Бас тақырыпМәселе

Қымбатшылықпен күрес: Үкімет енгізген тетіктер

Қазақстанның әр аймағында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры бар. Аты айтып тұрғандай, қор облыстағы азық-түлік бағасын ауыздықтауға селбесуі тиіс. Нарықта сұраныс жоғары, халық күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерінің жеткілікті болуын қадағалайды.

Қазіргі қымбатшылық кезеңде қордың жұмысынан кінәрат шықпауы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлауалды бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндеттердің қатарында атады. Сәйкесінше, Үкімет қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құралдардың бірі ретінде қор тетіктерінің ықпалын күшейтуді қарастыруда.

Әйтсе де, азық-түлік бағасының өсуін тежеу қиынға соғатын түрі бар. Айта кетейік, америкалық DATAmetrics сараптама орталығының дерегінше, қазақстандықтар жалақысының жартысынан астамын тамаққа жұмсайды екен…

Тұрақтандыру тетіктері өзгерді

Сауда және интеграция министрлігі әр аптаның соңында азықтүлік бағасы мониторингін жариялайды. Тізімде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі қамтылады. Өткен аптада Сауда комитеті кейбір тамақ өнімдері сәл-пәл арзандағанын хабарлап, қуантып қойды. Комитет мәліметінше, қант – 0,6 пайызға, қарақұмық – 0,4 пайызға, тауық еті – 0,3 пайызға, сүт – 0,2 пайызға, пияз 0,1 пайызға арзандаған. Сәбіз бен күнбағыс майының бағасы өзгермепті. Есесіне, қырыққабат – 1,1 пайызға, күріш – 0,9 пайызға және айран 0,6 пайызға қымбаттапты.

Жалпы, азық-түлік тауарларының құны бір жылда 23,6 пайызға өскен. Комитеттің 7 наурыздағы дерегіне сенсек, майлылығы 2,5 пайыздық сүттің бір литрі – 355 теңгеге, қанттың келісі – 454 теңгеге, күріштің келісі 383 теңгеге бағаланды.

Бағаны бір межеде ұстап тұруда тұрақтандыру қорына артылған жүк ауыр. Қордың арқасында өндіруші мен тұтынушы өзара тікелей байланыс орнатып, делдалды айналып өтеді. Президенттің пікірінше, көп жағдайда бағаның жөн-жосықсыз өсуіне делдал да кінәлі екен.

«Өнім дүкен сөрелеріне жеткенше бағаның бірнеше сатысынан өтетіні жасырын емес. Сондықтан, жеткізу тізбегінен делдалдарды жою, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін логистиканы жолға қою аса маңызды» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы делдалдық схемаларды тергейтін өңірлік комиссияларға алыпсатарлықты, сөз байласуды және заңсыз сауда белгілерін анықтау бағытындағы жұмысты жандандыру туралы тапсырған еді.

Сондай-ақ, геосаяси ахуалдың да қымбатшылыққа әкеліп отырғанын айтып, импортқа тәуелділіктен құтылу тетіктерін енгізуді міндеттеді.

«Біздің импортқа тәуелділігімізді төмендету үшін 2024 жылға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қолданылады. Мемлекет форвардтық несиелеуге 100 млрд. теңгеден аса қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Бұл фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуге және күзде өнімнің кепілді өткізілуіне мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Үкіметтің ақпан айындағы отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов та биылғы негізгі міндеттердің бірі жыл қорытындысында инфляцияның деңгейін 9,5 пайыздан асырмау екенін мәлімдеді. Үкімет басшысының айтуынша, бұған қол жеткізуге әбден болады. Тек, барлық өңірлерде азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс жасау керек. Және бұл бағыттағы жұмыс тиімділігін арттыру үшін қажетті жағдай толық қарастырылған.

Бүгінде бағаны тұрақтандыру тетіктері өзгерді. Мәселен, Үкіметтің қаржысы «айналым схемасын» айналып өтеді. Яғни, қарыз тұтынушы мен өндіруші арасындағы сауда ұйымына емес, тікелей өндірушіге беріледі. Тиісінше, өндіруші бұл қарызды өнімімен өтейді. Өнім бағасы ретінде орақ кезіндегі – молшылық уақыттағы баға белгіленеді. Сөйтіп, алдын ала сатып алынған өнім маусымаралық кезеңде – қыс-көктемдегі тапшылықта төмен бағамен сөреге шығарылады.

Сондай-ақ, форвардтық келісімшарт арқылы сатып алу тетігі жолға қойылды. Бұл ережеге сәйкес, қор сатып алған өнімді бұрынғыдай өз қоймаларында емес, өндірушінің қоймасында сақтайды. Бұл логистикаға, сақтауға кететін басы артық шығынды жояды

Қорда азық-түлік жеткілікті

Қарағанды облысында да азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. «Сарыарқа» ӘКК-на қарайтын қордың екі қоймасы бар. Әрқайсына 1320 тоннаға дейін өнім сақтауға болады. Қазір бұл қоймаларда негізінен бакалея тауарлары тұр.

– Тұрақтандыру қорында 381,4 тонна қант, 106,9 тонна қарақұмық, 61,3 тонна күріш, 72,1 мың литр күнбағыс майы бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне сұраныс артып, баға көтеріле бастағанда қордан қажетті мөлшерде босатамыз, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Тюлюбеков.

Мәселен, наурыздың басында қор күнбағыс майын тарата бастады. «Norma N» супермаркеті мен әлеуметтік павильондарға жеткізілген май бағасы нарықтағы орташа құнынан 10-15 пайызға төмен болды.

«Бір литр күнбағыс майының бағасы 605 теңгеден аспауы шарт. Сауда нүктелерінің әкімшіліктері қанша сома қосатындарын өздері шешеді. «Norma N» супермаркеті бір литрін 565 теңгеге сату туралы шешім қабылдады», – деп хабарлайды «Сарыарқа» ӘКК баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Әнуар Дулатұлының айтуынша, форвардтық келісімшарт негізінде 280 тонна картоп, 200 тонна сәбіз қоры жасақталды. Қазір бұл өнімдер өндірушінің қоймаларында сақтаулы жатыр.

Бұдан бөлек, былтыр аймақтағы ірі өндірушілердің бірі – «Поливное» шаруашылығына 113,4 млн. теңге көлемінде қарыз берілді. Шаруашылық баға қалай құбылса да, Қарағандыдағы сауда нүктелеріне келісімшартта көрсетілген баға бойынша картоп-көкөніс жеткізуге міндеттеледі. Қазір шаруашылықтың бір келі қырыққабатының бөлшек саудадағы бағасы – 102 теңге, картоп пен сәбіз келісі – 108 теңге, пияз келісі – 110 теңге.

Пияз демекші, қазір Қазақстанда және Азия төңірегінде пияз мәселесі өткір тұр. Пияз экспорттаудағы көшбасшы Пәкістандағы су тасқынынан бұл көкөніс қат дүниеге айналды. Құны көкке шарықтады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жылда бағасы 62,4 пайызға өскен.

Үкімет отандық көкөністі сыртқа шығаруға мораторий жариялады. Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жағдай сәуір айында тәуір болады. Сәуірден бастап Пәкістан, Өзбекстан мен Тәжікстан Қазақстанға пияз жеткізбек.

Ал, Әнуар Дулатұлының сөзіне сенсек, облыста пияз мәселесі жоқ, тұрақтандыру қорына 20 тонна пияз сатып алынды.

15 наурыздағы мәліметке қарасақ, пияздың бір келісі – «Южный» сауда желісінде 238 теңгеге, «Аян» сауда дүкендерінде 198 теңгеден сатылуда. Есімін атамауды жөн көрген дүкен әкімшісі пияздан басқа да көкөніс түрлері жеткілікті мөлшерде бар екенін айтады.

– Пияз және басқа да көкөніс, картоп – ең өтімді тауарлар. Облыс аумағындағы шаруа қожалықтары апта сайын тапсырысқа сай жеткізіп тұрады. Сондықтан, сөрелерден бұл азық-түлік түрлері жоғалып кетеді деп алаңдаудың қажеті жоқ. Мәселе – бағасында. Біз өндірушінің бекіткен бағасына қарай өз бағамызды қоямыз. Кейде тұтынушыларымыз келіп, жағасын ұстап жатады. Нарық заңы солай, дүкен сол үстемеақының арқасында күн көріп отыр, – дейді дүкен өкілі.

Бизнес қауымдастықтың көмегі көп

Қоғамның тірегі – шағын және орта бизнес. Бұл кәсіпорындар ауылын асырап келген бұрынғының байлары сияқты. Сондықтан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де бағаны тізгіндеуде маңызды роль ойнайды.

Жыл сайын атқарушы билік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен меморандумға қол қояды.

Меморандум кәсіпкерді өз өнімінің бес пайызын төмендетілген бағада өткізуді міндеттейді. Меморандумға жергілікті тамақ өнеркәсібінің өкілдері – құс фабрикалары, егіншілік шаруашылықтары, астық өңдеу кәсіпорындары мен нан зауыттары белсенді қатысады.

– Мәселен, меморандум шеңберінде «Найдоровское» ЖШС Қарағандыға картоп жеткізіп отыр. Бұл картоптың келісі 130 теңгеден сатылуда. «Агрофирма «Құрма» АҚ, «Үштөбе Құс», «Қарағанды Құс» және «Майкудукские яйца» серіктестіктері бір аптада 90 мың тауық жұмыртқасын тапсырады. Тұрғындарға жеткенде 10 жұмыртқа 320 теңгеге бағаланады. «Ақнар» ЖШС Қарағандыдағы сауда нүктелеріне апта сайын 3,5 тонна тауық етін жеткізеді. Келісі – 1023 теңгеден, – дейді Әнуар Тюлюбеков.

Тағы бір айтып өтері, 2019-2021 жылдары астықтың резервтік қоры жасақталған еді. Бұл қорға бюджет қаржысы шығын болған жоқ. Қазіргі уақытта қордағы І сұрыпты ұн құны – 120 теңге. Осы ұннан пісірілген нан бөлкесі 85 теңге тұрады. Мұны «Корпорация «Караганды Нан» ЖШС пісіреді.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ үшжақты меморандумға қол қойды. Яғни, облыс көлемінде әлеуметтік нанның бөлкесі 95-105 теңге тұрады. Себебі, наубайшыларға І сұрыпты ұнның келісі 120 теңгеден босатылады.

Жалақының жартысы – тамаққа

Көріп отырмыз, билік тиімді деген тетіктерді іздестіріп, іске қосуға тырысқанымен бағаға бұғалық салып, тапжылтпай басуға шамасы жетер емес. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтырғы жылдың ІV тоқсанындағы орташа жалақы 338 715 теңгені құрады.

Мақаламыздың басында айтқанымыздай, отандастарымыз бұл қаржының жартысынан астамын – 53 пайызын азық-түлікке жаратады. Ал, өркениетті Германияда бұл көрсеткіш 12,2 пайызды құраса, іргеміздегі Ресейде – 32,2 пайыз. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл статистика – экономика дамуының көрсеткіші. Яғни, бақуатты елдің халқы табысының шамалы ғана бөлігін тамаққа жұмсауы тиіс.

Иә, қымбатшылық қалтаны да, жүйкені де жұқартып тұрғанын мойындау керек…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button