Жаңалықтар

Ғылымға айналған ғұмыр

12 сәуір – Қазақстан Рес­публикасы үшін атаулы күн. Бұл – Ғылым қызметкерлерінің күні, сондай-ақ, ұлт ғылымының шамшырағы, көрнекті геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ақзер дүниенің есігін ашқан күні.

Сурет lifepvl.kz
Қазақ даласының қойнауына терең үңіліп, оның салтанат-дәулетін бүтін әлемге танытқан Қаныш Сәтбаев – тау-кен геология­сы саласының алыбы. Ол тек ғалым емес, тұтас ғылым жүйесін қалыптастырған біртуар қайраткер еді. Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттарының негізін қалауға ұйытқы болған тұлғаның артында өлшеусіз әрі өлмес мұра қалды. Академиктің басты ғылыми ізденістері – минералды ресурстар мен кен орындарын зерттеу, оның әлеуетін ашып, ел игілігіне жарату. Әсіресе, Жезқазған мыс кен орны жөніндегі ерен-ғайып еңбектері ел экономикасының дамуына соны серпін берді. Бүгінде дәл осы жерде жаңа геологиялық кластер іске қосылмақ. Бұл – ғалымның идея­сын заманауи форматта жалғас­тырудың нақты көрінісі.

Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы бүгінгі таңда Қазақстанда геология саласындағы көптеген жобалар мен жетістіктерге негіз болуда. Оның зерттеулері мен ғылыми жұмыстары қазіргі уақытта еліміздің минералды ресурстарын тиімді пайдалану және жаңа кен орындарын ашу бойынша жүргізілетін жұмыс­тарда маңызды рөл атқарады. Бұл күндегі геологиялық-барлау жұмыстарында Сәтбаевтың ұсынған әдістері мен ғылыми қағидаттары кеңінен қолданылуда. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстанда геофизикалық зерттеулер мен 3D модельдеу технологиялары қолданысқа енгізілуде. Бұл технологиялар жердің ішкі құрылымын дәл анықтауға мүмкіндік береді, сонымен қатар, кен орындарын тиімді игеру үшін қажет мәліметтерді жинау­ға септігін тигізеді. Жезқазған мен басқа да кен орындарында жүргізіліп жатқан зерттеулер Қаныш Сәтбаевтың ізімен минералдық ресурстарды кешенді зерттеу­ге негізделген.
Оның есімімен байланысты геологиялық кластерлердің дамуы да ерекше назар аудартады. Мұның негізінде жаңа ғылыми зерттеу институттары құрылып, заманауи зерттеу әдістері мен инновациялық шешімдер енгізілуде. Осы жұмыстар легі еліміздің тау­-кен өнеркәсібін дамытуға және әлемдік нарықта Қазақстанның геологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, геологиялық зерттеулер барысында Қаныш Сәтбаевтың идеялары мен әдіс-тәсілдері Қазақстанның экологиялық жағдайына да оң әсерін тигізіп отыр. Оны жер ресурстарын тиімді басқару мен экология­ны қорғау бағытындағы қазіргі зерттеулерде көруге болады. Осылайша, Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы қазіргі геология саласында жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің негізін қалауда маңызды рөл атқарады.
Ғылым күні – Қаныш Сәтбаев сынды ұлы ғалымдардың еңбегін еске алатын ғана емес, тау тұлғалар ізімен жаңалық ашуға ұмтылған жас буынды қолдайтын күн. Өйткені, ұлт ғылымының негізін қалаған тұлғаның өмірі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа бағдаршам іспеттес.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button