Жаңалықтар

Ғылым жетiстiгi – Холдингте

«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі алыс және жақын шетелдің 30 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарымен, фармацевтикалық компанияларымен халықаралық деңгейде ынтымақтастық жүргізу бойынша үлкен, нәтижелі және ауқымды жұмыс жүргізуде. Байланыс орнатылған әріптестер қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Швейцария, Германия, Түркия, Пәкістан, Үндістан, Ресей, Беларусь және тағы басқа бірнеше мемлекеттің маңдайалды орталықтары бар. 

«Фитохимия» холдингі бірнеше жылдар бойы Ресей Федерациясының жоғары оқу орындары мен фармацевтикалық кәсіпорындарымен, соның ішінде, Н.Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институтымен, Сібір мемлекеттік медицина университетімен (Томск қ.), Томск ұлттық зерттеу политехникалық университетімен, Новосибирск мемлекеттік медицина университетімен, Алтай мемлекеттік университетімен (Барнаул қ.) және тағы басқа жоғары оқу орындарымен тығыз шығармашылық байланыс жасап келеді. Жоғарыда аталған жоғары оқу орындарымен ғылыми-техникалық ынтымақтастық және дәрілер технологиясы, дәрілік заттар химиясы, фармацевтикалық химия бойынша білікті мамандарды даярлау туралы шарттар жасалды.

Өндіріс пен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық – өзара тиімді үдеріс. Студенттер үшін бұл жұмысқа орналасудың және озық тәжірибе алудың мүмкіндігі болса, жұмыс беруші үшін оқу орындарының бейінді кафедраларымен өзара қарым-қатынас жасау арқылы жас мамандардың кәсіби дамуын реттеудің, студенттерге болашақта қалай және қандай жағдайларда жұмыс жасайтынын көрсетудің мүмкіндігі болып табылады.

«Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертханалық және тәжірибелік-эксперименттік базасы мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік базасында, бекітілген бағдарламаларға сәйкес, Сібір мемлекеттік медицина университеті (Томск қ.) фармацевтика факультетінің, Томск ұлттық зерттеу политехникалық университетінің, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің, С.Асфендияров ат­ын­дағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының, Астана медицина университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті химия факультетінің 250-ден астам студенті жыл сайын оқу-кәсіби практикадан өтіп отырады.

Үстіміздегі жылдың 27 маусымынан бастап Томск ұлттық зерттеу политехникалық университетінің «Химиялық технология» және «Биотехнология» мамандықтары бойынша ІІ-ІІІ курста оқитын 5 студенті – Кирилл Кузнецов, Игорь Новак, Владимир Шмалюк, Рината Лаврикова, Ирина Ярыгина «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертханалары мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының өндірістік учаскелерінде өндірістік практикадан өтуде.

Өндірістік практика кезінде студенттер дәріс тыңдады. Холдинг құрылымдық бөлімшелерінің жұмысымен, дәрілік шикізатты өсіру мен оны қайта өңдеуден және субстанцияны алудан бастап дайын дәрілік түрлерді шығаруға дейін дәрілік препараттар өнеркәсіптік өндірісінің барлық кезеңдерімен танысып шықты. Сондай-ақ, практиканттар «Найтек Инструмент», «Гензер», «Альфа Хром» (Германия), «Милипор», «Хроматон Технолоджис» (Франция), «Натекс» (Аустрия), «Меттлер Толедо» (Швейцария) сияқты танымал шетелдік компанияларында жасалған бірден-бір заманауи жабдық орнатылған өндірістік учаскелерде жұмыс істеді. Олар «Pilotvaр-50» ротациялық буландырғыштарында, көмірқышқылды экстракторларында, «FCPC-5000» жылдам ортадан тепкіш үлестіру хроматографында, таблет-баспақта, капсулаландыруға арналған қондырғыда, блистерлік машинада және тағы басқа жабдықтарда өндірістік үдерістерге тікелей қатысты. ТМД аумағында Қарағанды қаласында «Фитохимия» холдингінде ғана дәрілік препараттар субстанцияларын алу кезеңінде «Хроматон Технолоджис» (Франция) компаниясының қондырғысында ортадан тепкіш үлестіру хроматографиясы пайдаланылатын заманауи хроматографиялық тазарту технологиясы қолданылады.

«Фитохимия» холдингінің бөлімшелерінде практикадан өткен томскілік студенттер мен магистранттардың көбісі қазіргі таңда «Фитохимия» холдингі мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының тәжірибелік және өндірістік цехтарында табысты жұмыс істеп жүргенін айтып өткен жөн. Инженер Наталья Титова Томск ұлттық зерттеу политехникалық университетінде оқуды тәмамдағаннан кейін Қарағанды қаласына келіп, «Фитохимия» холдингінің фитопрепараттар технологиясы зертханасында жұмыс істеуде. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты болып табылады. Светлана Паньшина «Фитохимия» холдингінде өндірістік практикадан өтіп, Томск ұлттық зерттеу политехникалық университетінде биотехнологиялық және фармацевтикалық өндірістердегі инжиниринг бойынша магистрлік диссертацияны қорғап шықты және қазіргі уақытта «Фитохимия» холдингінің бақылау-аналитикалық жұмыстар және физика-химиялық зерттеулер зертханасында жұмыс істейді. Томск мемлекеттік университетінің аспиранты Тамара Боровик «Фитохимия» холдингінің алкалоидтар химиясы зертханасында тағылымдамадан өтуде және қазақстандық әріптестерімен бірге Көкгүл тұқымдас өсімдіктерді химиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Жуырда ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы шарт бойынша Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне Н.Ворожцов атындағы Новосибирск органикалық химия институтымен бірге жасалған және бір мезгілде Новосибирск пен Қарағанды қалаларында 2018-2020 жылдарда жүзеге асырылатын «Сібір және Қазақстан өсімдіктері төменгі молекулалы метаболиттерінің бағытталған синтетикалық трансформацияларының негізінде қабынуға, бактерияға және ісікке қарсы әсері бар жаңа таргеттік биомолекулаларды жасау» бірлескен жобасы ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button