Біздің сұхбат

Валерий ПЕТУХОВ: «Сәбидің жымиысы сынды сұлу сәттерді әлі де іздеп келемін…»

Бала кезімізде фотожурналист мамандар көп емес еді. Қарағандыда да саусақпен санарлық болатын. Әлде қызығып, оларды іздемегендіктен бе екен, кім білсін?!. Кейінгі кездері әлеуметтік желі өмірімізге дендеп енгелі әуесқой фотограф көбейді. Оларға сұраныс та арта түсті. Бірақ, фотографтың бәрі фотожурналист емес. Мұны білген жөн. Облыстың бас басылымында қызмет еткендіктен, мақаламызды аша түсетін сапалы сурет іздейміз. Шыны керек, кейде таппай қиналамыз. Ал, фотожурналистикаға жарты ғасырға жуық өмірін арнаған Валерий ЕСТАФЬЕВИЧТІҢ жұмыстары қашанда жанды әрі ойлы. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында айтары бар кәнігі маман Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы Алтын медалінің иегері Валерий ПЕТУХОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Валерий АСТАФЬЕВИЧ, соңыңызға бұрылып қарағанда не көресіз?

Соңымда өзім сүйген мамандығымның арқасында сайрап ізім жатыр. Ол кез келгенге көрінбеуі мүмкін. Менің еңбектерімді іздеген жандарға көрінеді. Сан сұлудың ішінен таңдап сүйген жарым екеуміз 1 ұл, 1 қызым, 2 немере тәрбиелеп отырмыз. Кеншілер шаһарының қақ ортасында Ұлттық Пресс клубым бар. Шәкірттерім және жанашырларым баршылық. Қалған өмірбаяным қажет болса, оқырман ғаламтордан қарап алар. Осындай мәнді-мағыналы ғұмыр нәсіп еткеніне «Құдайға шүкір!» деймін. Адамдарға пайдалы болып, қартайғанда жүріп өткен өмір жолыңа сүйсіне қарау – үлкен бақыт екен.

Білуімізше, балық аулаудың шебері екенсіз. Сізді жақсы танитындар балық аулаудағы ептілігіңіз фотожурналистикадағы өз сүрлеуіңізді салуға көмектескенін айтады.

Иә, балық аулауды жаным сүйеді. Содан шабыт аламын. Мәселен, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев тоғызқұмалақты шебер ойнаған екен. Күрделі ойын. Мүмкін, Абайдың өлеңдерінің күрделі болуына тоғызқұмалақ ойыны әсер еткен болар. Балыққа жиі барамын. Қармақты салып, қалқы қозғалғанда жылдам тартуың керек. Әйтпесе, кешке дейін босқа отыруың мүмкін. Фототілшілік те сондай, менің түсінігімде.

Ашып айтсаңыз, тірі фото түсірудің құпиясы неде?

Алдымен, әр маман өз жұмысын сүюі керек. Фотожурналист өз мамандығын сүймесе, суреті тірі шықпайды. Мың жерден қымбат фотоаппаратың болса да, сәт таңдай білу қажет. Өмірдің өзі бақытты сәттерден тұратыны сияқты, біздің жұмыстың құпиясы ұтымды сәтті күтіп, сол сәт туғанда тарс еткізу. Бітті. Футболда шабуылшыға да мұндай сәттер сирек беріледі. Сол сәтте гол соға алмаса, 90 минут босқа жүгіруі мүмкін. Сондықтан да, сәбидің жымиысы сынды тәтті сәттерді әлі де іздеп келемін…

Ал, Сіз сол сәтті қалай байқайсыз?

Сүйікті ісімдегі ұтымды сәттерді алдын ала сеземін. Мен талай дүбірлі додаларды, саяси әрі тарихи оқиғаларды таспалап, тарихқа айналдырған, шамам келгенше өмірдің нұрлы сәттерін қаз қалпында сурет бетіне көшірген адаммын. Үйден шыққанда баратын шарам туралы мәліметтерді қарап, іштей дайындаламын. Ол шараның өзегін санама сіңіремін. Барған соң, сол негізгі өзекті, сиқырлы сәтті күтемін. Фотоаппаратымды мықтап ұстап, қалқының қозғалысын күткен балықшыдай қырағы тұрамын. Сол сәт туатын минут жақындағанда ыңғайланып, түсіре бастаймын. Түсіріп жатқанда сол кадрлардың арасында мен күткен сәт міндетті түрде болады. Сәл ертерек түсіре бастайтыным, сәтті жіберіп алудан қорқамын. 2-3 сурет өткізіп қарағанда мен күткен кадр тұрады, күлімдеп. Бітті. Бұдан бөлек, қосымша бірнеше қажетті кадр жасаймын да, ақырындап шығып кетемін. Ауқымды шарадан фоторепортаж жасайтын кезде ұзақ жұмыс жасаймын.

Ал, егер ол сәт шараның соңында болса, күтесіз бе?

