Ғылымға сарқып берген бар қуатын
Даңқты жерлесіміз, Ақтоғай ауданының Қусақ (бұрынғы Шұбартау) ауылының тумасы, Қазақ ССР ғылым академиясының академигі, академияның физика-математика бөлімінің ғалым хатшысы, Қазақ ССРның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғылымының докторы, профессор Орымбек ЖӘУТІКОВ биыл мамыр айында 110 жасқа толады.
Қазақ ғылымына зор үлес қосқан Орымбек Ахметбекұлы ағамыз математика ғылымын ұйымдастырушы, қазақ жастарын Советтер Одағының негізгі ғылыми орталықтарына жолдап, республикамыздың жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институтары үшін жоғары дәрежелі математиктер даярлауға өлшеусіз үлес қосқан үлкен қайраткер еді.
Орта білімді Қарқаралыдағы мектеп интернатынан алған. Орекең «Бізді жер аударылған небір мықты мұғалімдер оқытты» деп естелік айтушы еді. Одан кейін 1930 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне қабылданып, 1934 жылы үздік бітіріп, институтқа мұғалімдік қызметке қалдырылады. Марқұм Сейітқали Баймурзин ағамыз «Орымбек бізге сабақ беріп еді» деуші еді.
Орымбек Ахметбекұлы 1989 жылдың 16 мамырында дүниеден өткенге дейін ҚазПИ-дің профессоры болып жұмыс істеп, физика-математика факультетін жоғары дәрежелі білікті мамандармен қамтамасыз етуге өмір бойы үлес қосты. Осындағы ассистенттік қызметін 1941 жылға дейін жалғастырып, Ленинград мемлекеттік институтына аспирантураға жіберіледі. Ұлы Отан соғысы басталып кеткеннен соң елге шақырылып, 1941 жылдан 1943 жылдың күзіне дейін ҚазПИ-дің физика-математика факультетінің деканы қызметіне тағайындалады. Осы қызметтен Абай атындағы педагогикалық институт директорының ғылым және оқу ісі бойынша орынбасары деңгейіне жоғарылатылып, 1946 жылдың ортасына дейін еңбек етеді.
1944 жылы Орымбек Ахметбекұлы академик К.Персидскийдің жетекшілігімен «Некоторые вопросы теории устойчивости движения в смысле Ляпунова» (Қозғалыстың Ляпунов мағынасындағы орнықтылық теориясының кейбір мәселелері) тақырыбына физика-математика ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады. 1946-1948 жылдары Абай атындағы пединституттың физика-математика факультетінің математикалық талдау кафедрасының доценті болып ұстаздық етеді. 1948-1951 жылдары осы кафедраның меңгерушісі.
1951-1965 жылдары Орымбек Ахметбекұлы Қазақ ССР-ның ғылым академиясының математика-механика секторының меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Осылайша ағамыздың Қазақ ғылымындағы жаңа өмірі басталады. Қазақ ССР-ның ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтың таңдауы Орымбек ағамызға түсіп, иығына бүкіл Қазақ республикасының математика ғылымын ұйымдастыру жүгін сеніп артады. Қаныш ағасының сенімін Орекең толық ақтады деп айта аламыз, бұған өзі жетектеп ғылымға енгізген шәкірттері мен қазақ математикасының бүгінгі жеткен биік дәрежесі куәлік береді. 1961 жылы Орымбек Ахметбекұлы «Исследования по теории счетных систем дифференциальных уравнений» (Дифференциалдық теңдеулердің шексіз санамалы жүйесінің теориясын зерттеу) тақырыбына физика-математика ғылымдарының докторы атағына диссертация қорғады және осы жылы Орекеңе ССРО-ның Жоғарғы аттестациялық комиссиясы профессор атағын берді. 1962 жылы Орымбек Ахметбекұлы Қазақ ССР-ы ғылым академиясының академигі болып сайланды.
1965 жылы Қазақ ССР-ы ғылым академиясының математика-механика секторы «Математика және механика институты» болып қайта құрылды. Бұл оқиға қазақ математикасының өміріндегі айтулы оқиға еді. Институттың бірінші директоры – ағамыздың ұстазы академик Константин Персидский, орынбасары – Орымбек Жәутіков. Осы жұмысты Орекең 1965-1968 жылдары атқарды. 1965-1987 жылдар аралығында институттың қарапайым дифференциалдық теңдеулер лабораториясының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1969-1985 жылдары Орымбек Ахметбекұлы Қазақ ССР-ы ғылым академиясының физика-математика бөлімінің академик-хатшысы, акдемия президиумының мүшесі болып тағайындалды.
