Жаңалықтар

Тылсымның тілін ұққан жүрек

Ғаламды жаратқан Жаратушының құдіреті жұмыр басты пенденің басына тұтастай түсе салса, нендей хәлге тап боларымыз сол Жаратушының өзіне ғана аян. Оның сәулесі бізге Пайғамбарлар мен Әулиелер арқылы жетті. Олар Құдайдың нұрын жүрегіне сіңіріп, сол нұрды адамзат баласы түсінетін сөзге айналдырды. Кеудемізге ар-ұяттың, махаббаттың отын жақты. Музыка да көзге көрінбейтін, қолға ұстатпайтын құдіретпен тілдестіретін тылсым тіл секілді. Кеудеңдегі ізгіліктің шоғын үрлейтін самал жел. Оркестр алдындағы дирижер де өзінше бір Пайғамбар. Қаншама музыкалық аспаптардан тараған құдіретті әуендерді, жан-жақтан тасқындаған алапат қуатты тұла бойынан өткізіп, бір толқынға біріктіріп, артындағы тыңдарманға жүрегімен тыңдатып тұрғандай болады. Қарағандыда «Жусаннан аласа, бетегеден биік» мінезі һәм болмысы шертпе күйдің өзіндей талантты дирижер бар. Ол – Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз Абуғалисын Шоқанбаев. Биыл 70 жасқа толып отыр.

Қазақ музыкасының даңқын аспандатып жүрген Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі репертуарының 90%-ын осы Абуғалисын Шоқанбаев жасақтаған. Репертуардың басым бөлігі жан дүниеңдегі мұңыңды әлдилейтін, қоңыр тірліктің қоңыр кешінде қоңыр ойға батыратын Арқаның шертпе күйінен тұрады. Өксігіңді ақтарып, сарғайған сағынышыңды басатын, жалғаннан опа таппай бұлқынған жаныңды жұбататын шертпе күйі қазақтың. Оркестрдің ерекшелігі – осы. Талантты дирижер Тәттімбет, Сембек, Әбди, Қыздарбек, Тоқа, Аққыз, Мағауия, Әшімтай секілді ғаламат таланттардың шығармаларын оркестрмен өзгеше жаңғыртып, басқа биікке көтеріп жүр. Ал, таулары мен төбелері асау толқындарға ұқсаған сары даланы ой кемесімен аралатқан шертпе күйді домбыраға табиғаты жат аспаптар арқылы құлпырту үшін қандай түйсік, нендей жүрек керек? Осыны ойлап отырып, дирижерлық – Тәңірдің өзінен ғана қонатын қасиетті өнер екенін ұғынасың. Қазақстанда репертуарының 90%-ы шертпе күймен толыққан бірде бір оркестр жоғын ескеріңіз. Тіпті, «Шертпе күйді оркестрге салу мүмкін емес» деген домбырашылар да болған. Осы тұрғыдан алғанда, Абуғалисын Шоқанбаев Арқадағы күй мектебінің бағына жаралған дарын екені даусыз.

Талант адамға топырақтан дариды дейді. Абуғалисын Шоқанбаев ер Мәди өткен, дауылпаз ақын Қасым туған Қарқаралы топырағында дүниеге келген. Паң Темірші мен Кент, Қызыларай тауларының қамқорлығында өскен айдарлы ұл.

Адамның тұлға болып қалыптасуына, бойындағы қайнар көзінің ашылуына өскен ортасы, білім берген ұстаздары сеп болары анық. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбыра сыныбында әйгілі КСРО Халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиевтан, Мәкәлім Қойшыбаевтан, Кенжебек Күмісбековтерден дәріс алған. Сонда оқып жүріп қазақтың әйгілі күйшісі, композиторы, дирижері, Қазақ КСР Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің көзін көргені, тәжірибелік сабақтарына қатысқаны кеудесіндегі жанартауды оятқандай. Әруақты қазақтың жарығы ғұмыр жолын тауып бергендей. Абуғалисын Шоқанбаев «Дирижерлықты Алдаберген Мырзабеков оқытты. Сол жылы тәжірибе жинасын деп Құрманғазы атындағы оркестрге жұмысқа алды. Бұл шығармашылығыма, жалпы өмір жолыма әсерін берді. Ұжымда атақты дирижерлер, өнерпаздар еңбек етті. Әсіресе, қазақтың әйгілі дирижері, Қазақ КСР Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің оркестр дайындығына келгені біз үшін ең жарқын, аяулы сәттер еді. Нұрекеңнің жұмыс істеу стилі ерекше. Әрқайсымыздың жанымызға үңіле білді. Бойдағы қуаты төңірегіне шашылып тұратын. Сөйлегенін, тұрысын, бәрін кірпік қақпай тамашалап отыратынбыз. «Махамбет» күйін орындағанда, тылсым әлемге сапарлап кететінбіз. Орындайтын шығармамызды жан-жақты талдап, болмысын түсіндіретін. Бір сөзбен айтқанда, Нұрекең кеудеміздегі музыкаға деген махаббат отын лаулатты. Сол от ғұмыр бойы алға жетелеп келе жатыр десем, артық айтқаным емес. Өмірімнің ең бақытты кезеңі еді, шіркін!», – дейді өзінің естелігінде.

Бір қарағанда, жіңішке таяқшаны алып, әрі-бері ырғағанның еш қиындығы жоқ секілді. Бірақ, мәнісін түсінген адам дирижер қолының қимылына қарап әуен толқындарының бәсеңдегенін, аспанға қарғығанын сезінеді. Бейне бір дауылды күні мұхит жағалауында тұрып, асау толқындарды билеп-төстеген Жаратқанның ерекше жаратылған ұлындай. Тек, асау толқындар оның қолына емес, жүрегіне бағынады. Бұл – музыка әлемінің тылсым толқындарын сезетін, тілін түсінетін жүрек. Ал, оркестрде отырған 65 музыкант – 65 түрлі дауыл. Әрқайсының өз мінезі бар. Қарапайым, әрі анықтамалық тілмен айтатын болсақ, неміс халқының ұлы дирижері Бруно Вальтерге жүгінеміз. Ол «Музыкада дирижер мамандығынан жарқын, этикалық жауапкершілігі мол мамандық жоқ. Ұлылықты түсініп, оны жеткізу үшін ұлы болу керек. Дирижер – ойдың билеушісі. Ол – музыкалық және адамзатты біріктіретін рухани идеялардың уағызшысы, бейнелеушісі», – дейді.

Абуғалисын Шоқанбаевты бабадан қалған асыл мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында еңбек етіп жүрген тұлға деп те танимыз. Қазақ музыкасына күш-қайратын, ғұмырын арнаған дирижер осы уақытқа дейін 8 кітап жазыпты. Анығын айтқанда, қазақтың шертпе күйлерін, өткен ғасырлардағы ел жадынан өшуге айналған композиторлардың туындылары мен халық әндерін нотаға түсірген. Әсіресе, Тоқырауынның бойындағы, Ақсу-Аюлыдағы, Жаңаарқадағы, Нұрадағы, Бұқар жырау төңірегіндегі ел естімеген, таралмаған күйлерді жинақтаған. Барлығы Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің репертуарына енген. Ол – қазақ музыкасын ұрпақтан ұрпақа жеткізу деген маңызы зор миссияны атқарушылардың бірі де бірегейі.

12 жыл Тәттімбет атындағы өнер колледжінде халық аспаптары бөлімін басқарды. 1994 жылы колледжде халық аспаптары бөлімінің жанынан дәстүрлі ән бөлімін ашты. Бөлімде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері марқұм Мейірхан Адамбеков ұстаздық қызмет атқарды. Колледжден бөлек, облыс бойынша халық аспаптары сыныптарының ашылуына ықпал етті.

«Тәңірімнің таңдауы маған түсті» дейді бір сұхбатында заңғар жазушы Мұхтар Мағауин. Абуғалисын Шоқанбаевты қазақ музыкасының, соның ішінде аса қастерлі шертпе күйдің бағына туған дегдар дарын деп мойындауға міндеттіміз. Оның жинақтаған күйлері мен халықтың жадынан ұмытылып бара жатқан Сарыарқаның гауһар әндері әлі талай ғасырға жететініне сенеміз. Қажет кезінде өзіңдей бір маңдайы жарқыраған ұл берер Тәңірі мына елге.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button