Балқаш

Ыстық нан – ыстық ықылас

Балқаш қаласындағы «Жастар айлағы» қоғамдық бірлестігінің еріктілері «Амал» акциясына бастамашы болып, тегін нан таратуға кірісті. Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласын қолдау аясында қолға алынған сауабы мол іске тұрғындар ризашылығы шексіз. Ас атасы зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен мейірімге мұқтаж жандарға үлестірілуде.

Жалпақ жұртқа жағымды жобаның жүйелі жүргізілуіне қала әкімдігі мен жомарт пейілді жандар қолұшын беруде. Соның нәтижесінде қала мешіті асханасы мен шағын наубайханада екі күнде бір рет 200-ден аса нан пісіріліп, оның игілігін 80-ге жуық отбасы көріп отыр.

«Жастар айлағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Балмағамбетов жаңа жоба қолданысқа енгізілгеннен бергі кезеңде  қоғам мейіріміне мұқтаж жандарға 1500-ге тарта таба нан таратылғанын айтады.

– Осынау сындарлы сәтте игілікті істі қолға алуды жөн көрдік. «Амал» жобасын қала әкімдігі, еріктілер қауымы мен қайырымы мол жандар қуана қолдады. Болашақта бұл акцияның аясын кеңейте түсуге бағытталған басқа да арнайы жобаларымыз бар. Қазіргі уақыт сұранысына сәйкес, ыстық нан таратуға баса ден қойып отырмыз, – дейді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Осы тұста ерекше атап өтерлік бір жайт – бүгінгі күні мұқтаж жандарға қолұшын созуға ынталы азаматтардың қатары күн санап артып келе жатқандығы.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button