Өмірінің соңғы екі жылында, 1987-1989 жылдары өзі құрған қарапайым дифференциалдық теңдеулер лабораториясындағы шәкірттерінің ортасында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.
1951 жылдан дүниеден өткен 1989 жылға дейінгі аралықта С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының профессоры болып математика факультетінің студенттеріне дәрістер оқып, шәкірттер тәрбиеледі.
1945 жылдың басында Қ.Сәтбаев, СССР Ғылым академиясының құрамындағы Қазақстан филиалының негізінде құрылатын Қазақ ССР-ы Ғылым академиясының құрылымдары мен штатын бекіту үшін Мәскеуге баратын делегация құрамына Орымбек Ахметбекұлын кіргізіп, Мәскеуге барады. Орекең осы сапарында Мәскеу мен Ленинградтың әлемге әйгілі И.Виноградов, И.Петровский, В.Смирнов, тағы басқа жетекші математиктерімен жолығып, болашақ академияның құрамында құрылуға тиісті математика және механика секторының жұмыс бағдарларын ақылдасып, талдап қайтты. Осы 1945 жылдың 1 наурызында математика және механика секторы ресми түрде ашылып жұмыс істей бастайды.
Орымбек атамыз осы сектордың директоры болып 1951 жылы тағайындалғаннан кейін бар күш-жігерін осында салды. Кадрлармен толықтырып, математика мен механиканың Қазақстан үшін жаңа бағыттарын ғылыми айналысқа енгізіп, «Математика және механика институты» деңгейіне жеткізуге жұмсады. Ақыры 1965 жылы Алматыда Қазақ ССР-ы Ғылым академиясының «Математика және механика институты» құрылды. Орымбек Жәутіков көп жылғы Абай атындағы Қазақ педагогика институты, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақ политехникалық, Қазақ қыздарының педагогикалық институттарында оқыған дәрістерінің негізінде 1958 жылы «Математикалық анализ курсы» оқулығын жарыққа шығарды. Бұл оқулық жоғары мектептің математика және физика факультеттері мен техникалық жоғары оқу орындарының студенттері үшін жоғарғы математика әлеміне кірердегі ең негізгі математикалық анализ пәнінің, қазақ тілінде ғана емес, Орта Азия республикаларының тілдерінде де жоқ тұңғыш оқулық еді. Бұл кезінде өте маңызды оқиға болды. 1959 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде академик Ж.Тәкібаев пен доцент Қ.Бектаевтың рецензиясы басылып, «ғылым саласындағы зор табыс» деп бағаланды. Бұдан бұрын «Жай дифференциалдық теңдеулер». I-бөлім. 1950 жыл», «Жай дифференциалдық теңдеулер». IIбөлім. 1952 жыл» атты өзінің мамандығы бойынша жазған қазақ тіліндегі ең алғашқы оқулықтары да бар еді.
Ресей математигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор К.Валеевпен бірігіп жазған «Бесконечные системы дифференциальных уравнений» (Дифференциалдық теңдеулердің шексіз санамалы жүйелері) атты 416 беттен тұратын үлкен монографиясы 1974 жылы жарыққа шығып, 1976 жылы ғылым мен техника саласындағы Қазақ ССР-ның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Орымбек Ахметбекұлы ұзақ ғұмырында тек қана ғалым, ғылымды ұйымдастырушы ғана емес, математика ғылымының тұрақты насихаттаушысы болып өтті. Ағамыз математика ғылымын насихаттау үшін мектеп оқушылары мен мұғалімдерге және басқа саланың мамандарына арнап, екі тілде 18 кітап жазыпты. Мақалада бәрін бірдей атап жазу мүмкін емес, сөйтсе де дәйектілік үшін бірнешеуін келтіремін.
«Математика және оның дамуы». 1951 ж.; «Орыс математикасының атақты ғалымдары». 1956 ж.; «Жай санаудан машиналық математикаға жету» (Математиканың даму тарихынан) 1959 ж.; «Математиканың даму тарихы» (Ерте заманнан XVII ғасырға дейін). 1967 ж.; «Ақиқатты танып-білудегі математиканың ролі». 1975 ж.; «Математика и научно-технический прогресс». 1978 ж.; «Жоғары математикаға кіріспе»: Мұғалімдерге көмекші құрал. 1984 ж., тағысын тағы.
