Уағыз дұрыс айтылса…
Әлеуметтік желілерде: «ҚМДБ «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасын қабылдады» – деп хабарлап жатыр. «Бұл құжаттың мақсаты – ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының бірізділігін қамтамасыз ету, дін қызметкерлеріне дініміздің құндылықтарын дұрыс бағытта дәріптеу үшін бағыт-бағдар беру, уағыз-насихат айтудың методикасына назар аудару және діни уағыз-насихаттың моделін қалыптастыру», – депті аталмыш ақпаратта. Дұрыс-ақ екен. Шынын айтсақ, осы уағыз мәселесі қоғамдағы интеллектуалды топтар арасында біраз жылдардан бері көтеріліп келе жатқанын білеміз. Оған не себеп?
Ең бірінші себеп, уағыз арқылы ел ішінде теріс діни ағымдардың насихатталуы. Жоғарыдағы тұғырнаманың қабылдануына да осы мәселе түрткі болса керек.
Екіншісі, өзіміз күнде куә болып жүрген жайт. Өмірінде бір кітапты бастан-аяқ оқып шықпаған шала сауатты, араб әліпбиі түгілі, кириллицаны ежелеп оқитын кейбір адамдар ойына келгенін сапырып, қалың елдің алдында уағыз айтып тұрады. Осыны тыңдап отырып, өзің ұяласың.
Сондай-ақ, ораза, құрбан айты уақыттарында дұға оқитын молда жетіспей қалады да, кей үйлер медреседе оқитын жас балаларды шақырып әкеліп оқытады. Әлгі балалар да отыра салып, бірден уағыз айтуға кіріседі, ыңғайсыз-ақ көрініс. «Мынау бірдеңені бүлдіріп қоймаса екен» деп отырасың іштей қыпылықтап.
Сондай оқиғаға анау бір жылдары өзім куә болғам. Бір отырыста жасы үлкен кейуаналар медресе бітіріп келген жас имамға «Қарағым, уағызың болса айта отыр» деген. Әлгі бала тамағын кенеп алып, «Исламда ғұсыл деген болады» деп бастады. Ішім қылп ете қалды. Жасы он тоғыз-жиырмадағы жігіттің 70-80-дегі әжелерге ғұсыл жайлы әңгімелеуі біртүрлі оғаш-ақ, әрі тәрбиесіздік. Бірақ, оған қарап жатқан әлгі бала жоқ…
Әрине, уағыз айтылмасын демейміз, айтылсын. Бірақ ол тыңдаушыға тағылым, тәрбие беретіндей, ой салатындай деңгейде, бір тартымды мысалдар келтіріліп айтылса ғой. Ал, біздің әр жаназа мен ас үстінде тыңдап жүрген уағызымыздың бәрі бір сарынды: намаз оқу керек, ауыз бекіту керек, ақыреттегі күніңді ойлау керек, т.б. Бұны уағыз айтпай-ақ әрбір мұсылман баласы біледі. Енді осы сөздер ел жиналған жерде қайталап айтыла бергесін, кәдімгідей қадірі кетеді екен. Көріп жүрем, халықтың көбі тыңдамай, телефондарын шұқылап, өзара күңкілдесіп, өз беттерімен сөйлесіп отырады. Сосын, ол уағызда қандай қадір-қасиет қалады?
Уағыз жөніндегі орынды пікірді осыдан он шақты жыл бұрын сол кездегі Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының аузынан естіп едім. Баянауылда өткен бір шараға Бас мүфти де келіп, сол араға жиналған облыс көлеміндегі имамдармен шағын жиын өткізді. Осы кісі не дер екен деп, біз де барып қатыстық. Сол арада Бас мүфтидің сөзін тыңдап отырып, кәдімгідей риза болдым. «Әй, имам бауырлар, – деді ол. – Сендер отырған жерде бас салып, уағыз айта бастайсыңдар. Намаз оқымасаңдар, тозаққа барасыңдар деп елді қорқытасыңдар. Сол себептен сендерді қазір мектептер де шақырмай қойды. Кез келген жерде уағыз айта бермеңдер, оның да айтылатын жері бар, соны байқаңдар. Сендер баламен балаша, үлкенмен үлкенше, ғалыммен ғалымша сөйлесіп үйреніңдер», – деген. Осыдан артық қалай айтуға болады.
Дін маманы болмасақ та, жалпы оқып, ізденіп, өзімізше діннің теориясынан, басқадай қағидаларынан хабардар болып жүреміз. Кешегі бір замандарда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Садуақас (Сәкен халфе) Ғылмани, басқа да ғұламалар ислам дінінің қатып қалған догма емес, ғылым мен білім екенін дәлелдеу үшін әрекет етіп кеткен. Бірақ бүгін біздер ХХI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, исламды әлі де догма деп түсінеміз.
Бүгінде шешуін ғылым таппаған небір құбылыстар мен жұмбақтардың жауабы Құраннан табылып жатқаны әркімге аян. Егер имамдар уағыз айтарда осыларды мысал етіп: «Әлемде жауабы табылмаған жұмбақ құбылыстар, ғылымның әр саласындағы (медицина, биология, физика, т.б.) бұрын құпия болып келген жайлар Құранның пәленінші сүресінде, пәленінші аятында айтылған», – деп содан мысалдар келтіріп әңгімелесе, халықтың уағызға деген қызығушылығы да артар еді. Және ел ішінде қасиетті Құран Кәрім мен ислам дінінің беделі де көтерілер еді. Халық исламның тек дін ғана емес, ілім, ғылым екенін түсінер еді.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.