Жаңалықтар

Универсиада тізгіні – біздің елде

   Тауық жылы кіргеннен төрткүл дүние назары қазақ еліне байланбақ. Алаш жұрты келер жылы қос бірдей жаһандық шараны мойнына алып отыр. Жыл ортасында Астана төрінде «ЕХРО» көрмесі қанат жайса, қаңтардың соңында асқақ Алатаудың баурайында «Аlmaty – 2017» ХХVІІІ Қысқы Универсиадасы бастау алмақ. Сөйтіп, қазақтың қос мегаполисі Алаштың айбынын асырып, мерейін тасытар жиындарға мұрындық болудың қамын қылуда.

2017 жылғы жастардың жаһандық додасына Алматы қожалық ететіні 2011 жылы белгілі болған. 29 қарашада Бельгияның Брюсселінде Халықаралық университеттік спорт федерециясының (FISU) отырысы өткен-ді. Осы мәжілісте сайлаушылар шешімімен Алматы жеңімпаз атанды.

Универсиада тізгініне Алматы мен итальяндық Тренто қаласы таласып келді. Алайда, қорытынды жиынға бір апта қалғанда Трентоға 2013 жылғы Универсиаданы өткізу құқы бұйырып, ел билігі өз үміткерін жарыс жолынан шығарып алды. Және итальяндық шенеуніктер экономикалық қиындықтарға байланысты 2017 жылғы Универсиаданы өткізе алмайтындығын мәлім етті. Осылайша, спортшы студенттер тауық жылы Алатаудың бөктеріне жиналатын болды.

Қысқы Универсиада ойындары посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ұйымдастырылуда. Бұған дейін, тек, ресейлік Мәскеу (1973) мен Қазан (2013) Жазғы Универсиада ойындарын атқарған-ды.

Қысқы ойындар бәсекесі 28 қаңтарда басталады. 8 ақпанда мәреге жетеді.

Универсиадаға 17-28 жас аралығындағы спортшылар қатыса алады. Әлемнің 58 мемлекетінен келген 2 мың спортшы жарыс жолына шығады деп күтілуде. Олар 12 спорт түрі бойынша бәсекелеседі. Бұлардың қатарында биатлон, тау шаңғысы спорты, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғымен қос сайыс, шаңғы жарыстары, трамплиннен секіру, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорт-трек және шайбалы хоккей бар.

Ойындарды тамашалауға 30 мың шамасындағы турист келеді деп болжануда. Сондай-ақ, көгілдір экран арқылы 1 миллиардтан астам көрермен тікелей эфирде көре алады.

Универсиаданы өткеруге аса қомақты қаржы жұмсалмайды. Себебі, Алматыда 2011 жылы Қысқы Азиада ойындарын қабылдағанда бірталай нысандар тұрғызылған еді. Тек, солардың технологиялық жабдықталуын жетілдіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізсе жеткілікті. Спортшылар шаһардағы «Алматы – Арена», «Халық – Арена», «Шымбұлақ» демалыс аймағы, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» трамплині, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Алатау» шаңғы стадионы мен Алматы облысындағы «Табаған» кешенінде сайысқа түседі.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button