«Ақиқатты танып-білудегі математиканың ролі» тақырыбына қазақ және орыс тілінде Орекең үш кітап жазып бастырыпты, себебі бұл тақырыптың философиялық мазмұны ғылымның барлық саласы үшін күні бүгінге дейін маңызы жоғары.
Алғашқы үшеуін, менің тұрғыластарым, мектеп оқушысы кезімізде оқып өстік. Бүкілодақтық әйгілі «Квант» журналында мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арнап үш мақала жазыпты.
Республикалық «Білім қоғамы» басқармасындағы физика-математика ғылымының жетістіктерін тарату жөніндегі ғылыми-методикалық кеңестің төрағасы болып тұрақты жұмыс істеп еді.
Алпысыншы жылдардың бас кезіне дейін Қазақ ССР Ғылым академиясының жаратылыстану ғылымдары бойынша кандидаттық диссертацияларын қорғайтын біріккен кеңестің төрағасы болды, одан кейін математика саласы бойынша арнаулы кеңес құрылғанда да төрағалығын жалғастырды. 1973 жылы кандидаттық диссертациямды Орымбек Ахметбекұлы басқарған математика саласы бойынша арнаулы кеңесте қорғап едім. Орымбек ағамыздың 15 төл шәкірті осы диссертациялық кеңестерде еңбектерін қорғап шықты. Орымбек Ахметбекұлын Одақтас республикалардың белгілі математиктері шәкірттерінің диссертацияларына оппоненттікке жиі шақырып тұрды. 1950 жылдан Орымбек Ахметбекұлы «Қазақ ССР-ы Ғылым академиясының Хабарлары. Физика-математика сериясы» журналының редакция алқасының мүшесі, бас редактордың орынбасары; «Қазақ ССР-ы Ғылым академиясының Хабаршысы» журналында редакция алқасының мүшесі болды. Орекеңнің редакциясымен бірталай монографиялар мен ғылыми жинақтар басылып шықты. Орымбек ағамыз орта мектепте физика, математика пәндерін оқытуды жетілдіруге үнемі көңіл бөліп отырды. Алматы қаласының мектептерінің мұғалімдерімен кездескенде, республикалық кеңестерде, мұғалімдердің білімін жетілдіру курстарында математиканы оқытудың проблемалары бойынша дәрістер оқып, баяндамалар жасап жүрді. Алматы қаласында республикалық физика-математика мектебін ашуға көп күш жұмсады. Осы мектепте Орекең мектеп математикасы деңгейінде жиі-жиі лекциялар оқып тұратын. Кейін еліміздің дарынды балаларына арналған республикалық физика-математика мектебіне академик О.Жәутіковтің аты беріліп, көп жыл өнімді жұмыс істеп тұрды. Түлектерінің ішінен көптеген мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар тәрбиеленіп шықты. Бірақ, 2016 жылы осы мектептен академик О.Жәутіковтің аты алынып тасталғаны өте өкінішті болды. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деген осы енді. Қарағанды облысының басшылығы мен жұртшылығы бұл мәселеге көңіл бөліп, ел Приезиденті мен Үкіметінің алдына тиісті мәселе көтеріп, ғалымның атын мектепке қайтартса, әділдік болар еді. Әйтпесе мемлекетке, Қазақ ғылымына орасан еңбегі сіңген Орымбек ағамыз іздеушісі жоқ жетім болып тұр ғой. Қазақ Ұлттық университетінде халықаралық деңгейде, кейінгі кезде өзінің атында болған физика-математика мектебінде, мектеп оқушылары арасында математикадан О.Жәутіков атындағы олимпиадасы өтіп тұрады.
