Бас тақырыпКөзқарас

Уақытыңызды тиімді пайдаланып жүрсіз бе?

Бір жігіт туған күн кешіне, той-думанға барса, сыйлық алуға аса мән бермейді екен. Есесіне, барған жерінде шын көңілден тілегін айтып, кештің жақсы өтуіне атсалысып, соңына дейін отыратын көрінеді. Досы мұны байқап қалып, себебін білгісі келеді. Өзінен сұрауға ыңғайсызданып, ұстазына болған жайды жайып салады. Сонда ұстазы: «Сол досыңнан айырылма, ол сенің ең адал досың екен. Себебі, сыйлық әкелетін дос табылады, ал, саған шын пейілімен ең қымбат уақытын арнайтын досты табу қиын» депті.

 

Иә, уақыт – ең қымбат капитал. Оны тиімді пайдалану аса маңызды. Білгеніңді өмірде дұрыс пайдалансаң ғана ол білім болып есептеледі. Шындығында, біз көп нәрсені білеміз, алайда оған амал жасауға асықпаймыз. Уақытты жүйелеп, оны үнемді пайдалануды үйренбегенше, жетістікке жету жоқ. Кез келген салада белгілі бір биікті бағындырған адамнан сұраңыз, «уақытыңды үнемді пайдалан» дейді. Яғни, қажетсіз дүниеден бас тартып, алтын уақытты өз мақсатыңа жұмсау керек. Адам алдына бір үлкен мақсат қояды. Соған жету үшін оны сатыларға бөліп, әр сатыға міндеттер жүктейді. Жылға, айға, күнге, сағатқа деген сияқты. Демек, әр күніміздегі ұсақ-түйек әрекетіміздің өзі сол үлкен мақсатқа «теңізге тамған тамшыдай» жұмыс істеуі қажет.

Уақыттың қадіріне жету туралы қазір тренинг өткізушілер көп. Солардың айтып жүргенін бір ғасыр бұрын хакім Абай он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп «соқырға таяқ ұстатқандай» атап көрсеткен.

Ал, Абай айтқандай, тым болмаса айына не жылына бір рет өзімізден есеп алып жүрміз бе?

Өмір – өте қысқа. Адам өз қабілетіне, талантына қарай сол салада белгілі бір шыңды бағындырып, сол арқылы қоғамға пайдалы болуды армандайды. Миымыз көп дүниені тануға жетсе де, алдында не болатынын білмейді. Кез келген сәтте «өмір» сағатымыз тоқтап қалуы кәдік. Әр минутты тиімді пайдаланып, ізденіп, дүниенің сырына бойлап, өмірдегі асыл мұратыңа жетуге бар күшіңді салу қажет.

Мәселен, бұрында мектепті 10 жыл оқыды. Алайда, сол 10 жылдықты бітірген адамның білімі қазіргі университет бітірген адамның білімінен артық болмаса, кем болмайтын. Маңыздысы аз уақытта – нәтижеге жету.

Еуропа елдерінде жұмыс уақыты – 6 сағат екен. Бізден 1 сағат ерте бастап, 2 сағат ерте аяқталады. Сонда да олар артта қалып жатқан жоқ. Керісінше, қарыштап дамып барады. Біз неғұрлым жұмыс пен оқудың уақытын созған сайын өзімізге мүлдем уақыт қалмай барады. Яғни, бұл еңбектің өнімділігін арттыру үшін жылдамдықты асырып, өзіңді соған бейімдеу деген сөз.

Ғылымда «Паркинсон заңдылығы» деген ұғым бар екен. Онда жайбарақаттық адамның дамуын тежейді. Мәселен, біз кейде 3 сағатта атқаратын жұмысты кешке дейін созамыз. Миымыз да соған бейімделген. Паркинсон заңдылығын пайдаланып, жылдамдықты асырсақ, сол істі 3 сағатта тындырып, қалған уақытта демалуға және басқа пайдалы дүниеге арнауға болады.

– Күнделікті әрекетімізге көз салып көрейік. Бір тәулікте 24 сағат бар. Оның 3 сағаты жолға, 8 сағаты жұмысқа, 1 сағаты тамаққа, 2 сағаты теледидар қарауға, 6 сағаты ұйқыға кетеді. Сонда 3-4 сағаты ғана өмірлік мұратымызға жұмыс істейді. Егер, жылдамдықты асырып, жоғарыдағылардан қажетсізін шегерсек, уақыт көбірек қалады. Демек, тынығу мен серуендеуге, жақындарға көңіл бөлуге болады. Жылдамдықты асыру «шала-шарпы әрекет ету» деген сөз емес. Адам өзін жинақылыққа, ұқыптылыққа, тиімді әрекетке баулуы керек, – дейді психолог Думан Нұрланұлы.

Ал, осы саланы зерттеп жүрген маман Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша, ғалымдар да жердегі уақыттың қысқарып бара жатқанына алаңдайды екен. «Шамамен 30 жылдай бұрын жердің айналыс өрісі 7 герцке тең болған. Қазір бұл 18 герцке тең екен. Демек, жер осыдан 30 жыл бұрынғыдан шамамен 2,5 есе жылдам айнала бастаған. Сағаттың өзгермеуі жердің еріксіз тербелісіне тәуелді болғандықтан, байқалмайды екен. Шындығында, 30 жыл бұрынғы тәуліктегі 24 сағат, қазір 18 сағатқа тең.

Демек, уақытты тиімді пайдалануға баса назар аудару керек. Ол үшін 3 күн бойы әр адам өзінің уақытты қалай пайдаланып жүргеніне шағын зерттеу жүргізсе жеткілікті. Содан қорытынды шығарып, зияндысынан бас тартып, уақытты ұтымды пайдаланған жөн» – дейді ол.

Демек, адам уақытын тиімді пайдаланбаса, жетістікке жетуі қиын.

Сөз соңында қазір жиі айтылатын күнді тиімді өткізудің 4 тәсілін ұсынайық. Алғашқысы – ерте жатып, ерте тұру. «Ерте тұрған жігіттің бір ісі артық» болмақ. Күні бойғы шаруаңызды 2 сағатта атқарасыз. Екіншісі – кешкісін ертеңгі күнді жоспарлау, ең ауыр деген жұмысты алдымен орындау. Ал, қалғанын еркін жүріп атқаруға болады. Маңыздысы күннің 60%-ын ғана жоспарлап, 40%-ын бос қалдыру. Өйткені, аяқ астынан килігетін шаруалар болады және атқаратын жұмыстар созылып кетуі мүмкін. Үшіншісі – әр сағат сайын 10 минут үзіліс жасау. Ол миды шаршатпай, жұмыс өнімділігін арттырады. Төртіншісі – әлеуметтік желі мен интернет ақтаруды азайту және оған күннің белгілі бір уақытын ғана арнау.

Дүниенің бар сырына қанып, оның жалған әрі қысқа екенін сезініп, өзін қамшылап талай биікті бағындырған ғұлама-ғалымдар мен ақын-жазушылар да уақыттың ең қымбат капитал екенін жазып, жырлап өтті. Ендеше, сөз басында айтқанымыздай, бізге сыйлық бергеннен гөрі алтын уақытын қиып арнай алатын достардың қадірін білейік. Уақытты тиімді пайдаланып, ертең өкінбестің амалын қылайық. Уақыт – аманат, әр өткен минут ешқашан қайтып келмейді. Осы дүнием арқылы алтын уақытыңызды ұрласам, айыпқа бұйырмағайсыз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button