Уақыт талабына сәйкес
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты кезекті Жолдауында: «Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет» деп орынды атап өтті. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы бізге Басқарма төрағасы – университет ректорының міндетін атқарушы, PhD кандидаты Айжан Маратқызы Темербаева айтып берген еді.
– Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ел экономикасы үшін негізгі өңдеу өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі саналатын кен-металлургия кешенін дамытып жатқан өңірге жоғары білікті мамандар даярлайды. Бүгінгі кадрлар, бәрін болмаса да, көп нәрсені шешеді. Сондықтан да, кадр даярлау деңгейі қандай дәрежеде?
– Шын мәнінде, Қарағанды облысы Қазақстанның индустриялдық орталығы болып табылады. Бірақ, бұл – аймақта тек кеншілер мен металлургтерге ғана сұраныс бар дегенді білдірмейді. Облыс кәсіпорындарына көптеген салалардың мамандары – машина жасаушылар, энергетиктер, көлік мамандары, құрылысшылар, экономистер мен бағдарламашылар да қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жыл сайын біздің оқу орнымыздың дипломы бар жүздеген жас мамандары түрлі мемлекеттік, квази-мемлекеттік, жекеменшік ұйымдардың еңбек ұжымдарын толықтырып отырады.
– Сіздердің жоғары оқу орындарыңыз дайындаған мамандарға деген сұраныстың жоғары болуының себебі неде?
– Оның басты құпиясы – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті білім, ғылым және өндірістің интеграциясын күшейту арқасында өңірдің барлық негізгі өнеркәсіп салаларына сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда.
Бұл интеграция оқу орны базасында 15 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Корпоративтік университет» инновациялық-білім беру консорциумы аясында тиімді жүзеге асырылуда. Консорциум бүгінде 70-тен астам ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын біріктіретін болса, олардың ішінде ұлттық тау-кен металлургия кешенінің басты компаниялары: «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Nova Цинк», ЖШС, «Мaker» ЖШС және басқалары бар.
Консорциум кәсіпорындарында жұмыс істейтін бітіруші кафедралардың 60-тан астам филиалында жүзеге асырылатын оқу процесіне жыл сайын 300-ден астам жетекші өндіріс мамандары қатысады. Кәсіпорындардың бірінші басшыларының келісімі бойынша элективті пәндер каталогтары жыл сайын жаңартылып отырады. Өнеркәсіптік компаниялардың демеушілік көмегі есебінен ЖОО-ның оқу-зертханалық базасы үнемі заманауи жабдықтармен және бағдарламалық кешендермен жаңартылып келеді. Университеттің жұмысшы кәсіптері орталықтарында студенттер қосымша сұранысқа ие мамандықтар бойынша қолданбалы біліктілікке ие болады, бұл олардың штаттық жұмыс орындарында кәсіби тәжірибеден өтуіне және өндірістік жағдайларға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Университет ғалымдары кәсіпорындармен бірлесе отырып, инновациялық ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асырады, мамандарды даярлау процесінде оларды кейіннен өндіріске енгізеді. Оқу орнының кәсіпорындармен ғылыми-техникалық ынтымақтастығының негізгі бағыты – өндірісті технологиялық жаңғырту бойынша бірлескен инновациялық жобаларды орындауы. Атап айтқанда, металлургия саласында ыстыққа шыдамды және тозуға төзімді материалдар өндіру және өңдеу, қорытпалар алу, пайдалану қасиеттері жоғары технологиялық жабдықтардың бөлшектері мен қорғаныш жабындыларын дайындау технологиялары әзірленіп, өнеркәсіпке енгізілді. Осындай өзекті әзірлемелері үшін университет ғалымдарының бір тобы ҚР әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Жоғары оқу орнының беделді ғылыми мектептерінің базасында магистратура мен PhD докторантураның 40-тан астам білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру аясында мамандар даярланады, философия докторы ғылыми дәрежесін беруге арналған диссертациялық кеңестер жұмыс істейді.
– Оқу-зертханалық базасында және біз білетін әлемдік деңгейдегі өнеркәсіптік серіктестермен цифрлық өндіріс үшін озық мамандарды даярлауда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл процесс жайлы не айтар едіңіз?
– Цифрлық өндірістің қарқынды дамуына байланысты жаңа және инновациялық білім беру бағдарламалары Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-да индустрияны дамытудың перспективалық бағыттары бойынша икемді және кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағдарланады. 2018 жылдың өзінде оқу орнының «Цифрлық университет» моделіне көшу тұжырымдамасын іске асыру аясында университеттегі қызметтің процестерін толық цифрландыруды қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптастырылды. Барлық бизнес процестерді бақылау, талдау және басқару жұмыстары бойынша «Upgrade Center» мамандандырылған орталығы құрылды.
Университетте соңғы жылдары TOTAL, FESTO, Schneider Electric, Mitsubishi Electric, Leica Geosystems, Epam Systems және Fluor трансұлттық корпорацияларының қатысуымен құрылған инженерлік құзыреттілік орталықтары, сондай-ақ Cisco Желілік академиясы және IT-құзыреттілік орталығы, «EPAM Systems» R&D-зертханасы, Huawei академияның «ICT» зертханасы, өнеркәсіпті цифрландырудың негізгі бағыттары бойынша ғылыми білім беру кешендері табысты жұмыс істейді.
Ғылыми білім беру кешендері мен құзыреттілік орталықтары әлемдік деңгейдегі жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жарақталған, бұл болашақ мамандарға халықаралық стандарттар негізінде өнеркәсіптік цифрландырудың өзекті бағыттары бойынша қажетті білім мен дағдыларды алуға, инновациялық жобаларды әзірлеуге және іске асыруға, университеттің өзіндегі Вusiness Skills Park алаңында стартаптар құруға мүмкіндік береді.
– Көптеген жоғары оқу орындары халықаралық білім беру жобаларына қатысады. Бұл бағытта ҚарТУ қандай жетістіктерге жетті?
– Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ынтымақтастық туралы шарттар шеңберінде АҚШ, Еуроодақ, Канада, Ресей, Қытай және басқа да елдердің жетекші университеттерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Erasmus+, SINERGY, ШЫҰ Университеті, Конфуций институты сияқты халықаралық білім беру жобаларына белсенді қатысады. Мәселен, 2006 жылдан бастап, ЖОО «Sinergy» халықаралық ғылыми-білім беру жобасының белсенді қатысушысы болып табылады. Жоба әлемдік көшбасшыларының бірі «Festo» трансұлттық компаниясының (Аустрия, Германия) – «Индустрия 4.0» және 53 елді біріктіретін daaam (Аустрия) өнеркәсібіндегі автоматтандыру жөніндегі халықаралық ұйымның қолдауымен орындалады.
– Ал, сіздерде өңірдің жетекші кәсіпорындарымен серіктестікте жаңа және инновациялық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибесі бар ма?
– Университет өндірістік серіктестермен бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің тізіліміне енгізілген өндірістік процестерді, кен ісіндегі, машина жасаудағы, энергетикадағы, телекоммуникациядағы, көліктегі, құрылыстағы және тіпті, медицинадағы цифрлық технологияларды басқару жүйелерін цифрландыруға байланысты ондаған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірледі және жүзеге асырады. «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ-мен бірлесіп іске асырылатын «IT-медицина» инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша 2023 жылы алғашқы түлектері шығарылды.
Университет цифрлық дәуірдегі инженерлік кадрлардағы өндіріс қажеттіліктеріне тез бейімделе алады. Бізде бакалавриат пен бейіндік магистратураның өзекті білім беру бағдарламалары аясында «ЖОО – Кәсіпорын – Білім алушы» үшжақты шарттары ауқымында кәсіпорындардың нысаналы сұраныстары бойынша 1000-нан астам маман даярлау жөнінен айтарлықтай табысты тәжірибесі бар.
ЖОО-ның өңір кәсіпорындарымен осындай нәтижелі әріптестігі және түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары деңгейін қамтамасыз ететіндігі сөзсіз. Соңғы статистикаға сәйкес, ҚарТУ түлектерінің 90%-дан астамы қалаған жұмыс орнына бір жыл ішінде орналасады.
Сөйтіп, Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ұжымының қызметі өңірдің инновациялық өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға және кәсіпорындармен тығыз әрі өнімді әріптестікте жоғары білікті инженерлік кадрларға өндіріс қажеттілігін қамтамасыз етуіне, оның экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Әңгімелескен Николай КРАВЕЦ.