Орымбек Ахметбекұлы мектеп оқушылары арасында математика пәнінен өтетін республикалық олимпиадаларды да қадағалап отыратын еді. Осындай бір олимпиадада жеңімпаз болған Дулат Жұмабаев деген оқушыны С.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде де байланысын үзбей, оқуын бітіргеннен соң өзіне аспирантураға қабылдап, өмірден өткенінше ұстаздық етті. Дулат шәкірті де жетекшісінің үмітін ақтап, уақытында кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғап, республикамыздың көрнекті математик ғалымы болып қалыптасып, Орекеңнің құрған лабораториясына жетекшілік етті. Республиканың жоғары оқу орындары үшін көптеген ғылым кандидаттарын даярлап, қорғатты. Тек өткен жылғы пандемия кезінде ковид кеселінен өмірден өткені – қазақ ғылымы үшін ауыр қаза болды. Өткен ғасырдың 60, 70, 80 жылдарында қазақ математикасын дамытуға зор үлес қосқан ғалымдардың көпшілігі Орымбек Ахметбекұлының шарапатын көрген шәкірттері еді. Мысалы, менің студент, аспирант кезімдегі ғылыми жетекшім, ұстазым болған физика-математика ғылымының кандидаты, профессор, марқұм Қабдеш Наурызбаев ағам айтатын «Орекең Советтер одағының қай қаласына бармасын, сәлем беруге келген қазақ жігіттерінің аты-жөнін, осы қалада қай мекемеде оқитынын, ғылыми жетекшісінің аты-жөнін, жұмыстарының жағдайын, адресін сұрап, қағазға тізіп жазып және тағы қандай қазақ жігіттері бар?, қайда оқиды?» деп жаңағындай мәліметтер алып отырады екен. Тіпті, пойызда жолыққан жігіттермен де осындай сұхбат жүргізетін көрінеді. Сондай бір, пойызда жолыққан, кездесуінде Мәскеуде оқитын біреуден менің атыжөнімді, МГУ-ды қашан бітіретінімді, қалай оқитыныма дейін жазып алып, екі жылдан кейін жаңағы танысыма хат жазыпты. «Қабдеш Наурызбаевты тез тауып хабарлас, мен сол жігіттің атына Мәскеудегі СССР ҒА-ның В.Стеклов атындағы математика институтына аспирантураға жолдама жібердім» депті. Ол кезде мен Калинин қаласындағы авиация академиясының жоғары математика кафедрасының оқытушысы едім.
Орымбек Ахметбекұлы жүздесіп сөйлесіп көрмеген адамым, Қостанайдың тумасымын, жерлесі де емеспін» – деп толғанып айтып отырушы еді. Екеуі жақсы сыйластықта болды, өткен ғасырдың 70 жылдарының басында Орекең төрағалық ететін арнаулы диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы болып бірге жұмыс істеді. Кейбір кітаптарына редактор немесе пікір жазып жүрді. Тура осыған ұқсас әңгімені 2020 жылы 85-ке толған Қазақ ҒА-ның академигі, профессор Назарбай Қадырұлы Блиев те айтатын. «Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Гурьев педагогика институтында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген күндерімде, Орымбек Ахметбекұлы Мәскеудегі СССР ҒАның В.Стеклов атындағы математика институтына жолдамамен аспирантураға жіберді» дейтін. Назарбай ағамыз Ақтөбенің тумасы. Тура осылайша Ленинград Университетіне Баяхмет Майғарин аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғап, өмірінің соңына дейін, Орекең басқаратын лабораторияның аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 1980 жылы Орымбек Ахметбекұлының Қазақстан жоғарғы және орта арнаулы білім министрлігіне жазған ұсынысы бойынша мен Қарағанды мемлекеттік университетінде аспиранттар қабылдап оқытып, қорғатуға ұлықсат алып едім. Ол жылдары тәртіп сондай еді. Орымбек ағамыз Қарағандыға 1972 жылдан өмірінің соңына дейін 3 рет келгенін білемін. Бірінші рет 1972 жылдың 1-ші қыркүйегінде Евней Арыстанұлы ағамыз Гоголь көшесіндегі Қарағанды Мемлекеттік университетінің жаңа бас ғимаратын ашып, оқуға студенттер қабылдауына байланысты үлкен салтанатты жиналыс өткізді. Бұл жиынға Үкімет басшысы Бәйкен Әшімов, министрлер, сол кездегі Қазақ ғылым академиясының президенті, жазушы Сәбит Мұқанов бастаған жазушылар келіп қатынасып еді. Академия делегациясының құрамында Орымбек Ахметбекұлы да келді. Ертеңінде Орекең математика факультетіне келіп, мұғалімдермен кездесті. Пединститут кезінен жұмыс істейтін мұғалімдермен танысып, кімнің қайда оқып, қайда қорғағандарын сұрап, танысты. Университет ашылуына байланысты жаңадан келген біз сияқты мұғалімдермен де осылайша сұрақ-жауап алды. Мені өзі жұмыс істейтін математика және механика институтында аспирантурада оқитын кезімнен білетін, оның үстіне семинарлардан басқа институтта партиялық есепте болуыма байланысты партия жиналыстарынан да көретін. Ағамыз өзінің Қарағанды облысының Ақтоғай (бұрынғы Қоңырат) ауданының тумасы екенін, орта мектепті Қарқаралының мектеп-интернатында оқып білім алғанын айтып, көпшілікке өзін таныстырып, енді Қарағандыда республиканың екінші университетінің ашылып, жұмыс істей бастағанына қуанышты екенін жеткізді. «Қарағандыда Қаргрестің құрылысында жұмысшы да болдым, құрылыс басқармасының газетін шығаруға да қатынастым» деді. «Орталарыңда отырған Сейітқали ағаларың көп жыл пединституттың ректоры болып жұмыс істегенде, басқасын білмеймін, математика факультетін жоғары дәрежелі мамандармен жақсы қамтамасыз етіпті, жаңа ұжыммен танысқанда байқағаным» деп шынайы сөйледі. С.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің математика және механика факультеті үш жылда бір Қазақстанның жоғары оқу орындарының математика мен механика саласы бойынша республикалық конференция өткізіп тұрушы еді. Республиканың барлық жоғары мектептерінің математиктері мен механиктері үш жылда бір бас қосып, танысып, ғылыми нәтижелерімен бөлісіп, мәре-сәре болып тұратын жақсы ғылыми форум еді. Бұл конференцияларға Одақтың көптеген ғылыми орталықтарынан ғалымдар келіп, біздің мамандар олармен танысып, шәкірттерін сол орталықтарға жіберіп, оқытып тұрды. 1978 жылғы конференцияда университетіміздің ректоры Евней Бөкетовтің келісімімен, келесі конференцияны 1981 жылдың қыркүйек айында Қарағанды мемлекеттік университетінде өткізуге ұсыныс жасап, конференцияның келісімін алдық. Уақыты келгенде конференцияға келіп қатынасуға одақ көлеміндегі математика мен механика ғылымдарының мамандарына шақыртулар жіберілді. Мені конференцияның ұйымдастыру комитетінің ғалым хатшысы етіп бекітті. Бұл конференцияға республикамыздың мамандарымен бірге Одақтың көптеген қалаларынан қатынасуға ықылас білдіргендер көп болды. Конференцияға келгендердің жалпы саны 500-дей адам.
Орымбек Ахметбекұлы сол жылы 70 жасқа толған еді, «Келіп қатынасамын және жұбайыммен бірге барамын, орта білімді алған Қарқаралыма алып бара аласыңдар ма?» деп сұрады менен. Университетіміздің ректоры – 1979 жылдың аяғынан бастап химия ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Молдахметов болатын. Зейнолла ағамызға математика институтының қабылдау бөлмесінен телефонмен хабарласып, «Орекең осылай деді» деп едім. «Ол кісіні нөкерлерімен апарамыз. Менің ұстазым ғой, сәлем айт» деді. Конференция 1972 жылдың қыркүйек айының 11-14 күндері өтуге тиісті. 10 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 10-дар шамасында Зейнолла Молдахметұлымен бірге Тасболат Сматов, Мария Перевертун және мен Алматыдан келетін Математика және Механика институтының делегациясын қарсы алдық. Барлық келушілерді қарсы алатын жауапты кісілер аэропорттан, темір жол вокзалынан, автовокзалдан бір күн бойы келушілерді қарсы алып, орналастырып жатты. Орымбек Ахметбекұлынан басқа Новосибирскідегі Сібір академиясының математика институтында жұмыс істейтін Қазақ ССР-ы ҒА-ның академигі, ф.м.-ғ.д., профессор, дүние жүзіне белгілі математик Асан Тайманов, ҚазПИ-дың ректоры, ҚазССР ҒА-ның корреспондент мүшесі, ф.м.ғ.д., профессор Құлжабай Қасымов, тағы басқа да қазақ математикасының жетекші мамандары мен Мәскеу, Ленинградтан, Новосибирскіден келген үлкен ғалымдарды санап бітіре алмаймыз. Орымбек Ахметбекұлы мен Асан Дабысұлы, Құлжабай Әбдіхалықұлы конференцияның бірінші күні үлкен, тамаша пленарлық баяндамалар жасады. Конференция үш күн бойы жоғары деңгейде өтті. Конференция біткен күні түстен кейін Орымбек ағамызды нөкерлерімен және Асан Дабысұлын Қарқаралыға алып шығып кеттік. Шахтер және Сосновый санаторийлерінен отыз кісіге орын алынып қойылған болатын. Ертеңінде сағат 10-да райкомның идеология жөніндегі хатшысы Марат Райымбеков бюро мүшелерімен бірге есік алдынан қарсы алып, қабылдау жүргізді. Бірінші хатшы Махмет Бекшин Қарағандыда ауруханада жатқан болатын. Орекең Қарқаралыда өткен жас күндерінен естеліктер айтып, көңілді жақсы отырды. Түсте райком қонақасы беріп, одан соң кейін Орымбек Жәутіковтің аты берілген мектепке оқушылар мен мұғалімдер ұжымымен кездесуге алып барып, жиынды Марат Темірұлы өзі жүргізді. Осыдан кейін Орекең Қарқаралының музейіне соғып, Алматыдан алып келген суреттері мен отыз шақты ғылыми мақалаларының, журналдардың мақала авторына беретін «оттисклерін» музейге тапсырды. Осы сапардан ағамыз ерекше әсерленіп қайтты. Кейін тура осындай бір папка мақалалары мен жақсы суретін ҚарМУ-дың математика факультетінің кітапханасына тапсырамын деп, Орекеңнің өзінен сұрап алып, кітапханаға тапсырдым. Факультет кітапханасы ағамыздың айтулы күнінің қарсаңында бес жыл сайын, мақалалары мен кітаптарын, суретін қойып, студенттер мен мұғалімдер үшін көрме жасап тұрады.
