Ықылас болса, мүмкіндік бар
Облыста бүгінде мүмкіндігі шектеулі 55 396 адам тұрып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандар деп ортақ санатқа біріктіргенімізбен, олардың әрқайсының жағдайы бөлек. Денсаулығының жайы, әлеуметтік жағдайы, қоғамға бейімделуі түрліше. Соның арасында жұмысқа қабілеттілеріне жұмыс тауып беріп, өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекеттің міндеті.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған дерек бойынша аймақтағы жұмысқа қабілетті тұрғындардың саны 550 мыңға жуықтайды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі бірақ, еңбекке жарамды 31 мыңнан астам адам бар. Жұмыспен қамтылған мүмкіндігі шектеулі жандардың үлесі – 37,1%. Бұл ретте ел көлеміндегі жоспар 25% екенін ескерсек, аймақ бұл бағытта біршама ілгері тұр.
Қуаныш Мусин – үшінші топ мүгедегі. Ол екі айдан бері «Жастар практикасымен» Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде жұмыс істеп жүр. Оқу бітіргеніне үш жыл өтсе де, мамандығы бойынша жұмысқа енді кіріскен.
– Дипломды пандемияның уақытында алғандықтан, тиісті тәжірибеден өте алмадым. Кейін осы себепті жұмысқа да орналаса алмадым. Дегенмен, жай жұмыстар істеп жүрдім. Қазір департаменттемін, бас маманның міндетін атқарамын. Мұндағылар жақсы нәтиже көрсетсем, тұрақты жұмысқа қалдыратындарын айтты, – дейді ол.
«Жастар практикасымен» Қуаныш Ерқанатұлынан басқа үш адам бар. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен – 3 адам, «Күміс жас» жобасымен 51 адам жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, әлеуметтік жұмыс орындарына – 17 адам, қоғамдық жұмыстарға 256 адам жіберіліпті. Бұлардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жандар.
Өткен айдың басындағы дерек бойынша облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барлығы 1024 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс іздеп барыпты. Оның 261-і – жастар. Нәтижесінде 508-і жұмысқа орналастырылған. Жалпы, биыл басқарма мамандары 20212025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мүгедектігі бар 700 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтудың негізгі әдісі – жұмыс орындарының квотасын ұсыну. Бұл санаттағы жандар үшін жұмыс орны санына байланысты 2-ден 4% көлемінде квота бекітіледі. Квота ауыр, қауіпті, еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарынан берілмейді. Биылғы жылға 49 кәсіпорын бекітілген. Аймақта өндірісті өлке болғандықтан, көпшілік кәсіпорындар денсаулыққа зиянды. Сондықтан, барлығына квота берілмейді.
Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі жандарға грант беру ісі де қолға алынған. Бұл да болса, өзінөзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік.
Осы айдың басында барлығы 61 грант берілген. Оның 42-сін мүмкіндігі шектеулі жандар, 19-ын мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар алған.
Грант алып, кәсібін ашқандардың ішінде Дастан Құсайынов алғашқылардың бірі болды.
– Грантты наурызда алдым. Жобам – жұмыс қолғаптарын шығару. Арнайы станогын сатып алғанмын, жұмыс жүріп жатыр. Табыссыз емес. Өзім бүйрегім ауырғанша электромонтажбен айналысқанмын. Бүйрек ауыстырғаннан кейін ол жұмысты жалғастыруға денсаулығым келмеді. Гранттың көмегімен кәсібімді ашуға мүмкіндік алдым, – дейді ол.
Елде мүгедектігі бар 100 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана. Мұны Мемлекет басшысы да: «Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 410 мың адам еңбекке қабілетті. Олардың тең жартысы қалыпты еңбек жағдайында жұмыс істей алмайды. Яғни, 120 мың адам жұмысты қажет етіп отыр», – деп айтқан еді.
Яғни, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе, оның мерзімдік емес, тұрақты болуы маңызды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz