Бұқар жырау

Ынтымағы жарасқан ел

    Бірнеше жыл қатарынан жауын-шашыннан берекесі қашқан Бұқар жырау ауданындағы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ негізгі мектебі биылғы оқу жылын үлкен қуанышпен бастады. Білім ордасының шатыры алмастырылды.

Ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған жұмыстың шығынын «Ынтымақ» шаруа қожалығының негізін құраған Атымтай азаматтар көтеріп алды. Билікке ауыз ашпай, ізгілікті іске ұйытқы болған жігіттердің қарекеті көпке үлгі болғандай.

Тамыздың орта шенінде басталған жұмыстар бір айда тәмамдалды. 1991 жылы типтік мектеп ретінде қолданысқа берілген ғимараттың төбесінен 1995 жылдан бастап су өтіп келген-ді. Мектеп ұстаздарының күтімімен, аудандық бюджеттің қолдауымен бүгінгі күнге әупірімдеп жетті. 360 баланың білім алуына арналған мектепте бүгінде шағын орталықтың бүлдіршіндерін қосқанда 55 бала білім алуда.

Мектеп директоры Рысты Шоңқабаеваның айтуынша, мектептің шатыры болмағандықтан, екінші қабаттан аққан су оқушылар мен ұстаздардың мазасын қашырып келген.

Мектебіміз апатты жағдайдағы оқу нысандарының тізіміне де енді. Жыл сайын аудандық білім беру бөлімі тарапынан ағымдағы жөндеуге бөлінетін қаржы мен құрылыс заттары мектептің ішкі бөлігін ғана ретке келтіруге жететін. Ал, бір жаңбыр жауғаннан кейін ұстаздардың есіл еңбегі далаға ұшып, атқарылған жұмыстың барлығы жоққа шығатын. Бүгін барлық ұжым болып, істеген ісіміз көзге көрінетіндігіне қуанып отырмыз, дейді.

Шаруа қожалығының басшылары мектептің жөндеу жұмыстарына, соның ішінде, терезелеріне мемлекет есебінен қаржы бөлінген жағдайда өз тараптарынан көмек көрсетіп, жұмыс істемей тұрған асхана мен мектептің жабық тұрған қанаттарын іске қосуға атсалыссақ деген ұсыныстарын да айтқан.

Бәріміздің шыққан жеріміз, түп тамырымыз – ауыл ғой. Соған қолдау көрсетіп, жағдай жасауға аянып қалмаймыз. Оқу орнын орта мектеп қылу үшін әлі де біраз бала қажет. Сол үшін жұмыскерлеріміздің осында отбасыларымен келуіне біз өз тарапымыздан жағдай жасаймыз. Ауыл азаматтарының мектеп туралы айтқан өтініштеріне құлақ аса келіп, өзіміздің тараптан 10 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп, жұмысты шұғыл бастап кеттік. Шатырды жартылай жабу ешқандай нәтиже бермейтіндіктен, 2500 шаршы метр болатын төбенің алдымен ағаш тіректерін құрып, сыртынан профлист материалымен қаптап шықтық. Жақсы шебер табылып, ауыл азаматтарының еңбек күшімен жұмысты абыроймен аяқтап шықтық, дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының ауылдағы өкілі Төлен Шайхин.

Үстіміздегі жылдан бастап ауыл көлемінде жұмысын бастаған жаңа шаруа қожалығының алға қойған мақсат-міндеттері баршылық. Биылғы жылы 800 га жерді игеріп, оның 300 гектарына бидай еккен қожалық күзгі орақ науқанында гектарына 7-8 центнерден өнім алған. Сонымен қатар, қожалық болашақта 500 гектар жерге картоп пен көкөніс, асыл тұқымды ірі қара малын өсіруді жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығын дамытумен қатар тұрғындардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударған шаруа қожалығының игілікті ісіне алғыс айтқан ауыл жұртшылығы да дән риза.

Құрылтайшылар маман жетіспеушілігі жұмысқа қол байлау болып отырғандығын айтады. «Егер, ауылымызға мал дәрігері, механик, слесарь, электрик сияқты мамандық иелері келетін болса, жұмысқа қуана алар едік», – деп ағынан жарылады. Болашақта қара шұбар галштейн тұқымды ірі қара малын әкелуді жоспарлап отырғандықтан, қожалық жұмысын ет-сүт бағытында дамытпақ. Ол үшін баздар жөндеуден өткізіліп, барлық жағдай жасалу үстінде. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін жыл он екі айға жұмыс көзі болмақ.

Мектептің шатырымен тоқталып қалуды жөн көрмеген шаруа қожалығының басшылары жұмысқа тұрған азаматтардың әр баласына 10 мың теңге төлейтіндіктерін айтады.

Бүгінде «Ынтымақ» шаруа қожалығында ауылдың 7 азаматы еңбек етуде. Оған қоса шаруашылық нысанның құрылтайшылары ақылдаса келіп, сырттан келген немесе ауылға қайта оралған азаматтарға арнайы 7 үй сатып алып, жөндеуден өткізу үстінде.

Ауыл тұрғыны Меруерт Отыншиеваның айтуынша, жаңа жұмыс орындарының ашылуымен ауылға қайтып келемін деушілердің саны артқан. Тіпті, бауыры Естай Оспановтың да жұмысқа тұруын мысал етті.

Төрт баласы бар бола тұрып, жұмысы болмағандықтан көп қиналатын. Жаңа шаруа қожалығының ашылуымен тракторист-мехнизатор болып жұмысқа тұрып, тиісті жалақысын алып, қуанып жүр, дейді.

Қалай дегенмен де, шалғай ауылдағы тұрмыстың тамырына қан жүгіріп, ертеңге деген сенімі оянған.

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұзақ жылдардан бері мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп келе жатқанын баса айтып, ендігі кезекте олардың тарапынан да ауылдарға көмек көрсетілуі қажеттігін атаған болатын. Расында, мәдениет пен руханиятымыздың өсіп-өнетін ортасы ауылдарымызға сырттың көмегі қажет-ақ. Әрине, әркім мектеп салып, жұмыс орнын аша алмаса да, өз қолынан келгенінше көмек қолын ұсынса, ауыл деңгейінің артып, мерейінің асары сөзсіз.

Назерке ӘБІКЕЕВА.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button