Жаңалықтар

Ғылымға арналған ғұмыр

Отставкадағы полиция полковнигі, ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, «Болашақ» академиясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Нәби Елікбаевты «Қарағандыда Нәкеңді білмейтін адам жоқ» десек, артық айтқандық емес. Биік парасатымен, ақкөңіл, алғыр мінезімен еліне сыйлы арда азамат. Түрлі адамгершілік және ұлттық тақырыптарға жазылған ғылыми-философия­лық мақалалары жарық көріп, ел ықыласына ие болып жүрген қаламгерлігі бір төбе. Осындай белгілі азамат, айтулы ғалым 80 жастың сеңгіріне шығып отыр.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолының өзі кейінгі жастарға үлкен ұлағаттық мәні бар. Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян (қазір Бәйдібек) ауданына қарас­ты Майбұлақ ауылдық Кеңесінде 1944 жылдың 29 мамыры күні дүниеге келген ол Нәби ауылдағы жетіжылдық мектепті үздік бітіреді. Әкесі Елікбай Қауменов пен шешесі Ажаркүл Қауменова қарапайым колхозшылар болған екен. Соған қарап кішкене ғана Нәбидің осы мектепте оқып жүрген кезінің өзінде оқуға, білімге деген құштарлығына, тапсырылған іске деген тындырымдылығына ұстаздары дән риза болады. Сол кездегі пионер ұйымының жұмысына белсене араласады. Басқа балалар сияқты бұзақылықты былай қойғанда, шалдуарлығы да, ұрыншақтығы да болмаған.

Осы жерде атасы Қауменнің Кенесары сарбаздарының бірі болғандығын айта кеткен жөн. 1997 жылы Кенесары Қасымовтың өмірден өткеніне 150 жыл толуына арналған республикалық іс-шарада Мемлекет басшысы өзінің баяндамасында: «Сіргелі, ағайынды Дәулет, Қаумен Кенесары бастаған көтеріліске аса еңбек сіңірді» деп бағалапты. Шын мәнінде ол кісілер Қоқан жағында бір қылмыс жасап (кісі өлтірген болуы керек), қашып шығады. Сол кезде көтеріліс басталып, Кенесарының сарбаздарының қатарына қосылады.

Сонымен, Нәби Майбұлақ мектебінен соң сол кездегі Шаян онжылдық мектебіне келіп, оқуын әрі қарай жалғастырады. Мұнда да алғырлығымен оза шауып, мектепті Күміс медальмен бітіреді де, сол жылы Шымкент педагогикалық институтының физика факультетіне оқуға түседі. Оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, физика үйірмесіне қатысып, әр түрлі тәжірибелер жасап, сабақтан бос уақытта спортпен айналысады. Бірнеше беттік мәтінді бір-екі оқығанда жаттап алатын қабілеті бар. Тіпті, партия мен үкіметтің маңызды шешімдерінің сабаққа қатысты жерін бір-екі оқығанда жаттап алады екен. Мещерскийдің 363 есептен тұратын кітабындағы есептің кез келгенін жатқа соғады. Студент кезінде спорттың қылыштасу (фехтование) түрімен айналысып, бірінші разрядқа ие болады. Жалпықазақстандық спартакиадаға төрт рет қатысыпты.

Институтты үздік бітіріп, Шымкент қаласындағы облыстық халық ағарту басқармасының орта мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Жоғары білімді алғыр ұстаз, шәкірттерге сабақ берумен ғана шектеліп қалмай, қандай жұмыс болмасын жастық жігермен араласады. Әсіресе, комсомол жұмысында белсенділік танытқан оны келесі жылы облыстық комсомол комитетіне қызметке шақырады. Осы жылдары Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқовтармен араласып, бірге жұмыс істеп шыңдала түседі. Ол кезде партияның сенімді ізбасары саналатын комсомол нағыз жастарды шыңдау мектебі болғаны жасырын емес. Жігері жалын атқан Нәби де осы мектепте алмас қылыштай шыңдаудан өтеді. Сол кезде облыстық газетте бірге жұмыс істеп шыңдала түседі. Шәмші Қалдаяқовпен үйінде бірге тұрады. Кейін ол кісі Алматыдағы қоныс аударып, пәтерін Нәби інісінің атына жаздыртып кетеді.

Облыстық комсомол комитетінде істеген алты жылының ішінде, болашақта ғалым болуды көздеген жас, алты рет Алматыға барып, жыл сайын кандидаттық минимум тапсырып отырған. Сөйтіп, алты жыл дайындалып, 1973 жылы күзде Философия және құқық институтының аспирантурасының күндізгі бөліміне түседі. Оны үш жыл оқыған соң кандидаттық диссертацияны мерзімінен бұрын қорғап шығады.