Үшінші рет Орымбек ағамыз Қарағандыға Қазақ ССР ҒА-ның Орталық Қазақстан бөлімшесінің ресми ашылуына келіпті.
Мемлекет Орымбек Ахметбекұлының ғылым мен білімді өркендетуге қосқан еңбегін әрқашан жоғары бағалады: «Құрмет белгісі» ордені (1945ж); «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлік еңбегі үшін» медалі (1946ж.); Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің грамотасы (1949ж.); «Тың жерлерді игергені үшін» медалі (1956ж.); Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің грамотасы (1961ж.); «Құрмет белгісі» ордені (1971ж.); Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы (1974ж.); «Дифференциалдық теңдеулердің шексіз системалары» монографиясы үшін ғылым мен техника саласындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы (1976ж.); «Октябрь революциясы» ордені (1981ж.).
Академик Орымбек Жәутіковтің өмір жолын былайғы көпшілік пен жастар үшін толық жазып отырмын, себебі ағамыздың жүріп өткен жолы мен қызметі жұртшылық үшін Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісі деп ойлаймын.
Еліне осыншама өлшеусіз еңбек еткен академик Орымбек Ахметбекұлы өте қарапайым еді. Өмір бойы 50, 60, 70 жасқа келген атаулы күндерінде еш жерде мерейтойлық конференцияларын өткіздірмеді. 1981 жылы академия – академик Орымбек Жәутіков 70 жасқа толды деп, құттықтау жиналысын өткізді. Мен ол кезде математика институтында докторантурада жүр едім, осы жиында Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры З.Молдахметовтің тапсырмасы бойынша университеттің құттықтау хаты мен шапанын тапсырдым.
Академик Орымбек Жәутіковтің 110 жасқа толуының құрметіне Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арнайы халықаралық конференция өткізсе деген ұсыныс айтамын. Бұл Орымбек Ахметбекұлына емес, кейінгі ұрпаққа керек, себебі конференцияға математика мен механика, информатиканың небір майталман мамандары келеді. Осы аталған үш сала мамандарының ішінен, Қарағандыда жоқ мамандықтардың жетекші мамандарымен магистрант, докторант даярлауға, жүйелі түрде келіп лекциялар оқып тұруға және ҚарУ-дың ғалымдарымен бірлесіп ғылыми жұмыстар жүргізу туралы келісімшарттар жасауға болады.
Жалпы, математиктер қауымы бұл мәселеге оң көзқараста. Конференция осы кездегі онлайн деңгейінде емес, биыл жарияланып, қажет болса, алдын ала ғалымдарға ескертіп, келесі жылға жылжытса да, конференцияның классикалық формасында студенттер бар кезде өткізілсе дейміз, тіпті, дүниежүзілік шара Олимпиаданы да бір жылға жылжытты емес пе?!
Орекеңнің аты ұмыт қалмас үшін осындай конференция үш-төрт жылда тұрақты түрде өткізіліп тұрса, орталық Қазақстанға ғана емес, бүкіл Қазақ ғылымы үшін пайдалы шара болар еді.
Орымбек ағаның туған еліндегі Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті, Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуованы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбековты осы ұсынысты қолдауға шақырамын.
Есмұханбет СМАИЛОВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері.