Ғылыми жол – құқықтық қазық
Ғылым – жаратылыс заңына сәйкес бір жүйеге келтіріліп реттелген, ұйымдастырылған, көзбен көрілген, ақылмен білінген, жүрекпен сезілген, нақты тексеруге болатын, тіршілікке пайдалы, барша жұртқа бірдей, таза ғаділет, махаббат, сезіммен динамикалық біртұтастыққа ұмтылған адамшылық білімі.

Ғалами ғылым нормаларын өзгелерден гөрі анығырақ сезген Шоқан өзінің «Сот реформасы» туралы аңсарында: «Әрбір дамуға және мәдениетке қабілетті халық еуропалық, жалпыадамзаттық білімді жетік меңгеруге міндетті. Өзіне жүктелген осынау жауапты істі орындау жолында тосқауыл болар барша қиындықты еңсере отыра, ұлттың бүкіл ерік-жігерін нәпсі үстемдігін жеңуге жұмсау халықтың өмірлік мақсат-мүддесі болуға тиіс», – депті (Шоқан. Т. 4, 80-б. Авторлық аударма).
Табиғат дарытқан адам бойындағы бар қабілет, қасиеттің мақсат-мүддесі саналылыққа ұмтылып, символда бекіп, көзге көрініп, жадта сақталып қалмақ ниеті, сыртқы пішін мен ішкі мәннің өзара тығыз байланыстылығы, осынау біртұтастық заңына бағынады. (Альберт Сеше. «Программа и методы теоретической лингвистики. Психология языка». 57, 144-бет.)
Динамикалық біртұтастық ұғымының грамматикалық мән-мағынасы жалпыадамзаттық жазу-сызу мәдениетінде етістік пен есімнің айырылмаған, түгел сөздің түбірлес, тұлғалас бірлігі кезеңнен бері, кешенділік пен жүйелікке құрылған бірегей әдістемелік тұғырнама негізінде 3 (үш) санымен бейнелеу қабылданған.
Бұл біртұтастық бейнесі қазіргі қолданыстағы құқықта ҚР Конституциясының 3-бабындағы биліктің үш тармаққа бөлінуі жайындағы нормада көрініс тауып тұр. Үшінші бап оны келесідей мүсіндейді: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады».
Біз ақылмен ізденіп, шын ниеттің көзімен үңілсек, осынау Конституциялық құқықтық біртұтастық бейнесін байырғы, көне қазақтың өсіп-өнген, гүлденген ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі «Қобыланды батыр» жырынан табамыз.
Жырда Қобыланды батыр жорыққа аттанбақ жолында жары Құртқа алты жыл баққан бурыл атқа сұрау салады.
Батыр атқа жұмсаған Естеміске алты жыл баққан бурыл аттың батырдың жауға мініп шабуына жарамайтынын Құртқа «Аттың күні толмай тұр, зор салмасын жолбарысқа. Сұлтаныма сәлем де, тілімді алса, бармасын» деп естіртеді.
Жорыққа шақырған Қараман батырдың Қобыландыға «Қатынның тілін алған, қатынсың!» деген сөзіне намыстанып, ауылға қарай шапқан қаһарлы күйеуін қарсы алуға Құртқа Тайбурылға мініп шығады.
Қыз Құртқаны көтеріп, Бурыл көкке екі ұшты, екі түсті, үшінші рет көтеріле алмағанын батырдың көзі көрді. Сонда Тайбурылға Құртқа сөйлейді: «Үш ұшар ең аспанға, бір ұшуың кем болды. Мен қайтейін, Бурылжан, қырық үш күннің кемдігі».
Бабы, күні толмай тұрған Тайбурылға мініп алған Қобыланды батыр жорыққа аттанғалы жатқанда Құртқа оны былай деп ескертеді: «Астыңдағы Бурылдың, көбіктінің екі аты, Үйіріне қарай қашқанда, сол уақытта көрінер, қырық үш күндік кемдігі». (Батырлар жыры. Т. 1. 25, 35-б)
Абай сынаған Бұқар жырау да Абылай ханға осы мағынадағы сөзді айтқан: «Елу бес жасқа келгенде, жақсы болсаң, толарсың. Жаман болсаң, маужырап барып соларсың» (Үш ғасыр жырлайды. 65-б.)
