Акция

Құқығың – қорғаның

Қоғамда балалар еңбегін орынсыз пайдаланып, оларға қысым көрсететіндер аз емес. Осы орайда, биыл облыс бойынша балалар еңбегін қорғау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жыл сайын аймақта 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрестің 12 күні» ұлттық науқаны басталатынын ескерсек, биыл бұл шаралар балалар еңбегін пайдалану мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатын көздеп отыр. Жоспар бекітіліп, шаралар жүзеге асуда.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, акция барысында білім беру ұйымдары мемлекеттік органдар және ҮЕҰ мамандарымен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналар арасында жұмысқа орналасу мәселелері бойынша Еңбек кодексі, еңбек шарты, құжаттар тізбесі негізінде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Қазіргі таңда Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес 14 жасқа дейін баланың заңды өкілі қол қоюы тиіс туу туралы куәлікті көрсетумен ресми шарт жасасуға болатыны белгілі. Шартта барлық еңбек жағдайлары мен жалақы мөлшері жазылатындықтан, ол ең төменгі мөлшерден төмен (10 АЕК немесе 29 170 теңге) болмауы керек. Алайда, шарттар шектеулі жұмыспен қамтуды білдіретіндіктен, бұған негізінен ойын-сауық және өнер салалары, әсіресе, кино, театр, цирк, концерттерді атауға болады. Бұл шарттар алдымен 14 жасқа дейінгі баланың моральдық дамуына және оның денсаулығына зиян келтірмеуді көздейді. Сондықтан, балаларға сабақтан кейін ғана сценарий жасаушы, рөлді орындаушы немесе актер ретінде жұмыстарға қатысуға рұқсат беріледі.

15 жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың неғұрлым кең шеңберіне байланысты баланың білімі (негізгі немесе жалпы орта) болуы туралы талаптар қосылады. 14 жастан 16 жасқа дейін балаларға аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Шарт жасасу кезінде заңды өкілдің қолы болуы міндетті. Әдетте, бұл жаста жасөспірімдер дәмханаларда және басқа тамақтану орындарында даяшы болып жұмыс істей алады. Оларға түнде 22:00 сағаттан таңғы 6-ға дейін жұмыста болуға тыйым салынады. Егер, заң бұзушылық фактісі анықталса Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабына сәйкес ата-аналарды 10 АЕК – 29 170 теңге, мекеме иесіне 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Ал, 16-18 жас аралығында жеке куәлігі және жалпы орта білімі бар жасөспірімдерге еңбек шартын жасасу үшін өкіл қолы қажет емес. Бұл жағдайда оларға аптасына 36 сағатқа дейін жұмыс істеуге рұқсат. Бірақ, ойын-сауық орындарындағы түнгі әрекеттің шарты сақталады.

Алдағы уақытта жазғы демалыс қарсаңында білім бөлімдерімен қосымша жұмыс істегісі келетін оқушылардың тізімін жасау мақсатында сауалнама жүргізілмек. Оқушылардың тізімі 16 жастан бастап жасөспірімдерге қоғамдық жұмыстарды ұсынатын жұмыспен қамту орталықтарына жіберіледі. Қалалар мен аудандардың білім бөлімдері жұмысқа орналасқан оқушыларға мониторинг жүргізеді.

Сондай-ақ, облыстың жастар саясаты мәселелері басқармасының жанында жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін ресурстық орталық жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

2005 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Жасыл Ел» мемлекеттік бағдарламасы білім алушы жастарға жазғы демалыс кезінде студенттік жасақтарда құрылыс, елдімекендерді көгалдандыру (ағаш отырғызу, отау, ормандарды, су қоймаларын санитарлық тазарту) бағыттары бойынша өз қалаларын абаттандыруда қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button