Күтемін. Сұрақты дұрыс қойдыңыз. Міне, жастардың қателесетін тұсы – осы. Олар барады да, 10-15 минутта барлық кадрды жасап, кетіп қалады. Мен жоғарыда айтқандай жұмысты жүрекпен істеу жетіспейді оларға. Мен күткен жанды әрі тірі сәт шараның қай кезінде туса да, сол сәтті күтіп отырамын. Бұл әр түрлі уақытта орын алуы мүмкін.

Осындай қырағылықпен жұмыс істеген ұзақ жылдық еңбек жолыңызда көптеген еңбегіңіз кітапқа айналған шығар…

Кітаптарымның санын анық білмеймін. Жаңылыспасам, 50-ден асып жығылады, кішкентай кітапшаларды қоса есептегенде. Онда түрлі сала қамтылған. Алып зауыттар, Қарағанды бейнесі, диқандар өмірі, спорт әлемі, табиғат көріністері, атақты тұлғалар және тағы басқа. Көптеген халықаралық фотокөрмелерге қатысып, тәжірибе жинадым. Биыл бейнелеу өнері мұражайында фотокөрмем өтіп, оған таңдаулы 60-тан астам туындым қойылды.

Ал, жиындардан бөлек еркін шығармашылық жағы қалай? Жұмыс орныңызда қабырғаларда көздің жауын алып тұрған кадрларға тоқталсаңыз.

Дұрыс байқапсыз. Менімен сұхбатқа келген әр жанға сол жұмыстарымды көрсетемін алдымен. Ортақ әңгіме болуы үшін. Еркін шығармашылығым мен жұмысым бірігіп-кірігіп кеткен. Бөліп қарау мүмкін емес. Мәселен, Балқаш көліндегі шағаланың қалықтап келіп, балыққа шүйліккен сәтін Балқашқа барған сапарымда түсірдім. Сәбидің жымиғаны, гүлдің сағағындағы мөлдір шық, дәрігердің екпесінен қорқып тұрған

бала, спортшының жеңіске жетер сәтіндегі соңғы алқынысы, күннің шығып келе жатқаны сияқты сәттердің көбісі жұмыс сапары кезінде түсірілген.

Сіз суретке түсірген атақты тұлғалардан кімдерді атар едіңіз?

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев пен кәдімгідей араластық, дос болдық. Ол менің жұмыстарымды ұнатып, кейін үнемі шет елдерге бірге апаратын болды. Германия, Франция, Үндістан, Пәкістан сынды талай елді бірге араладық. Көптеген тарихи сәтін тарихқа таспаладым. Қарағанды облысының әкімдерін, қайраткерлерін түгел түсірдім. Олжас Сүлейменов, Тоқтар Әубәкіров сынды танымал тұлғаларды санай берсем, көпке созылады. Елдің алдында жүрген белгілі тұлғалардың біразын түсірдім.

Жалпы, фотоаппарат арқылы үлкен журналистикаға қалай келдіңіз?

«Фотожурналист боламын, осындай дәрежеге жетемін» деп ойлаған жоқпын. Бірақ, Табиғат-Ананы сүйетінмін. Журналистиканың оқуын да Мәскеуде сырттай оқыған адаммын. Сөйтсем, Құдай маған осы байқағыштық қабілетті туғанда берген екен. Соны ақырындап дамыта бердім. Өздігімнен көп іздендім. Бір фотоэлементті білу үшін апталап ізденген сәттерім есімде. Жанкештілік жетістікке алып келді. Атақ-мансапқа қызыққан емеспін. Аздап атағым болса, өзі келген. Еңбегімнің арқасында. Шығармашылық адамы атақ пен байлыққа құмарлықтан сақтануы керек. Әйтпесе, сұлулыққа ынтық жүрек өліп қалады. Өмірдің қызығы оны тәрк етеді. Мен осы қағидамен өмір сүрген адаммын. Бұның бәрі ақынға да, суретшіге де жалпы шығармашылық адамдарына қатысты. Бойында Құдай берген шығармашылық қабілеті барлар мен айтқан тәтті сәттерді ұтымды пайдалануды жақсы түсінеді.

Сөз соңында жас фототілшілерге айтар ақыл-кеңесіңіз һәм әріптестеріңізге тілегіңіз.

Жастарға айтарым осы сұхбатты мұқият оқып шықсын. Өз ісін жүрекпен сүйіп, маңызды сәтті күте білсін. Асығып тұрса да, өз көңіліндегі кадрды жасамағанша, кетпесін барған жерінен. Жүрек алдамайды. Адамның ішкі түйсігі сезеді бәрін. Өзін де өзгені де алдамай, беріліп жұмыс істесе, барлық есік ашылады. Барлық қаламды жанына серік еткен журналист қауымына шығармашылық табыс тілеймін. Айтқың келгеннің бәрін айтып, жазғың келгеннің бәрін жазып, мен сияқты қартайғанда өкінбей, бәрін қуана еске алу бақыты бұйырсын. Барлық әріптестеріме соны тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Тұщымды әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button