ЖаңалықтарМәселе

Уақытпен үндескен үйлесім

«Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына өзінің сүбелі үлесін қосуда. Қала мен ауылдық елді мекендерде пошта және қаржы қызметін көрсетуде сенімді оператор ретінде өзін танытып үлгерді. 1993 жылдың қазан айында байланыс торабынан бөлініп шығып, дербес әлеуметтік құрылымға айналды. 1999 жылы акционерлік қоғам болып құрылып, қызметімен ел аумағын қамтитын ұлттық операторға айналды. Дамудың даңғыл жолынан өткен «Қазпошта» бүгінде қала, аудан-ауылдарда пошталық, қаржылық және логистикалық бағыттағы қызметті мойнына алған. Аймақтағы филиалға қарасты ірі 13 бөлімше әлеуметке сапалы да, қолайлы қызмет түрлерін көрсетіп келеді.

2004 жылы бөлімше ресми түрде «Қазпошта» АҚ-ның облыс­тық филиалы болып бекітілді. Аймақтағы пошта индустриясы қазіргі таңда түбегейлі өзгерістер үстінде деп айтуға толық негіз бар. Электронды коммерция саласы дамыған, сәлемдеме жіберу көлемі өскен.

– Күнделікті тұтынушыға қажетті сапалы қызмет түрлерін көрсетуге баса назар аударып келеміз. Алдымен, облыс халқына кең көлемде қаржы қызметін көрсетеміз. Коммуналдық төлемдердің барлық түрлері, шоттар бойынша қызмет көрсету, ақша аударымдары, валюта айырбастау, екінші деңгейлі банктер қызметін қабылдау, сондай-ақ, түрлі айыппұлдар төлеу қызметтері бар. Одан бөлек, жыл сайын жаңа технологиялар жетістігін де пайдаға жаратудамыз. 2014 жылы сәлемдеме жіберудің автоматтандырылған терминалы – «Постамат» енгізілді. 2015 жылы ел ішіндегі барлық бағыттар, кейіннен Ресей Федерациясы аумағы бойынша теміржол билеттері сатыла бастады. 2016 жылы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында авиабилеттерді сатуды қолға алды. Жалпы, филиалдың дамуында жұмысына адал, түрлі қиындықтарға төтеп берген қызметкерлердің еңбегі зор, – дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ғылымбек Орынбекұлы.

Аймақ филиалы қаржылық, агенттік және пошталық қызметтерді жүзеге асыруда. Қаржылық қызметке түрлі төлемдер қабылдау мен ақша айырбастау және аударымдар кіреді. Агенттік қызмет – екінші деңгейлі банктер арқылы тұтынушыға несие рәсімдеу. Ал, пошталық қызмет арқылы сәлемдемелер, онлайн коммерция қызмет түрлері көрсетіледі.

Бүгінде «Қазпоштаның» стратегиялық жоспары аясында модернизациялау, трансформациялау жұмыстары кеңінен қанат жайып, нәтижесінде пошта қызметі қосымша қызметтермен толыққан. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында «Сәлемдеме супермаркеті» жобасы іске қосылды. Дербес қызмет көрсету алаңында тұтынушылар кез келген уақытта сәлемдемелер алып, жөнелтуге мүмкіндігі бар. Заманауи технологиялар негізінде e-kommerce қызметі белсенді дамытуда. Сондай-ақ, ірі жобалардың бірі – post.kz қызметі. Онлайн қызмет түріне негізделген. Яғни, мобильді қосымша арқылы сәлемдемелерді бақылауға мүмкіндік алады.

– «Қазпоштада» электронды пошта арқылы хат-хабарларды қабылдап және жөнелтуге негізделген гибридті электронды пошта, сәлемдеме, халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыруға болады. Жеделдетілген хаттарды қабылдау және жеткізу, жеделдетілген ақша аударымын жасайтын қызметтер де бар. Сонымен қатар, біздің кез келген бөлімшеде «Kaspi Gold» картасын да толықтыруға болады. Шағын сәлемдемелерден бастап, ірі көлемдегі тапсырыстарды жеткізуде тұтынушылар үддесінен шығып отырмыз. Қызметкерлер өз жұмыс­тарына асқан жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан, хат-хабар мен сәлем-сауқат жеткізуде басқалардан бәсіміз басым, – дейді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары.

Үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Елі­міздегі ұлттық пошта желісінің жалғыз операторы. Сонымен қатар, компания агенттік қызметтерді дамытуға басымдық беруде. Әсіресе, шалғай елді мекен тұрғындары үшін пошта қызметінің қолжетімділігін арттыруға баса мән беріп келеді. Мәселен, теміржол, әуе билеттерімен қатар екінші деңгейлі банктердің қызметін пайдалану үшін қалаға барып, уақыт жоғалтпайды. Жергілікті жердегі пошта қызметі арқылы жүзеге асырады.

– Бүгінде аймақтағы 121 бөлімше қызметі автоматтандырылған. Сол арқылы билеттер сату, автосақтандыруды жүзеге асыру, «Бірінші кредиттік бюро» қызметін алу, екінші деңгейлі банк өнімдерін ұсыну және «Отбасы банкінде» депозит рәсімдеу қызметін де көрсетіп келеміз. Тағы бір айта кететін жайт, «Қазпошта» арқылы онлайн сауда дамуда. Ірі онлайн сауда дүкендер желісінен тапсырыс берушілер қатары артқан. Электрондық ком­мерцияда сенімді компания ре­тінде танылып отыр, – дейді сату бөлімінің басшысы Зәуреш Түсіпова.

Қазіргі уақытта аймақта 33 банкомат жұмыс жасайды. Автоматтандырылған байланыс бөлімшелерінде 357 POS-терминалда төлем карталары бойынша қызмет көрсетіледі. 220-дан астам байланыс бөлімшелерінде 172 ұйым қызметкерлері жалақы, 5200 адам төлемақы, 63 492 адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. 22 пункте валюта сатып алу және сату қызметтері көрсетіледі.

«Қазпошта» АҚ – тек хат тасымалдау, қаржылық қызмет түрлерінен бөлек баспасөзге жаздыру науқанын ұйымдастыратын бірден-бір әлеуметтік құрылым. Жыл бойына оқырмандар санын арттыру мен оларға мерзімді басылымдарды дер кезінде жеткізуде еселі еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта қызмет көрсету аясын кеңейтуде жоспарлы міндеттерді жүзеге асырмақ.

Алыс пен жақынды бір-біріне берік байланыстырып, адам баласының күнделікті қажетіне жарап отырған пошта қызметі қоғамның қай саласында болсын алатын орны ерекше.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button