі кезеңін ұйымдастыратын Қасым Аманжолов атындағы ауылдық округтің өкілдеріне салтанатты түрде табыс етті.
Ту кезекпен басқа елді мекендерге ауысып, осындай мерекелік шара барлық ауылдық округтерде өткізілмек.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы