Қырып-жоятын қаруды таратпауда Қазақстан…
Қырып-жоятын
қаруды таратпауда
Қазақстан…
…1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық сынақ алаңы жабылды. Бұл дүниежүзі тарихында ядролық полигонның бірінші рет халық қалауымен жабылуы болды.
…1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге қатысты Алматы декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстауда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл құралын қысқарту саласында КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстануды құптады.
…1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда осы елдер мен АҚШ өкілдері төрт мемлекеттің аумағында орналасқан Стратегиялық Ядролық Күштерге қолданылатын стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту (СШҚ) мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Лиссабон хаттамасында, сондай-ақ, Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.
…1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау шартын (ЯҚТШ) бекітті. Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асырудың маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады.
…1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде ЯҚТШ-ға қосылуына байланысты Қазақстан, Беларусь және Украинаға Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды. Бұл құжатқа қол қою Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын білдіреді. Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қытай және Франция тарапынан берілді.
…2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан Орталық Азияның өзге елдерімен қатар Семейде Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды, бұл жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуда ұжымдық үлес болды. Аймақ мемлекеттері қазіргі замандағы ең өзекті мәселелерді шешу бойынша ашық ынтымақтастық, қарусыздану және таратпау қағидаттарына өзінің берік ұстанымын мәлімдеді.
…2009 жылғы 21 наурызда ратификациялық грамотаны депозитарийге депозиттеуден кейін (Қырғыз Республикасы) Шарт күшіне енді. 2014 жылдың 6 мамырында Ұлыбритания, ҚХР, АҚШ және Франция Семей шарты Хаттамасына қол қойды.
…2009 жылы БҰҰ БА 29 тамыз – Семей ядролық полигонының ресми жабылған күні Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы Қазақстан бастамашылық еткен консенсумы қабылданды.
…2015 жылы Хиросима және Нагасакиді атом қаруымен бомбалаудың 70 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ БА Ядролық қарудан азат әлем құрудың жалпыға ортақ декларациясы туралы қарары қабылданды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің көпшілігімен қолдау таба отырып, ол ядролық қаруға тыйым салу бойынша халықаралық міндетті заңды құжат қабылдауда маңызды қадам болды.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА