Вандализм қоғамды алаңдатады
Вандализм – қоғам мен мәдени құндылықтарға үлкен зиян келтіретін қылмыс түрі. Соңғы кездері Қазақстанда қоғамдық орындар мен тарихи нысандардың бүлінуі жиілеп кетті. Бұл мәселе тек материалдық шығындармен шектелмей, әлеуметтік шиеленіс пен моральдық құндылықтарға да әсер етуде. Мемлекет пен қоғам бұл түйткілді қалай шешуде, қандай шаралар қолданылуда?
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы вандализмнің 3000-нан астам жағдайы тіркелді. Соның ішінде, граффити, қоғамдық нысандардың және жеке мүліктің бұзылуы орын алды. Қазақстан қалаларында вандализмнің ең көп таралған түрлерінің бірі – ғимараттар мен ескерткіштердің қабырғаларына граффити салу.
Вандализм мемлекетке де, жеке адамдарға да айтарлықтай экономикалық зиян келтіреді. Зақымдалған мүлікті қалпына келтіру шығынды талап етеді. Қазақстанда вандализмнен жыл сайынғы шығын 500 миллион теңгеден асады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында вандализм мәселесін қозғай келе, әлем елдеріндегі мысалдарды тілге тиек етті.
– Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік.
Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек? – деді Мемлекет басшысы.
Жастар арасында вандализм наразылықтың бір түрі немесе өзін-өзі растау тәсіліне айналып барады. Агрессия, стресс және қоғамға қарсы мінез-құлық сияқты жеке психологиялық мәселелер вандализмге әкеп соғады.
Қарағандыда соңғы жылдары вандализм жағдайларының өсуі байқалады. Құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы вандализмнің 200-ден астам жағдайы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға өсті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай қылмыстардың тұрақты өсуі орын алған.
Бұл жағдайлардың шамамен 40%-ы 25 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарға қатысты. Бұл жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейту және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру қажеттігін көрсетеді.
Бүгінгі таңда вандализммен күрес аясында жауапкершілікті қатаңдату бойынша заң қабылданды. Жаңа заңның екінші бөлігі бойынша 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе түзеу жұмыстары, 3 жылға дейін бас бостандығынан шектеу қарастырылған.
Құқық қорғау органдарының, билік пен қоғамның бірлескен күш-жігерімен ғана вандализм деңгейі төмендеуі мүмкін. Бұл – Қазақстанның қоғамдық мүлкі мен мәдени мұрасын сақтауға мүмкіндік береді.
Назерке ҚУАНЫШ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің ІІ курс студенті.