Реті келгенде, Абайдың авторлығына телініп жүрген «Таза мұсылман, толық адам» делінетін қағида жалпы адамзатқа ортақ ежелгі құқықтық ұстаным екенін айта кетсек жөн болар.
Оны Абайдың өзі де бекітеді: «Һәммаға мағлұм, әуелде адам балалары бұл күнгі орындарына екі жақтан толқынып келгендігі. Бірі – Үндістан тарапынан, ол жақтан келген жұрттардың көбі – білімді болып, ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер». (Абай. «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы»)
Абайдың үздік, үлгілі деп танып отырған Үндістанда алғы, негізгі мәннің есімі, тура атауы жоқ. Үнділік жұрт жоқтан бар қылатын мәнге «то» немесе «это» деген сілтеме есімдіктермен нұсқайды. (Е.П.Блаватская. «Разоблаченная Изида». ІІ-том. 352-б.)
Үндістандық дәстүрге ұқсас орыс тіліндегі «закон» терминінің этимологиялық оқылуы да сол іспеттес: «Закон, то, что было в начале».
Үнді мен орыстан қытай елі де қалыспайды, олардың тілдік қорында «bi» фоноидеограммалық иероглифінің көне мағынасы «тот», «то» – анау, анау жақ деген мағынада. (Задоенко Т.П., Хуан Шуин. «Основы китайского языка». 612-б.)
Үнді, орыс, қытайға ортақ «Жоқтан бар қылушы» құдіретіне сілтеме жасайтын бірлікке ұқсас Жаңа Зеландия тіліндегі «to» термині «өмір» және ана құрсағындағы тіршілік иесін білдіреді. (Вильгельм фон Гумбольдт. «Избранные труды по языкознанию». 283, 285-б).
Сонымен, Шоқан айтқан қазақтың таза һәм толық әдебиетінде сақталған біртұтастықты білдіретін бейне біздің арғы ата-бабаларымызда ғылымы болғанын, оның нақты ғылыми атауға да ие екендігін растайды.
Сол ғылымның атауын Абай сөзі жеткізген: «Бас қосылса Арысқа, кім шабады намысқа?» Абайдағы Арыс – ғалымдардың бас қосатын ғылыми кеңестің есім-сойы.
Үш Арыс – біртұтас ғылым. Арыстың ғылым атауы екендігін арғы римдіктерден дәлел ұсыналық: «Ars una species mille» – ғылым біртұтас, оның тармағы көп, біздегі Үш анық, Үш сүю, Үш жүз, Үш би сияқты.
Ата Заңда аталған біртұтас мемлекеттік биліктің сот тармағы да үштіктен құралады: сот төрелігі, сот әкімшілігі, сот ғылымы.
Соттың ғылыми-зерттеу орталығы болып қалыптасқандығы жайлы және судья ғалым болуы тиістілігі туралы дерек 1519-1594 жылғы Төре бітігінде (351, 353-б.) бар.
Төре бітіктің судья толымды, білімді ғалым болуға тиісті деген талабы Абайдың 45-сөзінде «Әркім ғылыми қызмет субъектісі болып танылады» деген тұжырымымен сәйкес келеді.
Абайдың адамға берген аккредитациясы: «Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп».
Сот ғылымы да үш тармақтан құралады. Сот мектебі, сот колледжі, сот академиясы. Үшеуінің де оқу бағдарламасының әліппесі, негізі, мәні, сүйегі – қазақ ауыз әдебиеті.
Осы ілгерілеу үштігінің сынынан түзу өткен адам ғана судьялық лауазымға сайлану мақсатында конкурстық комиссияға өтініш беру мүмкіндігіне ие болады.
Сөз басында келтірілген Шоқанның қазақ халқын ғалами ғылымды игеруді міндеттеген талабына сай, Абай да: «Біртұтас ғалами ғылымнан ізерлеп, құмар болып, ғибратланушыларға тыйым жоқ», – деп үн қосады.
Адаспай, тура ізденген Шоқан мен Абай ұсынып отырған ғылыми жол – қазақ елінің мемлекеттік билігінің біртұтастығын қапысыз қамтамасыз етер құқықтық қазық.
Марат АЗБАНБАЕВ