Басты тақырып

Қуат көзі – жел мен күн

   Аймақта тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылығы инфра­құрылымы мен жылу, су желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат БЕГІМОВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта елімізде халықтың өмір сүру жағдайын көтеруге және коммуналдық инфрақұрылым жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда. Оның ішінде, бүгінде мемлекет тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Түрлі реформалар жүргізіліп, ком­муна­л­дық нысандар жаңаруда. Айта кетейін,  2011-2017 жылдар аралығында ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша 240-тан астам көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы бағдарлама аясында 18 тұрғын үй жөнделіп, 8 жеделсаты орнатылды. Өңіріміздегі 45 ауылдық елді мекенде, 2 кен орнында жерасты су қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстың қорытындысы желтоқсан айында белгілі болады. Бұдан бөлек, 4 табиғи монополия субъектісіне облыс қазынасынан ауызсумен қамтамасыз ету үшін 364598 мың теңге қаржы бөлінді. Елбасының тікелей тапсырмасымен қабылданып, бүгінде қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңартудың оңтайлы қадамы болып отыр. Бағдарлама бойынша, бүгіннің өзінде 33 елді мекеннің мәселесі шешілуде. Көп жылдан бері су тапшылығынан қиындық көрген Саяқ кентінің мәселесі де шешілмекші. Бұрын саяқтықтар 160 шақырымнан суды құбыр арқылы тасымалдап ішті. Судың өзі күніне бір мәрте берілетін. Саяқтың маңайынан бұрғылау жұмысын жүргізгенде су көзі табылды. Алдағы уақытта мұндағы елді таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – деді Қ.Бегімов.

Баспасөз мәслихаты барысында басқарма басшысы Қарағанды облысында күн және жел қуатымен жұмыс істейтін алты электр станциясы іске қосылатындығын айтты. Жел және күн энергиясы негізіндегі энергетикалық кешендерді көбейту жоспарда тұрғандығын да атап өтті. Бүгінде Саранда күн электр станциясының құрылысы басталыпты. Жоспарға сәйкес, алты станция 2020 жылдың соңына дейін іске қосылады. Жобалар жеке инвесторлармен қаржыландырылады. Айтулы жобалардың құрылысы мен пайдалануға беру үшін 163 млрд. теңге жұмсалады.

– Саран қаласында биылғы жылы қуаттылығы 100 МВт болатын Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясының құрылысы басталды. Жылына ол 145 миллион КВт қуат өндіретін болады. Осы сынды күн электр станциясы жоспар бойынша Шет ауданында, Ақадыр кентінің маңында салынады. Ол «КазСолар» ЖШС қаражатының есебінен салынатын станцияның қуаттылығы 50 МВт құрайды. Ал, Ақтоғай ауданы Гүлшат ауылында «КПМ-Дельта» ЖШС қуаттылығы 40 МВт болатын күн электр станциясы салынады. Сондай-ақ, қуаттылығы 10 МВт болатын жел электр станциясы Осакаров ауданындағы Осакаров кентінде орналастырылады. «Шаңырақ – 22» ЖШС қаржысы есебінен салынатын қуаттылығы 10 МВт болатын жел электр станциясы Қарқаралы ауданында салынады. Абай ауданында «Агрофирма Құрма» ЖШС биогазды құрылғы орнатады. Бұл станциялар өндіретін қуатты ҚР Энергетика министрлігі бір киловатты 32-36 теңгеден орталықтандырып сатып алуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, осы қуат көздері «KEGOК» желілері бойынша таратылмақшы. Мәселен, Қарағандыда бір киловатт 10-11 теңгені құрайды, – деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Қайрат Бегімов.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button