Спорт

Әуесқойлар лигасы әлді

Футзал жанкүйерлерінің назары Қарағандыда болды. «Amanat arena» спорт кешенінде футзалдан әуесқойлар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Доп додасына еліміздің түпкір-түпкірінен жалпы саны 30-дан астам команда қатысты. Бәсеке 4 күнге жалғасты. Чемпионатты Қазақстан әуесқой футбол лигасы ұйымдастырды.

Сурет: ұйымдастырушылардан алынды

Бұл чемпионатта қыздар да өзара мықтыны анықтады. Қарағандының намысын «Izidos» командасы қорғады. Қарағандылықтар бұл жолы III орыннан көрінді. Семейден, Өскеменнен және Алматы мен Астанадан келген командалар да жүлдеге талас­ты. Алматылықтардың бағы мен бабы қатар шауып, тұғыр биігіне шықты. Жалпы, елімізде қыздар футзалы қарқынды дамып келеді. Осы чемпионатта қыздар командаларының деңгейі көрінді. Матчтардың бәрі тартысты өтті. Әсіресе, қарағандылық жанкүйерлер «Izidos» командасының жарқын жеңістеріне куә болды.

Қыздардан бөлек, 40 жастан асқан ерлердің де додасы өтті. Бұл санатта 10 команда жүлдеге талас­ты. Чемпионаттың сенсациясы осы командалар деуге әбден болады. Қырықтан асып, елуге таяған ойыншылар жылдамдық жағынан да, шеберлік жағынан да жас жігіттерден кем түспеді. Мығым қорғаныс, жылдам шабуыл, жойқын соққы, дәл пас, бәрі кәсіби деңгейде. Бұл санатта Атыраудан келген команда үздік атанды. Топтық кезеңде де, плей-офта да биік дәрежедегі ойын көрсете алды. Қарағандының намысын қорғаған «Аңсар» командасы бұл жолы жүлдесіз қалды. Ал, Балқаштан келген «Достық» командасы қола алды.

Ал, 35+, яғни, 35 жастан асқандар санатында 15 команда болды. Мұнда аймағымыздың намысын «Биосфера» командасы қорғады. Өкінішке қарай, жерлестеріміз жартылай финалда Шу қаласынан келген «Күнту» командасына бір гол айырмасымен есе жіберді. Ал, III орынға таласта «Батыс батырлары» командасын 5:0 есебімен ойсырата ұтып, қоланы қанжығалады.

Футзалдан әуесқойлар лигасының ұйымдастырушылары елімізде футзал жыл сайын дамып келе жатқанын айтады. Бәсекеге қабілетті командалар да көбейіп келеді екен.

– Әуесқойлар лигасы 2010 жылы бастау алған. Әуелде тек 8 команда болды. Бүгінде команда саны күрт өсті. Астананың өзінде ғана 150-ден астам ұжым бар. Лигамыздың филиалдары Қазақстанның барлық қаласында ашылған. Қарағандыда 100-ден астам команда ойнайды. Деңгей жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, осы чемпионатта кубокті иеленген «Күнту» командасы үш жыл қатарынан финалға шықты. Осы жолы ғана жеңімпаз атанды. Осындай жеңіске құштар ойыншылар көп және соған қуанамыз, – деді Қазақстан әуесқой футзал лигасының ұйымдастырушысы Нұридин Иса.

Әуесқойлар лигасы елімізде кеңінен танылған. Бұл – бұқаралық спорттың қарқынды түрде дамып келе жатқанын айғақтайтыны сөзсіз.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button