Оқуын бітіріп, ғылым кандидаты болып оралған Нәбиді облыстық партия комитеті ішкі істер органына қызметке жібереді. Сол кездегі КСРО ІІМ басшы кадрларын даярлайтын арнайы мектебінде алғашқыда оқытушы, бір жылдан соң кафедра басшысы болады. Мұнда біраз жыл қызмет атқарған соң КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебіне доцент етіп ауыстырады да, бірден милиция майоры шені беріліп, ол шенді КСРО ішкі істер министрі, армия генералы Н.Шёлоков өз қолымен тапсырады.

Кейін Нәкең Қарағанды педагогикалық институтында доценттік қызметке жарияланған конкурсқа қатысу үшін құжат тапсырып, өтіп кетеді. Оқу орнының ректоры Сұлтан Досмағамбетов сырттай жақсы біледі екен. Алғашқы күннен-ақ оң көзбен қарап, қолдау көрсетіп отырды. Әуелде доцент болса, кейіннен кафедра меңгерушісі болды, одан соң профессор лауазымында біраз жыл проректорлық қызмет атқарды.

1994 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен қайтадан бұрын өзі қызмет атқарған генерал Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтына ауыстырылып, өзінің бұрынғы орнына философия және әлеуметтік-экономикалық пәндер кафедрасына профессор етіп тағайындалады. 2000 жылы «Қазақтың ұлттық психологиясының қалыптасуы мен дамуының тарихи және әлеуметтік-мәдени негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертацияны сәтті қорғап шықты. Ішкі істер органдарына сапалы қызметкерлер даярлау ісіне өзіндік үлес қосқан Нәкең сол орында 2010 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке тек 66 жасқа толған шағында шықты. Содан бергі он төрт жылға жуық уақытта Қарағандының «Болашақ» академиясында еңбек етуде.

Нәкеңмен сұхбат кезінде ол кісі өзінің өміріне игілікті әсер еткен адамдар қатарынан Философия және құқық институтының ғалымдары – философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Сужиков, ғылым докторлары, ҚР ҰҒА академиктері Жабайхан Әбділдин, Салық Зиманов, Мұрат Баймаханов, Досмұхамет Кішібековтерді ілтипатпен айтып өтті. Осы кісілермен бірге қоғам қайраткері, профессор Сұлтан Досмағамбетовке де ерекше тоқталды.

Барлық ғұмыры ғылымға, оның ішінде, жоғары білім саласында еңбек етуге арнаған Нәкеңнің бүгінгі еңбек өтіліне 63 жыл болып отыр. Осы жылдар ішінде ол кісі тек ғылыммен және жоғары оқу орындарындағы ұстаздықпен ғана айналысып қойған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.

Нәкең 300-ден астам ғылыми жұмыстың авторы. Оның ішінде, «Қазақ халқының ұлттық психологиясы туралы», «Социалистік ұлттық психология және интернационализм», «Ұлттық психология», «Қазақ ұлты психологиясының ме­тодологиялық мәселелері», «Дәуір ты­нысы: қазақ ұлтының психологиясы», «Қазақстандағы құқықтық тәрбие мәселелері», «Ұлттық тәрбиенің бастауы», «Қоғамның рухани жаңғыруы – өзекті мақсат» және басқа монографиялардың, «Саясаттану негіздері», «Әлеуметтану мәселелері» сияқты оқу құралдарының авторы.

2002-2010 жылдары докторлық диссертация қорғау жөніндегі екі бірдей Кеңестің мүшесі болғандығын ерекше атап өткен жөн. Оның бірі – ҚР ҰҒА-ның Философия және политология институты жанындағы философия ғылымының докторы ғылыми атағын алу жөніндегі кеңес болса, екіншісі – ҚР ҰҚК Академиясы жанындағы ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК-нің құқық, педагогика және психология жөніндегі диссертациялық кеңесі еді.

Осындай еңбегімен танылған ҚР ІІМ-нің үздік қызметкері және Құрметті ардагері, ҚР білім беру саласының да Құрметті қызметкері. Тоғыз медальмен және «ҚР ІІМ үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Бұған республика ІІМ мен Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарын қосыңыз.

Нәкең ұлағатты отбасының отағасы. Жары Зинаида Бабатайқызымен 1973 жылы Шымкент қаласында шаңырақ көтеріпті. Үш баласы бар. Барлығы да жоғары білімді, отбасылы. Әке-шешесіне немере сүйгізіп отыр.

Нәкеңнің келген жасына құтты болсын айта отырып, алда келетін талай асулардан аса беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button