Басты тақырып

Ырыс, қайда қонасың?!

     Еңбегінің өтеуін тамшылаған маңдай терден, сол тер тамған жерден сұрайтын ауыл еңбеккерлері қоңыр күзде жыл он екі айдағы қарекетін түйіндейді. Қоңыр күз – қарашада шаруагерлер бейнеті мен зейнетін таразыға тартады. Қолынан қауғасы, аузынан тәубесі түспейтін ауылдықтар  қойын қоралап, мал-жанын түгендеп, жиын-терімін қырманға құйып, өзіне-өзі есеп беретін  осындай әйбат дәстүр бар. Сондықтан болар, қарашаның үшінші жексенбісі Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде белгіненген. Шынтуайтында, бұл – ауыл күні, ауылдағы ағайынның мерекесі. Өйткені, ескексіз қайық болмайтыны секілді ауылсыз ауыл шаруашылығы да жоқ екені  және хақ.

 

 

Деректерге сүйенсек, өндірісті өлкенің айдарынан жел естіруге өнеркәсіптер ғана қабілетті емес екен. Көсіліп жатқан кеншілер аймағындағы дархан даланың бауыры төрт түлікке сай, егінжайға бай болса, агрокешеннің келешегі зор көрінеді. Сөйтіп, өндірісті Қарағандының аграрлы Қарағандыға айналуына алғышарттар да, негіз де жоқ емес.

Жалпы, 2017 жылдың тоғыз айындағы табыстар биыл шаруагерлер еңбегінің еш кетпегенін аңдатады. Сонымен, биыл туған жердің төсінен 780,1 мың гектар дәнді-дақыл орылған. Орташа өнім әр гектарына 10,1 центнерден келген. Майлы дақылдардан 14,6 мың гектар жиналған. Бұл болса, өткен жылғыдан 4,1 мың тоннаға артық. Картоп – 311,0 мың тонна.  Ол былтырғыға қарағанда 9,8 мың тоннаға көп. Бұған қоса, 101,0 мың тонна көкөніс  бар.

2017 жылдың тоғыз айының қорытындысында  ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7% – ға артып, 175,2 млрд. теңгені құрапты. Жыл соңында  көрсеткіш 246,3 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде.

Азық-түлік өнімдерінің көлемі 81,3 млрд.теңге шамасында.  2016 жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тыр­ғанда 8,4%-ға немесе 6,3 млрд. теңгеге артық көрінеді.

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі жалпы өндіріс көлемі бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 1 қызметкерге 2 млн. 809 мың теңгеге тиесілі. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 50,3% -ға (1 млн. 869 мың теңге) артық. Қосылған құн бойынша еңбек өнімділігінің өсуі 24% екен.

Инвестицияға келсек, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,1 млрд. теңге инвестиция салыныпты. Былтырғыға қарағанда, 28,1%-ға көп. Ал, азық-түлік өнімдеріне құйылған инвестиция көлемі 1,3 млрд. теңгеге жуық дейді деректер.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіруде өсім бар. Атап айт­қанда, 2017 жылғы он айда Қарағанды облысында тірі салмақта мал мен құстың барлық түрлерінің 99,4 мың тонна еті өндіріліпті. Сүтін өндіруде саланың көрсеткіші 4,9%-ға өсіп,  385,4 мың тоннаны құрапты.

Егістік алқабы 1121,9 мың гектар болса, мұндағы ең көп егістік алқабы шаруа  қожалықтарына тиесілі. Олардың облыста егін егуінің негізі үлесі –  54,3%. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының және жұртшылық шаруашылықтарының егістік үлестері – 45,1%. Дәнді және бұршақты дақылдардың, майлы және бақша дақылдарының көбеюі есебінен егістік алқабының өсуі байқалады. Мәселен, 2016 жылмен қарағанда дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқабы 6,3%-ға артқан.  Бақша дақылдарының егістік алқабы 30,8%-ға көбейген екен.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестициялық жобалардың да қосар үлесі ауқымды. Атап айт­қанда, өзіндік және өзге да қаражат көздерінен салада 60 жоба жүзеге асуда. Жобалардың құны – 57,6 млрд.теңге шамасында. Жыл басынан бері 56 кооператив құрылған. Оның ішінде, 25-і сүт бағытында, 31-і ет өндіруге негізделген. 891 бордақылау алаңы және ұйымдастырылған. Ауыл шаруашылығы кооперациясына 2,8 мыңнан астам шағын және жеке қосалқы шаруашылықтар біріктірілген. Сөйтіп, 2112 жаңа жұмыс орны құрылған екен. Осы кооперативтер арқылы 530 тонна сүт және 67 тонна ет өндіріліпті. Бұл болса, өңірдегі  кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға ықпал етпек.

Статистикалық деректерге үңілсек, аргоөнеркәсіп кешенінің көкжиегі кеңеюде. Елдің несібесін еселеген ауылдағы күнқақты ағайынға құрмет те ерекше болуы тиіс. Қазақтың тамыры ауылда болса, ырысы да сонда.  Негізі, ырыс ауылға қонады емес пе? Өйткені, дала – дәулет, ауыл – құт!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button