Ветеринария – саулық пен салауат негізі
Агроөнеркәсіптік кешендегі көкейкесті проблемалардың бірі – ветеринарияның пәрменді жүйесін құру, оны реформалау және Қазақстандағы эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру. «Облыс аумағында ветеринариялық саулықты қамтамасыз ету күн тәртібіндегі бірінші міндет» деп атап өтті өңірдің ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде.
Ветеринария басқармасы 2015 жылдың ақпан айында құрылған болатын. Ол кезде оның бағынысында тоғыз аудан, тоғыз қаладағы 18 ветеринариялық станса жұмыс істеді. 2020 жылдан мемлекеттік басқару жүйесіне тиісті өзгерістер еніп, бүгінгі таңда тоғыз ветеринариялық станса жұмыс істейді. Оның жетеуі – аудандық. Екеуі – қалалық. Қос қалалық ветстансаларда төрт филиал бар. Қарағанды қаласы бойынша Теміртау, Саран, Шахтинск қалалық филиалдары қызмет атқарып, басқармаға бағынысты болып есептеледі. Приозерск қаласы Балқаш қалалық ветеринариялық станса құрамында. Негізгі атқарып жатқан жұмыстары – эпизоотияның алдын алу іс-шаралары. Сонымен қоса, ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарды атқару да күн тәртібінен түспейтін қызмет санатында.
Биыл 12 түрлі мал ауруының алдын алуға қарсы егу жұмыстары жоспарланды. Бурцелез, лейкоз бен туберкулез ауруының аллергиялық диагностикасы жүргізілетін болады.
Ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларға ауыл шаруашылығы хайуанаттарын аусыл, құтыру, сібір жарасының барлық түрлері бойынша алдын ала егу жұмыстары кіреді. Құс тұмауының алдын алуға бағытталған екпе жұмыстары кезек күттірмейді. Ақпан айында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өңірлерге қажетті вет-препараттар таратылды. Дәрі-дәрмек көлемі көктемгі жұмыстарды жүргізуге жеткілікті.
2012 жылдан бері ауыл шаруашылығы дерекқор жүйесі қалыптасты. Онда тіркелген 483 мың ірі қара, 790 мыңдай ұсақ мүйізді мал, 303 мың жылқы, 78 мың шошқа, 900-дей түйе есепте тұр.
Бүгінде бұл салада облыс бойынша 670 маман қызмет етуде. Олардың ішінде жоғарғы білімді, орта білімді мамандар бар. Он айлық арнайы курс тәмамдаған ветсанитарлар да бар. Өткен жылы мамандардың айлығы облыс әкімінің қолдауымен 30 пайызға өсті.
– Биыл биологиялық қауіпсіздік туралы заң қабылданған. Осыған байланысты ветеринар мамандардың жалақысын 35-50 пайызға дейін өсіру тұрғысында жұмыстар атқарылып келеді. Мақсатты жүзеге асыру үшін қажетті қаражат мөлшері Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданған еді. Жалақының көтерілуі аталған салаға мамандар жұмылдыруға да игі ықпалын тигізбек, – деп хабарлады Қайырбек Серікұлы.
Материалдық техникалық жабдықтау бағытында да біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылы бюджеттен 148 млн. теңге қарастырылып, ветстансаларға 29 автокөлік сатып алынды. Оның жетеуі – Ұлытау облысына, 19-ы – Қарағанды облысына жеткізілді. Ветстансалардың өздерінің табыс көздерінің нәтижесінде тағы да 10 автокөлікпен қамтылды. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Өткен жылды қорытындылай келгенде үш ветеринариялық станса құрылысы аяқталды. Бұлар Абай ауданындағы Дубовка кентінде, сонымен қатар Нұра ауданындағы Ахмет ауылында, Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде іске қосылып, бүгінгі таңда тиісті құжаттарын рәсімдеп балансқа өткізу жұмыстары Құрылыс басқармасы тарапынан аяқталуда.
Бұған дейін облыс көлемінде мал қорымдарының жағдайы күрделі еді. Оны біртіндеп жөндеу мәселесі де қолға алынып, 2021-2022 жылы бірқатар мал қорымы жөндеуден өткен. Оған бюджеттен бөлінген қаражаттың 18 млн. теңгеден астамы жұмсалды. Нәтижесінде, 2021 жылы сегіз мал қорымы қалыпқа келтірілсе, былтыр жеті мал қорымы жөнделді.
Бюджеттің бүйірін толтыруға өткен жылы 1 млрд. 970 млн. теңге қаражат қарастырылған болатын. Оның 1 млрд. 259 млн. теңгесі эпизоотиялық іс-шаралардың алдын алуға, 146 млн. теңге бірдейлендіру бағытына, 43 млн. теңге мал иелеріне өтемақы төлеуге жұмсалды. Биыл бұл бағыттардағы жұмыстар жалғасын табады.
Ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі шараларды іске асыру Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021- 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамалық қажетті қаражатты бөле отырып, 2022- 2026 жылдарға жоспарланып отыр.
Осы және өзге мәселелерді шешу бүкіл агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін негіз болатын ветеринарияның сенімді жүйесін құруға мүмкіндік бермек.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz