Руханият

Қылқалам құдіреті

Облыстық бейнелеу өнері музейінде қарағандылық қылқалам шеберлерінің шаһқар туындылары сақталған. Бір өкініштісі, есімдері тиісінше дәріптелмей жүр. Шын таланттың есімі жаңғырсын деген мақсатта газетімізге сол суретшілер туралы жазып, картиналарын да жариялап жүрміз. Осы тұста облыстық бейнелеу өнері музейінің ерекше қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Бұл жолы Бейбіт Мұстафин хақында жазып отырмыз. Ол – биыл 90 жылдық тарихы бар қазыналы Қарағандыдан шыққан һас шебер. Төңірегімізге әр беріп, рухымызды асқақтатып тұрған ескерткіштердің авторы.

Сурет облыстық  бейнелеу өнері мұражайынан

Бейбіт Мұстафин көптеген аймақтық, республикалық, халықаралық және шет ел көрмелеріне қатысқан. 1961 жылдың 18 қаңтарында Қарағанды қаласында туып-өскен. 1994 жылдан бері Суретшілер одағының мүшесі. Мәдениет қайраткері атағын алған. 1983 жылы Жезқазған педагогикалық институтын тәмамдаған. 1983-1994 жылдар аралығында Жезқазған педагогикалық институтында қызмет жасап, кейіннен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.

Алғашқы туындыларының өзінде-ақ өзіндік стиль иесі екенін таныта алған.  Облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында бірнеше картинасы сақталған. «Қонақ күту», «Респуб­лика алаңы», «Шалқыма кон­церт залы», «Шілдехана жаршысы». Бұл  ту­ындылар – жаңа да жарқын ізденістердің басы іспеттес.

– Жаңа ғасыр табалдырығынан аттаған кәсіпқой суретшінің туындыларының сезімге ұрғыш, жан-жақты, ерекше бояулы және де күрделі тақырыптары, өнер иесінің самғауы биік, арман-қиялға толы, нағыз шеберлікті танытатын ерен ерекшелігімен айрықша. Сезім байлығы, дарын-даралығы, ойшылдық тереңдігі арқасында рухани іс-әрекеті жүзеге асатын талғампаз суретшінің талай туындылары, сарқылмас жаратылыс жұмбағын, тіршілік тынысына терең мән-мағына дарытатын жаңа түр, жаңаша ою-өрнек, бояуымен қанатын кең жайған. Бейбіт Ермекұлы – жан-жақты суретші. Бүгінде ол мүсін өнерімен де айналысып жүр. Нұра ауданының Киевка кентінде орнатылған қазақ халқының қайталанбас тұлғасы, біздің ұлттық мақтанышымыз, сұңқар ақын, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, Мемлекет  және қоғам қайраткері  Сәкен Сейфуллин ескерткішінің авторы, – деді облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Бейбіт Мұстафин «қазақтың бас ақыны» Абайдың 175 жылдығына орай Абай қаласына орнатылған Абай ескерткішінің және Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде қасқайып тұрған Бұқар жырау мүсінінің авторы.

– Бұл сәулеттік туынды арқылы біз еркіндікке ұмтылу идеясын, Бұқар жыраудың хандарға ақылшы, халқына басшы болған өр рухты өжет тұлға екенін көрсеткіміз келді, – дейді автор.

Назарларыңызға «Қонақ күту» туындысын ұсынып отырмыз. Туынды кенепке майлы бояумен салынған.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button